Үй аламын деп жинаған ақшадан зекет берем бе?
Үй аламын деп жинаған ақшадан зекет берем бе?
2 жыл бұрын 3380

Үй алу секілді тұрмыстық қажеттілікке қол жеткізу үшін жинаған ақша «нисаб мөлшеріне»[1] жетіп, арадан бір жыл өтсе, сол ақшадан зекет беріле ме, жоқ па деген сұраққа Ханафи ғалымдары екі түрлі тұжырым білдірген:  

  • Бірінші тұжырым бойынша, өзінің тұрмысына керекті асли қажеттілік, яғни, негізгі қажеттілігіне жұмсаймын деп ұстап отырған ақшасынан зекет берілмейді. Өйткені, асли қажеттілігіне жұмсалатын ақша жоққа есеп (لأن المشغول بها كالمعدوم).
  • Екінші тұжырым бойынша, мейлі сауда үшін, мейлі қандай да бір қажеттілік үшін жиған ақша нисаб мөлшеріне жеткен болса және оған бір жыл уақыт толса, одан зекет беріледі[2].

Екі тұжырымды ұштастыра келе айтарымыз, үйі жоқ адам үй аламын деген ниетпен жинаған ақшасына ақша қосып, көбейтіп отырса, онда зекетін бергені дұрыс. Ал, үйге жиған ақша көбейтілмей бір қалыпты мөлшерін сақтап тұрған жағдайда одан зекет берудің қажеті жоқ. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Нисап дегеніміз – зекет парыз болатындай белгілі бір байлық мөлшері. Ал нисап мөлшері ең кемі 85 грамм алтынға тең болуы тиіс.
[2] Ибн Ғабидин - Раддул Мухтар. 

Абдусамат Қасым