Әбу Ханифаның «әл-Уасия» атты ақида кітабының түсіндірмесі.
1-ЕРЕЖЕ/1-бөлім.
Ардақты шәкірттерім және бауырларым біліп жүріңдер, шынында «Әһлу сүннә уәл жамағат» жолы он екі ережеден тұрады. Кімде-кім осы ережелерден ауытқымаса, адаспайды (бидғатжолына түспейді), тура жолдан таймайды. Осы он екі ережені берік ұстаныңдар.Сонда мырзамыз Мұхаммедтің (салләллаһу алейһи уәссәләм) шапағатына қол жеткізесіңдер.
ИМАН – ТІЛМЕН АЙТЫП, ЖҮРЕКПЕН СЕНУ
(1-ЕРЕЖЕ/1-БӨЛІМ)
Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді:
• Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен сену (растау, құптау, яғни «тасдиқ»).
Түсіндірме:
Иман (إيمانّ) дегеніміз – сөздік мағынада «растау, сену, нану, илану» деген мағыналарға саяды. Юсуф сүресінің «Сен біздің айтқандарымызға сенуші емессің (мүмін емессің)» деген аятында, иман сөзі – «растау, сену, нану, илану» мағынасында қолданған.
Кәләмші (теология) ғалымдарының берген анықтамасы бойынша, иман, ол – Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Алладан жеткізген дүниелерін жүрекпен растау (құптау, нану, сену). Оны бір сөзбен «жүрекпен тасдиқ ету» дейді.
«Тасдиқ» сөзін ғалымдар былай түсіндіреді:
«Тасдиқ» – дін үкімін мойындау, оны қабыл ету және растау».
Яғни, Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне және періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға сенсе, сондай-ақ, намаз оқудың парыз екенін, шарап ішудің, зина жасаудың, өсімнің (риба) харам екенін, осы секілді бұлтартпас дәлелдермен бекітілген дін негіздерін шынайы мойындап, олардың ақиқаттығын жүрекпен растап, соған нанса, ол кісі мүмін–мұсылман болып есептеледі.
Демек иманның негізі – жүрекпен нану (сену, растау, құптау) болып табылады. Алайда, адамның ішкі жан-дүниесі Аллаға ғана мәлім екені белгілі. Сондықтан, біреуді мұсылман ретінде санауымыз үшін және оған мұсылманша мәміле жасауымыз үшін (мәселен, мұсылман қызбен некелесу, қайтыс болғанда мұсылманша жерлеу т.б.), іштегі сенімін сыртқа білдіруі қажет. Ол нәрсе тілмен айту арқылы жүзеге асады.
Имам Матуриди бұл жайында былай дейді:
«Негізінде иман – жүрекпен растау болып табылады. Алайда, жүректегі нәрсе бізге беймәлім болғандықтан оған көз жеткізу мүмкін емес. Сондықтан, шариғат жүректегі сенімді сөз жүзінде білдіруді қажет етеді. Бұл осы дүниеде мұсылманға қатысты шариғи үкімдердің орындалуы үшін қажет. Ендеше, жүрегімен сеніп, бірақ тілімен айтпаса, ол адам Алланың алдында – мүмін-мұсылман. Себебі, Алла жүректегіні білуші. Бірақ, осы дүниеде ол адамға мұсылманға қатысты шариғи үкімдер жүрмейді. Өйткені, біздің назарымызда мұсылман ретінде саналу үшін, жүректегі иманды тілмен де айтуы тиіс. Біз сыртқы көрінісіне қарай үкім береміз, ішкі жан-дүниесі Аллаға мәлім».
Демек, иман екі негізден тұрады: 1. Тілмен (өмірінде бір рет) айту; 2. жүрекпен растап, бекіту. Кімде-кім жүрегімен нанып, бірақ (себепсізден себепсіз) тілімен айтпайтын болса, ол адам өзгелердің алдында мүмін-мұсылман емес.
Имам Ағзам Әбу Ханифа әрі қарай былай дейді:
• Тек тілмен айтып қана қою – иман иесі болуы үшін жеткіліксіз. Өйткені, ондайларды «иманды» деп есептеген жағдайда, мұнафиқтардың бәрі мүмін, иманды болып саналатын еді. Бірақ Алла Тағала мұнафиқтар жайында: «Алла куәлік етеді, мұнафиқтар нағыз жалғаншылар», – деген (Мұнафиқун сүресі, 1-аят).
