Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Таразы және амал дәптердің оқылуы (11-ереже, 3-бөлім)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Таразы және амал дәптердің оқылуы (11-ереже, 3-бөлім)
10 жыл бұрын 10207
Абдусамат Қасым

Бисмиллаһир рахманир рахим

әл-Уасия, ОН БІРІНШІ ЕРЕЖЕ: 
Таразының растығына сенеміз
(3-бөлім)

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) былай дейді:

  • (Адамдардың амалдары тартылатын) Таразының растығына сенеміз. Оны Алла тағала айтқан: «Қиямет күнінде біз әділет таразысын құрамыз...», - деген. (Әнбия сүресі, 47-аят.).

  • Қияметте «амал дәптерлердің» оқылатыны - шындық.  Себебі, Алла тағала Құранда: «Оқы кітабыңды (амал дәптеріңді)! Бүгін өзіңе өзің куә боласың», - дейді. (Исра сүресі, 14-аят.).

Түсіндірме:

Әрдайым Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін бірінші кезекке қоятын Әһли Сүннет ғалымдары сырат көпірі, кәусәр бұлағы, шапағат сияқты Құран аяттары мен сахих хадистерде айтылған о дүниеде орын алатын құбылыстарға сенеді. Таразыға тарту да соның бірі. Өйткені таразыға тарту оқиғасы Құран аяттарында ашық баян етілген. Мысалы, Ағраф сүресінде:  «Қиямет күнінде пенделердің (амалдары) таразыға тартылары хақ. Кімнің таразысы ауыр басса, міне солар құтылғандар. Ал, кімнің таразысы жеңіл тартса, міне солар біздің аяттарымызға әділетсіздік еткендіктері үшін, қасіретке ұшырағандар», - делінген[1].

Қариға сүресінде: «Таразысы ауыр басқандардың тұрмыстары көңілді болады. Таразысы жеңіл тартқандардың тұрағы – һауия болады. Һәуияның не екенін білгің келе ме? Ол – жалындап жанған от», - дейді[2].

Мүмін-мұсылманның амал дәптері оң жағынан берілсе, ал, кәпірдің амал дәптері сол жағынан немесе арқасынан беріледі. Құранда былай делінген: «Ғамалнамасы оң жағынан берілген адам: «Міне, менің ғамалнамамды алыңдар, оқыңдар. Мен есеп беруге келетініме сөзсіз сенген болатынмын», - дейді (мақтанышпен)... Ғамалнамасы сол жағынан берілгендер: «Ғамалнамам берілмей-ақ қойса еді. Есебімнің қалай боларын білмегенім жақсы еді...», - дейді.». [3].

Тағы бір аятта: «Кімнің амал кітабы арқа жағынан берілсе...», - делінген.

Қорытынды:

Мұғтәзилит ағымдағылардың айтуы бойынша, қияметте таразы деген нәрсе жоқ. Құранда айтылған «таразы» сөзі - Алла тағаланың әділеттілігінің нышаны ретінде айтылады. Таразы пенденің жақсы мен жаман істерін білу үшін керек. Алла тағала онсыз да әр нәрсені білуші. Ол таразыға мұқтаж емес.

Оған жауап ретінде Әһли сүннет ғалымдары: Ұлы жаратушымыз әлдекімнің жақсылығы мен жамандығын мөлшерлеу үшін таразыға мұқтаж емес, оған күмәніміз жоқ. Бірақ, пенде өзінің бұ дүниеде істеген істерінің, о дүниеде әділ түрде өлшеніп, әділ үкім берілгендігіне көз жеткізуі тиіс. Сол үшін де таразының болуы заңдылық. Дегенмен, оның қандай көлемде, қалай орындалатыны бір Аллаға ғана мәлім. Жаратушымыздың айтқандарына мүлтіксіз сенеміз деді[4].  


[1] Ағраф сүресі, 8,9 – аят.
[2] Қариға сүресі.
[3] Хаққа сүресі, 16 аят.
[4] Имам Нәсәфи, «Бахрул кәләм», 238-239 беттер. 

4 пікір
  • Әссаләму алейкум, Islam.kz сайтының ұжымы! Сіздердің жұмыстарыңызға табыс тілей отырып, әл-Уасия бойынша 12 ережесі қашан шығатынын сұраймын.
    10 жыл бұрын
    • 12-ереже/1-бөлімді мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/articles/aqida/al-uasiya/abu-hanifanyn-aqidaga-qatysty-osieti-olgennen-keiin-qaita-tirilu-12-ereje-1-bolim-890/#gsc.tab=0
      10 жыл бұрын
  • Абдусамат Қасым мырза, Аллаһ разы болсын! Аллаһ сізге қуат берсін! Соңғы ереже ғой, енді қалған 2, 3 бөлімдермен аяқталатын шығар?
    10 жыл бұрын