Аллаға махаббат
Аллаға махаббат
4 күн бұрын 887 islam.kz
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Мәліметтерге қарағанда бір адам сахарада бір ұсқынсыз бейнені көріп:

- Сен кімсің? - деп сұрапты.

- Мен сенің жаман амалдарыңмын, - деп жауап беріпті ол.

- Сенен құтылудың жолы бар ма? - дегенде, ол (ұсқынсыз бейне):

- Менен құтылудың жолы - Пайғамбарға салауат айту (саллаллаһу алейһи уә сәлләм), - депті. Алла елшісі (с.а.у.) айтқандай: «Маған салауат айту - сырат көпіріндегі нұр. Кім жұма күні маған сексен рет салауат айтса, оның сексен жылдық күнәсін Алла кешіреді».

Баяғыда бір адам болған екен. Ол Мұхаммед пайғамбарға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) салауат айтуды ұмыт қалдырады екен. Күндердің күнінде түсінде Мұхаммед пайғамбарды көріпті (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған мойнын бұрмапты. Сонда әлгі адам:

- Уа, Расулаллаһ! Сіз маған ашулысыз ба? - деп сұрайды.

- Жоқ, - дейді Ол (с.а.у.).

- Олай болса неге маған қарамайсыз? - дегенде, Алла елшісі (с.а.у.) оған:

- Өйткені мен сені танымаймын, - деп жауап береді.

- Қалай танымайсыз, мен сіздің үмбетіңіздің бірімін? - дейді әлгі адам. - Ғалымдар айтушы еді, сіз үмбетіңіздің әрбірін анасы баласын танығанынан да жақсы танисыз, деуші еді.

- Рас, солай. Бірақ сен мені салауат айтып еске алмайсың. Үмбетімді тануым - олардың маған айтқан салауатының мөлшерінше, - деген екен. Ұйқысынан ояна сала әлгі адам өз-өзіне күнде жүз рет салауат айтуды мойнына міндет деп алыпты. Және сол міндетін күнде тастамай орындап жүріпті. Күндердің бірінде Пайғамбарды (с.а.у.) түсінде тағы көреді. Түсінде Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оған: «Енді сені таныдым. Саған шапағат ететін боламын» деп айтыпты. Яғни, енді ол Пайғамбарды жақсы көрушілерден болды (саллаллаһу аля Мұхаммед уә аля Әли Мұхаммәд).

Алла Тағаланың Құрандағы: «Айт: «Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар...» («Әли Имран», 31 аят) деген аятының түсу себебі былай болған деседі: «Алла елшісі саллалаһу алейһи уә сәлләм Каъб ибн Әшраф пен оның жолдастарын (дінге) шақырған кезде олар: «Біз - Алланың балаларының деңгейіндеміз және біз Аллаға деген сүйіспеншіліктері ең қатты болғандармыз!»- дейді. Содан аталмыш аят түсіп, Жаратушы Хақ Тағала өзінің сүйікті елшісіне:

«Оларға айт: «егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған ілесіңдер!» - де»- деп бұйырады. Яғни, менің үйреткен дініме ілесіңдер, шынында Мен Алланың жіберген елшісімін. Мен Оның жолдауын және дәлелін сендерге жеткіземін. «Сонда Алла да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді. Алла Тағала өте кешірімді, ерекше мейірбан»- дейді аяттың жалғасында. («Әли Имран», 31 аят).

Демек, мүмін-мұсылмандардың Аллаға деген махаббаттары - Оның бұйрықтарын орындау және әміріне бойсұнып, разылығын іздеу екен. Ал Алла Тағаланың мүміндерге деген махаббаты - оларды мадақтап, істеріне сауап жазу және күнәларын кешіріп, оларға нығметін төгу, әрі, оларды өз панасына алып, (істерінде) тауфиқ беруі болып табылады.

Сүйгендігінің дәлелі - сүйгеніне мүләйім болу, оған қарсы келуден сақтану.

Бір күні атақты сопы Әбу Бәкір Шибилиге (р.а.) бір топ адамдар келіпті.

- Кім боласыңдар? - деп сұрапты Әбу Бәкір Шибили (р.а.).

- Сені сүйетіндерденбіз! - деп жауап беріпті олар. Әбу Бәкір Шибили болса, қолына тас алып келгендерді таспен ұрыпты. Олар қаша жөнеліпті. Сонда Әбу Бәкір Шибили оларға дауыстап:

- Қашып баратсыңдар ма!? Егер шын сүйетіндерден болғандарыңда, менен келер бәледен қашпас едіңдер! - деген екен. Сосын Шибили сөзін жалғап былай депті:

- Махаббат иелер - ұнату кесесінен шербет ішкеннен кейін жер мен ондағы қалалары тар келді. Олар Алланы шынайы танып, Оның ұлықтығында тентіреді. Құдіретіне таңданысты. Ал, махаббат кесесінен ішкеннен кейін бауыр басу теңізіне батып, мінәжәтінан ләззәт алды, - деп сипаттады. Артынан былай деп екі сөйлем өлең шұмағын оқыпты:

Махаббатты еске түсіргенде, уә, Жаратқан ием, ол мені мас қылды,
Көріп пе едің, мас емес сүйген жанды?!

Айтыстарына қарағанда түйе мас болса, қырық күн бойы жем жемейді екен және әдеттегіден бірнеше есе ауырлықта жүк артса да көтере беретін ұқсайды. Өйткені, ол махаббаты еске түскеннен кейін жүрегі толқып, жем-шөбін ұмытты және оған деген сағынышы ауыр салмақты сездірмеді. Ендеше, түйе екеш түйе де өзінің махаббаты үшін астан қалып, ауыр жүкті көтеріп жатқанда, сендер (пенделер) Алла үшін өздеріңнің нәпсі құмарлықтарыңды қоя алдыңдар ма? Алла үшін тамақ жеуден, су ішуден қалдыңдар ма (ораза ұстап)? Алла үшін (өмірдің, діннің) ауыр жүгін көтере алдыңдар ма? Осы айтқандарымның бірін де істемеген болсаңдар, сендердікі жәй, бос әңгіме. Не дүниеде пайдасы жоқ, не ақыретте пайдасы жоқ. Не адамдардың арасында пайдасы жоқ, не Жаратушының құзырында пайдасы жоқ.

Әзіреті Әли (кәррамә-Аллаһу уәжһәһ) былай деген:

«Кім пейішті аңсаса, ізгілікке асығады. Кім оттан қорықса, нәпсәни құмарлықтарын тыйяды. Кімге өлім айқындалса, ол үшін дүниелік ләззаттардың мәні жоғалады».

Ибраһим әл-Хауастан «махаббат» жайында сұрағанда, ол былай деді:

«Махаббат деген, бүкіл қалауларды өшіру, барлық сипаттар мен мұқтаждықтарды жою және өзін ишараттар теңізіне батыру» деген екен.


 Имам Ғазали (рахимаһуллаһ), «Мүкәшәфәтуль Құлуб». Араб тілінде.

Қазақшалаған А. Қасым.

 

 

0 пікір