Сәләфилер қаматтағы сөздердің екі-екіден айтылуын дәлелсіз дейді, сол рас па?
Сәләфилер қаматтағы сөздердің екі-екіден айтылуын дәлелсіз дейді, сол рас па?
9 жыл бұрын 7316

Әссәләмуғалейкум! Сайт ұжымы, бір сәләфи жігіт: «қаматтың сөздері бір мәрте айтылады, екі рет айтылмайды» деп айтып қоймады. Екі рет қайталау дәлелсіз дейді. Оған не дерімді білмедім. Сайттарыңызға осындай мәселелерге қатысты дүниелерді жазып тұрсаңыздар. 

Уағалейкум әссәләм!

Қаматтағы сөздердің екі-екіден қайталанып айтылуы – хадистерден алынған. Осыдан келіп, Суфян әс-Сәури, Абдулла ибн Мүбәрәк, Имам Ағзам Әбу Ханифа сынды Ислам ғұламалары қаматтағы сөздердің екі реттен қайталанып айтылуын құп көрген. Осыған қатысты келтірілген хадистердің бірсыпырасы төмендегідей: 

1. (Азан шақыру бекітілмей тұрып) Сахаба Абдулла ибн Зәйд әл-Ансари өзінің түсінде «азан шақырғанды» көреді. Ол түсіндегісін бірден Пайғамбарымызбен бөліседі. Пағамбарымыз оған: «Оны Біләлға үйрет», - деп бұйырады. Ол азан және қамат сөздерін екі-екіден айтты. Сосын бір рет отырды. (Шәрху Мәғанил әсәр атты кітапта, Имам Тахауи риуая еткен. Хадистің келу жолы – сенімді (сахих)).

2. Сахаба Әбу Махзүраның айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған азаннан он тоғыз, қаматтан 17 (он жеті) сөз үйреткен. (Тирмизи - №192; Нәсәи - №630 т.б. Хадис Сахих.).  

Дәлірек айтқанда, қаматта: Аллаһу әкбәр сөзі – 4 (төрт); Әшһәду әллә сөзі – 2 (екі); Әшһәду әннә сөзі – 2 (екі);  Хәйя аләл фәләх сөзі – 2 (екі); Хәйя алас сала сөзі – 2 (екі); Қад қамәтис сала сөзі – 2 (екі); Аллаһу әкбәр сөзі -2 (екі); Лә иләһә иллаллаһу сөзі – 1 (бір). Бәрін қосқанда 17 (он жеті) сөз.

3. Әсуәд ибн Язид былай дейді: «Біләл азанды (азан сөздерін) екі-екіден қайталап шақыратын. Қаматты да (қамат сөздерін де) екі-екіден қайталап түсіретін еді. Тәкбірмен бастап, тәкбірмен аяқтайтын». (Имам Абдурраззақ, Имам ат-Тахауи және Даруқутни риуаят еткен. Хадистің келу жолы – сенімді (сахих)[1].

4.Сахаба Абдулла ибн Зәйд былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) азан шақырғанда, азаны да, қаматы та (яғни, азан сөздері де, қамат сөздері де) жұп-жұптан еді». (Тирмизи - №194 хадис.).

5. Осы хадистің тағы бір нұсқасында: «Мен Пайғамбарымыздың шақырған азанын естідім. Оның (с.а.у.) азаны да, қаматы да екі-екіден еді», - делінеді... (Тухфатул әхуәзи. Тирмизидің шархы. 194-хадис түсіндірмесі.).

6. Имам Бәйһақидің кітабында келтірілген бір хадисте, сахаба Абдулла ибн Зәйд былай дейді: «Мен Пайғамбарымызға (с.а.у) келіп: «Уа Расулалла! Мен түсімде бір адамды көрдім. Үстінде екі жасыл жамылғы киімі бар еді. Ол төбеге шығып екі-екіден (сөздерін қайталап) азан шақырды. Қаматты да екі-екіден айтты». (Бәйһақи риуаят еткен.).

[1] Әсәрус сүнәннің хашиясында «Әсуад Біләлмен көріскен» делінген.

Абдусамат Қасым