Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиетінің түсіндірмесі: Қабір азабы жайында (11-ереже, 1-бөлім.)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиетінің түсіндірмесі: Қабір азабы жайында (11-ереже, 1-бөлім.)
10 жыл бұрын 47613
Абдусамат Қасым

Бисмиллаһир рахманир рахим

әл-Уасия, ОН БІРІНШІ ЕРЕЖЕ: 
Қабір азабының еш күмәнсіз болатындығына сенеміз.
(1-бөлім)

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) былай дейді: 

والحادية عشرة: نُقرّ بأن عذاب القبر كائنٌ لا محالة، وسُؤالَ مُنكر ونكير حَقٌ، لورود الأحاديث.

  • Қабір азабының еш күмәнсіз болатындығына сенеміз. Және мүнкәр-нәкір періштелерінің сұрақтың астына алуы да да ақиқат. Өйткені, ол нәрселер хадистерде айтылған.

Түсіндірме:   

Әһли сүннет сенімі бойынша қабір өмірі бар. Онда Алланың бұйрығын орындап, тыйымынан тыйылып жүрген мүмін-мұсылмандар рахаттық көрсе, кәпір және кейбір күнәһар мұсылмандар азап шегеді. Қабір әлемі біздің ақылымыз жетпейтін құбылыстарға толы. Ондағы өмірдің егжей-тегжейін тек Құран аяттарынан немесе ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінен ғана біле аламыз.

Алла Елшісінің қабір азабы туралы айтылған хадистері баршылық. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде адам қайтыс болғаннан кейін, қабірде рухы денесіне қайта оралады да [1], содан соң екі періште оны отырғызып қойып сұрақ сұрайды делінген. Атап айтсақ, бір күні яһуди дінін ұстанатын бір әйел Айша анамыздың (р.а.) үйінде болады. Әлгі әйел сөз арасында қабір азабы туралы айтады да артынан:: «Алла сені қабір азабынан сақтасын», - дейді.  Қабір азабы туралы бұрын естімеген Айша анамыз Пайғамбарымыздан сол жайында сұрайды. Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Иә, қабір азабының бар екендігі ақиқат», - деп жауап береді. «Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) әр намазының соңында қабір азабынан Аллаға сыйынатын еді» - дейді Айша анамыз (р.а.) [1].  

Мүнкәр және Нәкір періштелеріне келер болсақ (арапша нұсқасында «нәкир» деп келеді), Тирмизиде келтірілген бір хадисте былай делінеді:

«Мәйіттің денесі қабірге қойылғаннан кейін, қара және көк түсті (көзді) екі періште келеді. Періштенің бірі – Мүнкәр, екіншісі Нәкір деп аталады. Ол екеуі (мүмін-мұсылман) адамнан былай деп сұрайды:

– Мына кісі жайында не айтасың (яғни, Мұхаммед пайғамбар жайында)?

– Ол – Алланың құлы әрі елшісі. Алладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін, –деп жауап береді. Сонда періштелер оған:

– Біз сенің осылай жауап беретініңді білген едік, – дейді. Мүмін-мұсылманның қабірі (ұзындығы және ені) жетпіс құлаш кеңейеді (арапша нұсқасында жетпіс тежетпіс делінген). Қабірі нұрға толып, жарқырайды...

Періштелер мұнафиқтан да дәл осы сұрақты сұрайды. Сонда мұнафиқ:

– Мен адамдардың айтқан сөздерін қайталап қана жүрдім. Ол кісінің кім екенін білмеймін, – деп жауап береді.

– Біз сенің солай айтатыныңды білген едік, – дейді қос періште. Осыдан кейін (Алла Тағала) жерге «тарыл» деп бұйырады. Бұл әмірден кейін жердің қысылатыны сонша, мұнафиқтың қабырғалары бір-біріне айқасып кіріп кетеді. Алла Тағала қабірден қайта шығарғанға дейін (қияметке дейін) қабір азабын тартып жатады[2].

– Қабірде сұраққа алынғанда рух денеге орала ма әлде рухтың өзі сұраққа тартылады ма?

– Ардақты Пайғамбарымыздың хадистерінде рухтың денеге қайта оралатындығы және қос періштенің қабірдегі адамды отырғызып қойып: «Раббың кім?», «дінің не?», «сендерге жіберілген кісі кім?», «оларды қайдан білдің?» деген сұрақтарды сұрайтындығы айтылады. Мүмін-мұсылман періштелердің қойған сұрағына жеңіл жауап беріп, Жаратушының жарылқауына кенеледі, ал, кәпір жауап бере алмай, қияметке дейін қабір азабына душар болады[3].

Осыған орай Имам Ағзам Әбу Ханифа да өзінің бір сөзінде: 

Қабірдегі Мүнкәр-Нәкірдің сұрақ сұрауы шындық. Және (сұрақ сұралу барысында) қабірдегі пенденің рухы денесіне оралатындығы да рас, – деген [4].

- Сұрақ сұраушы періштелерді неліктен «Мүнкәр-Нәкір» деп атаған?

