Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Амал иманнан бөлек және Тағдыр мәселесі (1-ереже/3-бөлім)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Амал иманнан бөлек және Тағдыр мәселесі (1-ереже/3-бөлім)
10 жыл бұрын 11049
Абдусамат Қасым
Әбу Ханифаның «әл-Уасия» атты  ақида  кітабының түсіндірмесі.
1-ереже/3-бөлім.

 

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) былай дейді:
- Амал иманнан, иман амалдан бөлек. Бұлай деуіміздің себебі, мүміннің уақытының көбі амалсыз өтеді (яғни, әр сәтінде жүзеге асыруы тиіс амалдар жүктелмеген. Міндеттелген амалдардың өздерінің белгілі уақыттары бар. Уақыты келмей тұрып, ол амалды орындамайды).  Ендеше, (амалсыз өткен сәттерінде) иманы да болмайды дей алмаймыз. 
Мысалы, хайызы келген әйелді Алла намаз оқу міндетінен босатқаны белгілі. Ал енді осыған қарап: «Алла ол әйелдің иманын жоқ етті немесе иманын тастасын деп әмір етті» деу дұрыс емес. Сондай-ақ, хайыз келген әйелге Алла тағала «Ораза ұстама, бірақ кейін қазасын өтейсің» деді, бірақ бұдан: «Иманыңды таста, бірақ кейін қазасын өтейсің» деген мағына шықпайды. Кедей кісіге зекет беру парыз емес, алайда кедей кісіге иманды болу парыз емес деп айта алмаймыз.

Түсіндірме:

Өткен дәрісімізде, «Мұсылманды қандай да бір күнә жасағаны үшін кәпір демейміз. Тіпті ауыр күнә жасаса да үкімі осы. Оны иман шеңберінен шығармай, шын мағынада мүмін-мұсылман деп есептейміз, бірақ ол күнәһәр мүмін болып саналады. Дегенмен кәпір емес. Әйтсе де, жасаған күнәсін халалға шығарса кәпір болады» дедік. 

Демек, иман мен амал бір емес, екеуі екі бөлек. Яғни, әлдекім иман келтіріп, бірақ діни бұйрықтарды орындамай жүрсе оны иман шеңберінен шығармаймыз.

Осы жерде бірінші болып, біздің елдегі намаз оқымайтын, алайда өзін Алланың құлы, Мұхаммедтің (ғ.с.) үмбеті деп санап, мұсылмандығын жасырмай жүрген қандастарымыздың жағдайы көз алдымызға елестейді. Намаз, ораза, зекет сияқты дін бұйрықтарын орындамағаны үшін Алланың алдында жауапқа тартылатыны анық, алайды олар кәпір емес.  

Алла тағала Құран аяттарының көбінде иман мен амалды бөлек етіп көрсеткен. Мысалы, Бақара сүресінде: «Ей иман еткендер! Бұрынғыларға парыз болғандай, сендерге де ораза парыз етілді», - делінсе, Юнус сүресінде суға тұншығып бара жатқан Перғауынның жаны алқымына келген тұста  тілін былайша кәлимаға келтіргені айтылады: «Шынында Исраил қауымының сенген Құдайынан өзге Құдай жоқ екендігіне иман еттім»[1].  

Имам Шафиғи сынды кейбір ғұламалар «Иман – жүрекпен растау, тілмен айту және дене ағзаларымен дін бұйрықтарын орындау (амал ету) болып табылады» деген. Әйтсе де, ғалымның бұл сөзі «иманның кәмілдігін» білдіреді. Өйткені, Имам Шафиғи (р.а.) дін бұйрықтарын орындамаған мұсылманды иман шеңберінен шығармаған[2]. 

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.):
- Тағдыр: жақсылық та, жамандық та бәрі (тақдир) Алладан. Кімде-кімжақсылық пен жамандықты Алла тағаладан басқа біреу белгілейді (яки жаратады) десе, Алла тағаланы жоққа шығарған кәпірге айналып, таухиді (Алланы жалғыз, серіксіз деп сенуі) бұзылады.

