Науқас адам оразада не істейді?
Науқас адам оразада не істейді?
3 жыл бұрын 1208

Ассәләму әлейкум! Ораза тұтсам, қатты ауырамын. Рамазан айында ораза тұту маған парыз бола ма? Қарлығаш.

Уағалейкумуссалам, Қарлығаш! Алла тағала құлына тек күші жететін нәрсесін ғана міндеттейді[1]. Өйткені Ұлы Жаратушы иеміз бізге ауырлық емес, жеңілдік қалайды. Сондықтан Алла ауырған адамға ораза тұтпауына рұқсат берген.

Бұл жайында Құранда  былай делінген: «Рамазан айы туғанын көрсеңдер ауыздарыңды бекітіңдер. Ал кім де кім, сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуына рұқсат) басқа күндері қаза етсін. Алла сендерге ауырлық емес, жеңілдік тілейді..!»[2]. Тағы бір аятта: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер», - дейді.

Осы және басқа аяттарды негізге ала отырып ғалымдар: «науқас кісінің ораза тұтпауы кейде уәжіп, кейде мубах/рұқсат болады. Егер науқас кісінің ораза ұстауы өлімге алып келер болса, бұл адамның оразаұстамауы уәжіп (міндет). Ал егер ауыз бекітуі сырқатын арттырар болса немесе жазылуын баяулатар болса бұл жағдайда ораза ұстамауына рұқсат»[3] - деп үкім шығарған. Ендеше, ораза ұстай алмайтындай сырқат болсаңыз сізге ораза ұстау парыз емес. Бірақ науқасыңыздан айығып, ауыз бекітуге шамаңыз келген кезде тұтпаған күндеріңізді қаза етіп өтейсіз. Бұл кәффарат (арасы үзілмей ұсталатын) өтеміне жатпайтындықтан, бөліп-бөліп тұтсаңыз болады. Ал, бұған да денсаулығыңыз жарамаса, онда оразаның әр күніне пидия[4] төлейсіз. Пидия төлеуге де шамаңыз жетпесе, Алла мейрімді, кешірімді. Пендеге күші жетпейтін нәрсені міндеттемейді.

[1] Бақара сүресі, 286 аят.
[2] Бақара сүресі, 185 аят
[3] Әл-Кәсәни, Бәдә’иғ – 2/609 бет.
[4] Шариғатта ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпейтін  қарт кісілер (ұстамаған оразасын қаза ете алмаса) рамазанның әр бір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Бұны «фидия» дейді. Фидияны ақшалайда беруге болады.   Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Фидия беруге шамасы келмесе Алладан кешірім тілейді. М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам Ғылымхалы – 329 бет. Алматы.

 

Абдусамат Қасым