Демікпесі (астма ауруы) бар адам ораза ұстай ма?
Демікпесі (астма ауруы) бар адам ораза ұстай ма?
10 жыл бұрын 8071

Бұл мәселеге қатысты қазіргі таңдағы дін мамандары екі түрлі пікір айтады.

Бірінші пікірдегілер бұл мәселеге қатысты: «Ауыз, мұрын, құлақ арқылы, яғни табиғи жолмен ішке барған нәрселер оразаны бұзады. Ингалятор секілді аппараттармен ауызға шашқан дәрі ішке кететіндіктен ораза бұзылады. Мұндай аппаратсыз жүре алмайтын науқастарға ораза ұстамауына болады. Егер дәрігерлер науқастың бұл аурудан айығуы неғайбыл екеніне көз жеткізсе, онда ол оразаның әр күніне пидия беріп отырады. Яғни, жоқ-жітікті, міскіндерді тамақтандырады»[1], – дейді.

Ал екінші топ дін мамандарының пікірі бойынша: «Демікпе ингаляторының бір рет шашқандағы мөлшері аз болғандықтан (шамамен 1/20 мл.), дәрінің көбі ауыз бен тыныс алу жолдарында сіңіп кетеді. Ал, қалғаны тым аз болғандықтан, асқазанға баруы екіталай. Ондай мөлшер дәрет алған адамның аузында да қалады. Ендеше демікпе (астма) ауруымен ауырған адамдардың еркін тыныс алулары үшін ауызға шашатын «оттегі»  дәрісі оразаны бұзбайды»[2], – дейді бұл ғалымдар.  

Осы орайда, Халықаралық Ислам фиқһ Кеңесінің 2018 жылы, Медине қаласында өткен кезекті 23-отырысында: Демікпе ингаляторын қолданудың оразаға тигізер зиянының жоқтығына бәтуаласқан[3].

Қорытындылай келе айтарымыз, астмамен ауыратын кісі жоғарыда айтып өткен екі пікірдің қай-қайсысын негізге алса да, шариғатқа теріс келмейді. Бірінші пікірге сүйенген кісі ораза ұстамай, отыз күн оразасы үшін пидия беріп отырса да болады. Ал екінші пікірді негізге аламын деп ораза ұстауға талпынған кісілер ауыз берік кезде ингаляторды тек қажет кезде ғана қолданып, қалған уақыттарда барынша қолданбауға тырысқаны абзал.   

Ем үшін инголятордан басқа таблетка не шәрбәт (сироп) түріндегі дәріні қолдану, тікелей ішке баратындықтан оразаны бұзады.

Абдусамат Қасым


[1] Проф.Доктор Али Жума. «Даурль Ифта әл-Мысрия». 2516-сұрақ, 2004 жыл; «Пәтуә беру алқасы», 21/08/2008 ж. 1222 тізімдегі сұрақ.
[2] Профессор Доктор Хисамуддин әл-Ъафана: «Яс’әлуунәкә ъан Рамазан» – 68 бет. АбуДис-Палестина. 2008 ж; Din Isleri Yuksek Kurulu: ORUÇ. Ankara 2010 y. 36 s.
[3] Мемлекет аралық Ислам фиқһ Кеңесі, Медине қаласы, 2018 ж. 23-отырыс, (3/23) 219-қаулы. 
Аталмыш жазба 2013 жылы muslim.kz сайтында жария етілген жазбамның аз-маз өнделіп, толықтырулар енгізіліп қайта жария етілген түрі.