Түсіндірме:

Біріншіден - барлық жаратылыстың жаратушысы Алла Тағала екені даусыз. Жақсылық та, жамандық та Алладан. Осы орайда, Алла тек жақсылықты жаратады, ал жамандық өзгеден туындайды дейтіндер тарихта болған. Олардың бұл ойлары қате. Өйткені, жамандық та жаратылыстар санатына кіретіндіктен, оның да жаратушысы Алла болуы занды. Ал жамандықтың жаратушысы Алла Тағала емес деген сенімнің астарында, оны жарататын басқа Құдай бар дегендік жатыр. Бұл анық Аллаға серік қосу. Сондықтан, Әбу Ханифа (р.а.) ондай тұжырым иесін кәпір ретінде есептеген[3].

Кейбір діндерде жамандық құдайы және жақсылық құдайы деп бөледі. Мысалы, отқа табынушы мәжуси дінінде  жақсылық - нұрдың жаратуынан, жамандық - қараңғылықтың жаратуынан пайда болады-мыс. Ертеректе бой көрсеткен Мұғтазилит ағымы жақсылықты Алладан деп біліп, жамандықты басқа біреуге тиесілі еткен. Мұндай пікірлер Исламның тағдыр ұғымына теріс. Алла елшісі өзінің хадисінде «жамандық та, жақсылық та Алладан» деп ашық айтып отыр.

Екіншіден - аталмыш мәселе «тағдыр» ұғымына қатысты. Ислам дінінде тағдырға иман ету парыз. Тағдырды өтіріксіну – адасушылық.  Пайғамбарымыз ондайларды отқа табынушылармен қатар қойған[4]. Тағдырға сену – Исламдағы иман негіздерінің бірі.

Тағдыр деген, арапшадағы «тақдир» сөзінің қазақша нұсқасы. Оның сөздік мағынасы – бір нәрсенің мөлшерін, көлемін белгілеу дегенді білдіреді. 

Хадисші ғұлама, Хафиз Әбу Мухаммед әл-Хусайн ибн Мәсъуд әл-Бәғәуи өзінің «Шархус Сунна» атты бірнеше томнан тұратын еңбегінде тағдырға былайша анықтама береді:

«Тағдырға иман ету – парыз. Бұл дегеніміз, пенденің жақсы ісін де, жаман ісін де жаратқан бір Алла екеніне сену. Адамдардың іс-әрекеттерін  олар жаратылмай тұрып, «лаухул махфузға» жазып қойғанына сену. Әр нәрсе Алланың белгілеген  мөлшерлемесіне сәйкес әрі Оның қалауының нәтижесінде пайда болатындығына нану. Иман етіп, оның бұйрықтарына бой ұсынған жанға құдай разы болады әрі сауап уәде етеді. Құдай күпірлік пен қарсы келушілікке наразы болады. Ондайға берер жазасы бар. Тағдыр  – Алланың жасырын сыры. Оған періштелері де, адамдарға жіберілген пайғамбарлары да ортақ емес.  Тағдыр сырына ақылмен жетем деу қателік. Бізге жүктелген міндет – Ұлы Алланың адамдарды жаратып, екі топқа бөлгендігіне сену. Бірінші топтағыны рахымдылығымен пейіштік етті. Екінші топтағыларды әділдігімен тозақтық етті»[5].