– «Мүнкәр» және «Нәкір» сөздері араб тілінен қазақшаға аударғанда «ешкім танымайтын», «білмейтін», «бейтаныс» деген мағыналарға саяды. Қос періштенің осылай аталуының себебін ғалымдар былай деп жорамалдайды: 

Өлген кісі осыған дейін қос періштені білмеген, олардың бейнесіндей бейнені бұрын-соңды көрмеген. Ол үшін мүлдем бейтаныс жаратылыстар болып табылады. Сондықтан болар қос періштені «мүнкәр» және «нәкір» деп атаған[5].

– Қабірдегі рахаттықты немесе азапты сезуі үшін, мәйіттің рухы денесіне орала ма?

– Кәләмші Саъдуддин әт-Тәфтәзани былай деген:  

Қабірде рахатты көруі немесе азапты шегуі үшін Алла Тағала басқа бір күй жаратады. Бұл жерде рухының денесіне кіруі шарт емес... Тіпті өлі мүрдеде азаптың белгісі байқалмауы да мүмкін. Әрбірден соң, денесі суға батып көмілмей қалса немесе денесі хайуандарға жем болса да, қабір азабын (немесе қабір рахаттығын) көреді[6].

Мәтуриди ақидасы ғұламаларының бірі Әбу Муъин ән-Нәсәфи аталмыш сұраққа былай деп жауап береді:  

Жаратушымыз қайтыс болған адамға кәпір болса, азап шектіруі үшін, ал мүмін-мұсылман болса рахат көрсетуі үшін тірілтеді. Алла Тағаланың мына сөзі де соны меңзеп тұр: «Раббымыз, біздің екі рет жанымызды алып, екі рет тірілтті». Бұл құбылыс рухтың өлі денесіне қайта оралуы арқылы да болуы мүмкін немесе өлі денеге рухты оралтпай-ақ, өз алдына басқа бір күй жаратуы арқылы жүзеге асуы мүмкін. Бұл жайында ғалымдарымыз сөз етпеген...[7].

Қорытынды:

Тарихта өткен «Мұғтәзилә», «Нәджәрия», «Жәһмия» атты діни философиялық ағымдар қабір азабын, ондағы адамның сұраққа алынуын жоққа шығарған. Өйткені, олардың пайымдауынша әлгіндей құбылыстар ақылға теріс. Азап шегу үшін сана керек (ъилм), сана тек тірі адамда болады. Шіріп кеткен денеде «тіршілік» қайдан болсын. Демек азапты немесе рақатты сезуі мүмкін емес. Сондықтан, қабір азабының болатынын қабыл ете алмаймыз дейді. 

Дін мәселесінде Құран мен сахих хадистерге сүйенетін Әһли сүннет ғұламалары аталмыш ағымдағылардың күмәнді пікірлеріне былайша жауап береді: О дүниедегі жағдайларды ақылға салып, онсыз да шектеулі ақылымызбен ондағы құбылыстарды дөп басып тура айту мүмкін емес. Сондықтан, мұндай мәселеде ең дұрысы - Алла Тағаланың аяттары мен Пайғамбарымыздың сахих хадистеріне жүгіну болмақ. Алла Тағала Құранда шейіттер жайында сөз қозғай келе: «Алла жолында өлтірілгендерді өлді демеңдер. Олар тірі. Бірақ сендер сезбейсіңдер» [8], – десе, тағы бір аятта: «...Олар тірі әрі Раббыларының құзырында ризыққа бөленуде» [9], – дейді. Осы екі аят та о дүниеге аттанған адамдардабізге беймәлім бір тіршіліктің болатындығына ишара етіп тұр [10]. Оның үстіне қабір өмірі туралы әңгіме еткен сахих хадистер де аз емес. Осыдан келіп шығатыны – қабірдегі болатын жағдайларға сенуден басқа шарамыз жоқ.  Жалғасы бар...[11]


[1] Сахих Бухари – Китабул Иман, Бәбу исбәти Ъазабил Қабр.; Сахих Мүслім.
[2] Тирмизи – Бәбу Мә жә фи ъазабил Қабр - №1071 хадис.; Алиюл Қари – Мирқатул Мафәтих, Китабул Иман – Бәбул Исбәти Ъазабил Қабр. №130.
[3] Ахмед ибн Ханбәл – Мүснәду әл-ъашаратил Мубащара: «Әууәлу Муснадил куфиин», Хадису әл Барраи ибн Ъазиб,№18063, №18168 хадис.
[4] Әбу ханифа: Фиқһул Әкбәр, (Мула Али әл-Қаридің шархы) – 294 бет.
[5] Алиюл Қари – Мирқатул Мафәтих, Китабул Иман – Бәбул Исбәти Ъазабил Қабр. №130.
[6] Имам Тәфтәзани: Шарху Әл-Ъақидату ән-Нәсәфия – 67 бет
[7] Әбу Муъин ән-нәсәфи: Тәбсыратул Әдилла – 2/1034 бет. 2011 жыл.
[8] Бақара сүресі,154-аят.
[9] Әли Имран сүресі, 168-аят.
[10] Әбу Муъин ән-нәсәфи: Тәбсыратул Әдилла – 2/1036 бет. 2011 жыл.
[11]
Имам Ағзамның бұдан алдыңғы айтқан өсиеттерін оқығыңыз келсе, мына сілтемеге кіріңіз: http://islam.kz/kk/articles/aqida/ 

0 пікір