Алданған дін ғалымдары (1 бөлім)
Алданған дін ғалымдары (1 бөлім)
2 жыл бұрын 4276
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Амалсыз ғалымдар

Дін ғалымдарының бір тобы бар, ақли және шариғи ілімдерді меңгеріп, шариғат ілімдерінде тереңдеді. Ілім оқумен шұғылданды. Бірақ дене мүшелерін қадағаламады. Ағзаларын күнәдан қорғамай, оларды Құдайға бойсұнушылыққа бағыттауда немқұрайдылық танытты. Осылайша, білімдерімен алданды. Өздерінің Алланың құзырында ерекше орынға ие екендіктеріне сенді. Олардың жеткен іліми жетістіктерге жеткендерді Алла Тағала жазаламайды деп ойлады. Тіпті, бұл ғалымдар өздерін қиямет күні халыққа шапағатшы болуға лайық көріп, ал өздерінің күнәләрі мен қателіктерін Алла Тағала сұрамайды деп нанды. Олар - алданғандар.

Егер ол ғалымдар көкірек көздерімен қарай білгенде, ілімнің өзі екі түрге бөлінетіндігін білер еді:

  1. Практикалық ілімдер (Мәміле ілімі).
  2. Алланы және Оның сипаттарын тану ілімі (Кәшф ілімі немесе мүкәшәфә).

Практикалық ілімдер көзделген мақсатты (немесе хикметтерді) тәмәмдәу үшін қажет. Ондағы мақсат - халал және харам танымы мен жақсы және жаман танымы негізінде мәміле жасау.

Аталмыш ғалымдардың мысалы - өзі сырқат бола тұра өзін емдемей, өзгені емдейтін дәрігерге ұқсайды. Тек нұсқаулық берумен дәрі ем бола ма? Әсте. Дәріні ыстығы көтерілген адам ішкенде ғана пайдасы тиеді.

Ол ғалымдар мына Алла Тағаланың сөзінен қаперсіз:

"Нәпсісін тазартқан адам жетістікке жетеді. Ал оны кірлеткен адам, сәтсіздікке ұшырайды"1Осы аятта былай деп тұрған жоқ қой: «Кім нәпсіні тазарту жолын білсе және оны жазса әрі адамдарға оны үйретсе» деп тұрған жоқ қой...

Және де олар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір сөзінен де қаперсіз:

«Кімнің ілімі артқанымен, һидаяты (туралығы) артпаса, оның тек Алладан алшақтауы ғана артады».

«Қиямет күні адамдардың ішіндегі азабы ең қаттысы - Алла Тағала оған ілімінің пайдасын тигізбеген адам». Осыған мағыналас хадистер баршылық.

Ондай ғалымдар - қатты алданғандар. Алла Тағала бізді олардың халіне түсіп қалудан сақтасын. Олардың бойында дүние сүйіспеншілігі, өз нәпсілерін жақсы көрушілік және өткінші дүниенің ләззәтын аңсаушылық басым. Осылай бола тұра, олар амалға асырмаса да алған ілімдері оларды ақыреттік азаптан аман алып қалады деп сенеді... (Жалғасы бар)


1  «Шәмс» сүресі, 9, 10 аяттар.

Абдусамат Қасым

 

0 пікір