"Ажал" түсінігі жайында бірер сөз (АҚИДА)
"Ажал" түсінігі жайында бірер сөз (АҚИДА)
4 жыл бұрын 9036
Имам Нуруддин ас-Сабуни (1184 ж.).

Әһли сүннә жолындағылар (Мәтуриди мәзхабындағылар) былай деген: Біреудің қолынан қаза тапқан адам – ажалымен өлген болып саналады. Оған одан басқа ажал жоқ (Пешенесіндегі «Ажалы» сол).

Осы орайда, өлтіру  – өлтірген адамның ісі, сол арқылы жүзеге асып отыр, ал өлу ісі болса, өлген адамда туындаған құбылыс. (Екі құбылысты да) Жаратқан Алла. Адам өлтірушіге берілетін (қысас) жазасы да оның ажалы.  

Мұғтазилит ағымындағылар болса былай деген: Өлтірілген адам – ажалы жетпей өліп отыр. Егер, біреу өлтірмегенде ол ажалына дейін (ажалы келгенше) өмір сүрер еді, дейді олар.

Осы тұрғыда, Әбул Қасым Кәъби[1] ол мәселе жайында былай дейді: Өлтірілген адамның екі ажалы бар. Біріншісі – біреудің оны өлтіру ажалы. Екіншісі – өлу ажалы. Кәъбиге қарағанда, біреудің қолынан өлген адам – мәйіт емес (яғни, өлу ажалымен өлмеген, өлтіру ажалымен өлген).

Бұл келтірілген көзқарастардың ішінде дұрысы - біздің айтқанымыз (яғни, бірінші көзқарас). Өйткені Алла Тағала пенделердің ажалына қатысты үкімді – оларға байланысты болатын нәрселерді біліп, (солай болуын) қалап, соған сай (ажалына қатысты үкімді) берген.

Егер, біреу бұған қарсы былай деп айтса: «Алла елшісі (с.а.у.): «Туыстық байланыс – өмірді ұзартады», - деген ғой. Ал, енді, адамда бір ғана ажал болатын болса, өмірінің артуы мүмкін болмай қалады емес пе?! – десе.

Біз оған былай деп жауап береміз: Хадистегі «өмірді ұзартады» деген сөздің мәні – өмірінің ұзаратынын Алла Тағала әзәлдан білген дегендік. (Яғни, туыстық қарым-қатынасын жақсартып, соның нәтижесінде өмірі ұзақ болатынын Алла Тағала ол адам жаратылмай тұрып білген). Егер де, туыстық қарым-қатынасы болмағанда, оның өмір сүру уақыты, мысалы, елу жыл болатын еді. Бірақ, Алла Тағала оның жақын туыстарымен қарым-қатынасын үзбейтіндігін алдын-ала білгендіктен, оның өмірі жетпіс жыл болып отыр. Осылайша, оның жетпіс жасқа жетіп, жетпіс жыл өмір сүретініне үкім етіліп, Алла (оның солай боларын) қалап қойған. Мысалдағы артық жиырма жыл, ол – туыстық байланыстан туындаған артық өмір деп айтсақ болады. (Оны Алла ол туылмай тұрып білгендіктен артығымен өмір сүретініне үкім еткен). Ал,  туыстық қарым-қатынасы болмағанда, оның өмірі елу жыл болатын еді, мысалы.


Қорытынды:

«Ажал» – «уақыт» және «өлшеулі мерзім» дегенді білдіреді. Ажал - әркімнің бұ дүниедегі дәм-тұзының таусылып, бақиға аттанатын сәті. Құран Кәрімде былай делінеді: "Барлық үмбеттің ажалы бар. Ажалдары келген кезде, бір сәт болсын кешіктіре де, ертелей де алмайды".  (Ағраф сүресі, 34 аят).

Әһли сүнна сенім негізі бойынша, әркім өз ажалымен өледі, мейлі біреудің қолынан қаза тауып өлген болсын, мейлі көлік қағып опат болған болсын, ол - ажалы келгендіктен қайтыс болып отыр. «Ажалынан бұрын өлді» деген сөз Ислам сенімі негізіне теріс. Бірақ, мысалы, адамның өміріне қастандық жасаған қылмыскер өз қылмысы үшін ауыр күнә табады. «Бәрібір өледі екен, менің кінәм жоқ» деп құтылып кету жоқ. Ол өзінің таңдау еркімен жасаған қылмысы үшін, бұ дүниеде де, о дүниеде де жауап беруі тиіс.  Сол үшін шариғатта «қысас» жазасы реттелген. 

 «әл-Бидәя фи Усулиддин» атты кітабынан.
Араб тілінен аударып, қысқаша қорытындысын жазған Абдусамат Қасым.


[1] Әбул Қасым Абдулла ибн Ахмад ибн Махмуд әл-Кәъби әл-Бәлһи. Милади 886-931 ж. Хижри: 273-319 ж. Хоросан. Мұғтазилия ағымының көшбасшыларының бірі. Кәъбия тармағының басы.

0 пікір