Мәтуриди ғалымы Имам Нәсәфи (рахимаһуллаһ) былай дейді:
«Арабша «Алланың қолы бар» деп айтуға болады, ал парсы тілінде олай айтуға болмайды.
(Құранда және хадисте айтылған) Қол - Алла Тағаланың әзәли сипаттарынан болып табылады. Кәйфиетсіз (қандайсыз, кескін-кейіпсіз, сипаттамасыз) және «тәшбиһсіз» (жаратылыстардың қолына ұқсатуға болмайтын түрде).
Ол да (қол сипаты да) Алланың есту, көру, білу, құдреттілік, тірілік, қалау, кәләм сияқты сипаттары тәрізді. Алла Тағала естуші, бірақ есту үшін ағза керек емес, Алла құлақ ағзасынсыз естиді. Көзсіз көреді. Құралсыз біледі. Жүрексіз қалайды. Тілсіз, екі ерінсіз сөйлейді. Тура сол сияқты «Алланың қолы» дегендегі «қол» сипаты да Алланың әзәли сипаты, ол кескін-кейіпсіз, ештеңеге ұқсамайтын және ағза емес.
Біз «Алланың қолы» дегенді қабылдаймыз және оның астарында Алланың қандай мән мен мағына көздеп тұрған болса, біз соны қабылдаймыз, мойындаймыз (бірақ өзіміз оған сипаттама бермейміз, сол күйінше иман етіп, мағынасына терең үңілмейміз).
Мұғтәзилит ағымының өкілдері айтады: «Алланың қолы дегеннің мәні - «күшті», «құдретті», «нығметті» білдіреді дейді. Мәселе, Алла Тағаланың мына аяты: «Керісінше, Алла Тағаланың екі қолы ашық!»1. Осы аяттағы «екі қолы» деген аятты Мұғтәзилиттер : «Екі нығметі» деп тәпсірлеген.
Біздің ұстанымызша, аяттағы «Алланың қолы» дегенді «күш», «құдірет» деп түсіндіруге болмайды. Өйткені, Алла Тағала шайтанға былай деген еді:
«Менің екі қолыммен жаратқаныма сәжде жасауға саған не кедергі болды?»- деген болатын2.
Егер аяттағы «екі қолыммен» деген сөзін «күш, құдірет» деп алсақ, онда «екі күшпен, екі құдіретпен жараттым...» деген мағына шығар еді. Бұл дұрыс емес.
Себебі, Алланың күші мен құдіреті жалғыз, дара, ол түгесілмейді, ал жаратылыстардың қуаты түгеседі. Себебі біздің бойымыздағы (адамдардың) сипаттар «араз» (акциденция) болып саналады. Араздар - екі уақытта да бірдей тұрмайды.
Алла Тағаланың күш пен құдіреті «араз» емес. Сондықтан, Оның ол сипаттары кемімейді және түгесілмейді (ол мәңгі). Алланың Кәләм сипаты да сол. Алла бір кәләм (сипатымен) сөйлеуші, оның кәләмі түгесілмейді...»3.
Демек, Құран Кәрім және хадис шәрифтердегі Аллаға қатысты айтылған қолы, жүзі, заты деген сияқты сөздер - Алланың сипаттары болып табылады. Бірақ, олардың «кәйфиеті» яғни, «сипаттамасы» бізге белгісіз. Оған ақылымыз жетпейді. Осы тұрғыдан алғанда бұлар «мүтәшәбиһ» болып табылады, яғни, оның мәнін адамның толық және дәл ұғынуы мүмкін емес, тек ақиқат екендігіне сеніп, иман ету ғана міндет.
Мұндай сипаттарға ертеректегі ханафи ғұламалары: «Маълүмүн би-Аслиһи, Мүтәшәбиһун би-Уасфиһи», - деген.
Оның мағынасы: «Асылында бар екендігі - мәлім. Бірақ оның сипаттамасы - беймәлім». Яғни, Алла Тағаланың «қол», «жүз» деген сипаттары бар. Біз «Мұғтазилә» ағымы секілді «қолы жоқ, жүзі жоқ» демейміз. Бұлай десек, Алланың сипаттарын жоққа шығарған боламыз. Сондай-ақ, «Мүжәссима» ағымы секілді де ондай сипаттарға кескін-кейіп (бейне) беріп, оларды ағза ретінде түсінбейміз. Біз оны Алланың сипаттары деп сеніп, астарындағы мән-мағынасына терең үңілместен сол күйінше қабылдап, иман етеміз.
Аударып, дайындаған А. Қасым.
1 «Мәида», 64.
2 «Сод» сүресі, 75.
3 Имам Нәсәфи: «Бәхруль Кәләм». Араб тілінде.