Осы жерде «тағдырға» байланысты өзге ғұламалардың да айтқан анықтамаларына көз жүгіртелік:

Имам Мәтуридидің (р.а.) айтуы бойынша «қадар» немесе «тағдырдың» екі мағынасы бар:

  1. Тағдыр (қадар) деп -  жаманның жамандығын, жақсының жақсылығын, ақылдының ақылдылығын, ақымақтың ақымақтығын т.б. жасауды айтамыз (жасау – جعل).  Осы мағынада алып қарағанда ол (тағдыр) «Хикмет» ұғымына сай келеді. Өйткені хикмет дегеніміз – әр нәрсені болмысына сай етіп жасау, әр нәрседе оған ең лайықтысын дәл таңдау болып табылады (يصيب في كل شيء الاولى به).   Жаратушымыздың мына Құран аятындағы «қадар» сөзі аталмыш мағынада қолданған дейді ғалым: «إِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍШынында біз әр нәрсені бойындағы ерекшелігіне сай жараттық». (Қамар сүресі, 49-аят.)
  2. Әр нәрсенің болатын уақыты мен туындайтын жерін және дұрыс немесе бұрыс болу ерекшелігін, сауапты немесе күнәлі екендігін белгілеу[6].

Шафиғи мәзхабының беделді ғұламасы Имам ән-Нәуәуи (631-676 х/1233-1277 м) тағдырды былай деп түсіндіреді:

Біліп қой, Әһлү сүннет жолында – тағдырға сену бар. Оның мағынасы: Алла тағала әр нәрсені әзәлден белгілеп қойды (немесе әзәлден біледі). Оның қашан және қалай пайда болатынын Алла тағала біледі. Олар Алланың белгілеуіне сай пайда болады (немесе Алланың біліміне сай пайда болады)...[7].

Тағдырды былайша түсіндіргендер де болды:

Құдіреті күшті Алла тағала әр нәрсенің қандай түрде, қандай көлемде, неше мөлшерде және қай уақытта, қай жерде туындайтынын жаратпай тұрып біледі. Және соған сәйкес (білуіне сәйкес) оларды жаратады. Осыны тағдыр дейміз. Барлық жаратылыс – Алланың білуімен, күшімен және қалауымен пайда болады[8].

Бүгінгі әңгімемізді ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) тағдыр жайында айтқан мына хадисімен аяқтайық:

«Алла тағала жаратылыстардың тағдырларын (сипатын, мөлшерін, көлемін т.б.) аспан мен жер жаратылмай тұрып бес мың жыл бұрын жазып қойды. Ол (уақытта) Арш су үстінде еді»[9] .. (Жалғасы бар)

 

[1] Әл-Бәбәрти – Шархул Уасия
[2] Тәфтәзәни – Шарху әл-Ъақидат ән-Нәсәфия
[3] Мула Хусайн ибн Искәндар әл-Ханафи – әл-Жаухаратул Мунифа.
[4] Әбу Дәуід, Бәбу филь қадар. №469 хадис. Мұхаммед Шамсулхақ - Ъаунул маъбуд.
[5] Алиюл Қари –Мирқатул мәфәтих, Бәбул Имән бил Қадар. Әл-Фаслул Әууәл.
[6] Имам Мәтуриди – Китабут таухид, «әл-Қаза уәл Қадар». 396 бет. Араб тілінде зерттеп-зерделеп баспаға дайындаған Б.Топалоғлу. Бәйрут-Ливан. Истанбул-Туркия.
[7] Имам ән-Нәуәуи – Шарху Сахихил Муслим, Китабул Иман. Жебрейіл хадисінің түсіндірмесі.  
[8] Абдулғани әл-Мәйдәни – Шарху ъақидати ат-Тахауия, Бәбул Қадар. 104 бет.
[9] Сахих Муслим, Китабуль қадар, №2653 хадис.
*Әл-Уасияның 1 және 2- бөлімдерін оқығыңыз келсе мына сілтемелерді басыңыз:
 Иман негіздері (1-бөлім):   http://www.islam.kz/kk/articles/aqida/abu-hanifanyn-aqidaga-qatysty-osieti-iman-negizderi-1-bolim-476/ 
 Иман артпайды және кемімейді (2-бөлім):http://islam.kz/kk/articles/aqida/abu-hanifanyn-aqidaga-qatysty-osieti-iman-artpaidy-jane-kemimeidi-2-bolim-481/  

1 пікір