• Тура сол сияқты тек «білу» де (яғни, хабардар болып, бірақ сенбесе) «иман келтіру» болып саналмайды. Әйтпесе, кітап иелерінің (христиан, яһуди) барлығын мүмін-мұсылман дер едік. (Себебі, олар Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбар екенін біледі, бірақ мойындамайды, жүректерімен растамайды). Кітап иелері жайында Алла Тағала: «Бізден кітап барғандар (кітап иелері) өздерінің ұлдарын қалай білсе, (Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) сипатын) солай таниды...», – деген. (Бақара сүресі, 146-аят)
Түсіндірме:
Біріншіден, иман екі негізден тұратыны жоғарыда баяндалды. (Өмірінде бір рет) тілмен айту және жүрекпен растау. Іштей сенбей, тек тілімен ғана айтумен адам иман келтірген болып саналмайды. Өйткені, иманның негізгі мекені – тіл емес, жүрек. Құранда Алла Тағала: «Бәдәуилер: «Иман келтірдік» (мүмин болдық) деді. Оларға былай де: «Сендер иман келтірмедіңдер. Тек мұсылман болдық деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді...», – деу арқылы осы ақиқатты баяндауда (Хужурат сүресі, 14-аят).
Ондай адам біздің назарымызда – мұсылман, бірақ Алланың алдында – кәпір. Жазасы – (егер осы дүниеде тәубеге келмесе) мәңгі тозақ.
Ертеректе «Кәррамия» атты ағым болған. Олар: «иман келтіру үшін жүрекпен сену шарт емес, тілмен айту жеткілікті», – деген екен. Бұл тұжырым шынайы Ислам түсінігіне қайшы болғандықтан, Имам Ағзам осы мәселені арнайы тілге тиек етіп отыр. Егер тілмен айту жеткілікті болғанда, Алла Тағала ондайларды «өтірікшілер» деп өткір сынның астына алмас еді: «Алла куәлік етеді, мұнафиқтар – нағыз жалғаншылар» (Мұнафиқ сүресі).
Екіншіден, Исламды біліп, танып бірақ оған сенбесе, оның негіздерін қабыл етпесе, ол мүмін-мұсылман саналмайды. Мұсылман емес адам Ислам туралы зерттеп, дініміз жайында көптеген мағлұмат жинауы мүмкін. Бірақ, бұл әрекеті оны мүмін-мұсылман етпейді. Жүрегімен сол білгендерінің ақиқаттығына нанып, растағанда ғана иман келтірген болып саналады.
Ертеректе бой көрсеткен мұғтазилит ағымының білгірлері Жәһм мен Хусәйн ас-Салихи: «Кісі дін негіздерін білу арқылы да иманды бола алады», – деген. Олардың бұл пікірлері Исламға қайшы келгендіктен де Имам Ағзам жоғарыда аталған мәселеге назар аудартуда. Яғни, Имам ағзамның ақидасы бойынша, иманды болу үшін тек білу, тану жеткіліксіз, адам бұған қоса білген-түйгеніне іштей шын жүректен сеніп, ақиқаттығын мойындауы тиіс. (Жалғасы бар...)
________________________________________
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әкмәлуддин Мұхаммед Әл-Бәбәрти әл-Ханафи - Шарху Уасыяти Әби Ханифа. «Дарул фатх», 2009 ж.
2. Али ибн Султан Мұхаммед әл-Қари – Минах ар-Раудил әзхар фи Шархил Фиқһил Акбәр. «Дәрул Бәшәир әл-Исләмия». Бейрут-Ливан, 1998.
3. Әбу Хафс Омар ибн Исхақ Әл-Ғазнәуи әл-Һинди – Шарху ъақидатил Имам Ат-Тахауи. «Даратуль Караз». Мысыр, 2009 ж.
4. Саъдуддин Масъуд ибн Омар әт-Тәфтазани – Шарху ъақидатун Нәсәфия. «Мәктәбәтул Күллиятил Әзһария». 1988 ж.;
5.Ахмад ибн Махмуд Нуруддин Әс-Сабуни – әл-Бидаяту фи Усулид дин. Истамбул, 2011 ж.