Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Шапағат (12-ереже, 3-бөлім)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Шапағат (12-ереже, 3-бөлім)
9 жыл бұрын 18118
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

әл-Уәсия, ОН ЕКІНШІ ЕРЕЖЕ
(ІІІ-бөлім)

Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла одан риза болсын) былай дейді:

  • «Пейіш жұртшылығына жататын әрбір иманы бар мұсылмандарға, тіпті, ауыр күнә жасаған болса-дағы, Мұхаммед пайғамбарымыздың шапағат ететіндігі рас».  

Түсіндірме:

Имам Ағзам Әбу Ханифа өзінің «Фиқһул әкбәр» атты басқа бір кітабында:

«Пайғамбарлардың шапағат етулері ақиқат. Сондай-ақ, күнәһар мұсылмандарға және ауыр күнә жасап, Алланың жазасына душар болғандарға Мұхаммед пайғамбардың шапағат ететіні ақиқат әрі нақты»[1]- дейді.

«Шапағат» сөзі – араб тілінен енген сөз. Қазақ тілінде «шарапат» деп те қолданылады. Мағынасы: біреуге жасалатын қайырым, мейірім, жақсылық дегенге саяды[2].

Шапағаттың араб тіліндегі мағынасы - өзгеден өзге үшін жақсылық сұрау.

Қиямет күні Жаратушы Иеміз пайғамбарларға, әулие кісілерге, періштелерге күнәһар мүміндер үшін кешірім тілеп, оларға шапағат етулеріне рұқсат етеді. Құран Кәрімде Алла тағала, Мүддәсир сүресінде:

«Сонда оларға шапағатшылардың шапағаты пайда бермейді» - дейді[3].

Тағы бір аятта:

«Алланың құзырында оның рұқсатынсыз кім шапағат етеді?»[4] - делінген.

Осындай аяттар қияметте шапағаттың болатындығына дәлел.

Бұнымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.а.у) қиямет күні шапағат ететіні жайында айтқан хадистері баршылық. Шапағат жайында келген хадистердің көптігі соншалықты «мүтәуәтір» дәрежесіне жетеді делінген. Сондықтан, оған иман келтіруіміз шарт. Және де, шапағаттың ақиқаттығы жайында «ижма» бар.

(Мүтәуәтір хадис деп – пайғамбарымыздан бастап, соңғы естуші кісіге дейін өтірік деуге мұрша бермейтіндей көпшілік тарапынан жеткен риуаятты айтамыз. Мысалы, бес уақыт парыз намаздары, зекет беру т.б. Ижма – Ислам ғұламаларының шариғи бір үкімге байланысты ортақ көзқарасқа келуі.).

Сондай хадистердің бірінде былай делінеді:

«Әрбір пайғамбардың осы дүниеде бұлжытпастан қабыл болатын тілегі бар (немесе дұғасы бар). Мен өзімнің тілегімді қиямет күніне үмбетіме шапағат ретінде қолданайын деп қалдырдым»[5].

Тағы бір «мәшһүр» хадисте:

«Менің шапағатым үмбетімнің ішіндегі ауыр күнә жасағандарға болады», - делінген[6].

(Мәшһүр хадис деп – алғашқы буынғы (сахабалар кезеңі) риуаят етушілер саны аз болғанымен, одан кейінгі екінші және үшінші дәуірде, яғни, табиғин және атбәғут табиғин кезеңінде олардың саны күрт көбейіп, мүтәуәтір деңгейіне жеткен хадисті айтамыз).

Жүрегінде тарыдай иманы бола тұра, осы өмірде ауыр күнәларға барып, тәубе етпестен бақилыққа аттанған жандардан қиямет күні есеп-қисап алынып, тозаққа тасталып жатқан шақта Мұхаммед пайғамбарымыз олар үшін Алладан кешірім тілейді. Олардың күнәсін кешіріп, пейіштік етуін өтінеді. Сонда Жаратушымыз сүйікті елшісінің тілегін қабыл етіп, өзі қалаған пенделерінің күнәсін кешіріп, пейішке кіргізеді.

Қорытынды:

Ертеректе бой көрсеткен «мүғтәзилит» пен «харижит» ағымындағылар, қиямет күні күнәхарларға шапағат етілмейді деген. Өйткені, мүғтәзилиттердің сенімі бойынша, ауыр күнә жасап, тәубе етпестен қайтыс болған адамдар мәңгі тозаққа барады. Оларға ешкімнің шапағаты көмек бермейді. Ал, кіші күнә жасағандардың күнәларын Алла кешіреді деген. Харижиттер, күнә жасағандарды мүлдем кәпір деп есептеген. Иман келтірген болса да бәрібір. Сондықтан да, қиямет күні күнәһарларға шапағат етіледі дегенді қабыл етпеген.

Бұларға қарсы, Әһли сүннет ғалымдары, Алла өзі қалаған сүйікті құлына шапағат ету мүмкіндігін береді. Бұл нәрсе ашық аяттар мен хадистерде нақты айтылған. Оны жоққа шығару әбестік. Мұндай мәселеде нақты әрі қуатты дәлелдерді ту етуіміз керек деген. (Жалғасы бар)


[1] Әбу Ханифа: Фиқһул Әкбәр. Алиюль Қаридің шархы. 159 бет.
[2] Қазақ тілінің әмбебап сөздігі.
[3] Мүддәсир сүресі, 48-аят.
[4] Бақара сүресі, 255 аят.
[5] Сахих Бухари: Китабуд дағауат. №6304 хадис.
[6] Әбу Дәуід - №4739; Тирмизи - №2435 хадис.

4 пікір
  • Алладан рақым, Пайғамбардан (с.а.с.) шапағат нәсіп етсін Алла Тағала
    9 жыл бұрын
  • 1. Жүрегінде Алласы бар, бірақ намазды парыз деп білмесе, шапағатқа ие бола ма?
    2. Намазды парыз деп біліп, бірақ оны орындамаса да шапағатқа ие болады ма?
    9 жыл бұрын
    • 1.Намазды Алланың бұйырған парызы екендігін мойындамай, оны өтіріксінген адам мұсылман емес. Аллаға сенсе де. Өйткені, Ислам бұйрықтарын мойындамағанымен, Құдайға сенген өзге дін өкілдері бар. Олар шапағатқа ие болмайды.
      2. Ал, намаздың парыздығын мойындап, оқу керек екендігін растаған адам, оқымағаны үшін күнәһар. Бірақ күнәһар мұсылман. Қияметте шапағатқа Алланың қалауымен ілігуі мүмкін.
      9 жыл бұрын
  • Аллама мәңгілік шексіз шүкірлер,
    біздерді
    сондайсондаймбар үмметінен қы
    8 жыл бұрын