Сақтандыру жүйесі харам ба?
Сақтандыру жүйесі харам ба?
2 жыл бұрын 2236

Әссәләмуғалейкум! Мені сақтандыру жүйесі ойландырады. Көпшілік ғалымдар бұл жүйені құптамайды. Біздің елде сақтандырудың түрлері көп. Олардың үкімі қалай болмақ? Мысалы, жеңіл көлікті сақтандыруды алайық. Оған жыл сайын 10 мыңнан астам ақша төлейміз. Оның үкімі не болмақ? Соған ақша берсек, бізге күнә жазылады ма? Осыған қатысты сіздерден тұшымды жауап күтемін. Алла риза болсын! Амангелді. 

Уағалейкум әссәләм, Амангелді! Сақтандыру жүйесі «міндетті» және «ерікті» деп екіге бөлінеді: 

1. Өкімет тарапынан қоғамға қажетті деп танылған кейбір сақтандыру түрлері міндеттеліп жатады. Мұны "міндетті сақтандыру" дейді. Міндетті сақтандыру түрлері заңмен белгіленеді. Міндетті сақтандыру түрлерімен келісім шарт жасасуға әрбір заңды тұлға мен жеке тұлға міндетті. Мысал ретінде - автокөлікті сақтандыру қызметін айтсақ болады.

2. Ерікті сақтандыру түрлері. Өзінің аты айтып тұрғандай, ерікті сақтандыру түрлерімен келісім жасасуға әрбір азамат ықтиярлы, яғни, заңмен міндеттелмейді. Мысалы - науқастықтан сақтандыру, өмірді сақтандыру, автокөлікті немесе үйді түрлі табиғи апаттардан сақтандыру т.б. 

Шариғи тұрғыда:

Шариғи тұрғыда қарайтын болсақ, сақтандыру жүйесі негізінен алып қарағанда «ықтималдыққа» сүйенеді. Мысалы, табиғи апатқа душар болуы мүмкін деген «ықтималдыққа» сүйеніп, үй егесі үйін белгілі сомаға бір жылға сақтандырып қояды. Ендігі жерде, бір жыл ішінде үйі «табиғи апатқа» ұшырауы да мүмкін, ұшырамауы да мүмкін. Яғни, үй егесі ұзақ ықтималдыққа сүйеніп, босқа ақшасын жегізіп отыр деген сөз. Мұндай келісімді шариғатта «ғарар» дейді. Ал «ғарарға» дініміз тыйым салған[1].

Қорытынды:

Қорытындылай келе айтарымыз: Міндетті сақтандыру түрлерімен келісім жасасу күнә емес. Біріншіден – міндетті сақтандыру түрлері заңмен міндеттелгендіктен, әрбір адам заңға бағынуға мәжбүр. Екіншіден – бірлі-жарым қолайсыз оқиғалар қоғамда жиі орын алып тұратындықтан, өкімет олардың шешімі ретінде кейбір «сақтандыру түрлерін» бекітеді. 

Ерікті сақтандыру жүйесіне рұқсат жоқ. Дегенмен, ауырған адамның ем-домы медициналық сақтандыру бар болған жағдайда арзан, ал, жоқ кезде қалтасы көтермейтіндей қымбатқа түсіп жатса, ондай сәттерде "ерікті" болса дағы медициналық сақтандыру қызметімен келісім жасасуға шариғат ризалық танытады. Себебі, ондай жағдайларда "зәрулік" бар дейді ғалымдар. «Алла тағала сендерге қиындық қаламайды, жеңілдік қалайды», - делінген аятта.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Дәрими сүнәні, Китабуль Буюғ – 2554 хадис.

Абдусамат Қасым