Түберкулезбен ауырдым, оразам не болады?
Түберкулезбен ауырдым, оразам не болады?
10 жыл бұрын 2896

Ассаламу алейкум! Мен туберкулезбен ауырған едім. Аллаға шүкір, жазылғаныма бір айдай болды. Дәрігерім «бір жылдай күтінуің керек, әйтпесе, қайта ауырып қалуың мүмкін. Ораза ұстауға болмайды. Өйткені, ашығуғы болмайды» деді. Бұл жағдайда не істеуім керек? Дәрігерімнің кеңесін тыңдайын ба, әлде ораза ұстайын ба? Г.

Уағалейкумуссалам, Г.! Жаратушы иеміз Алла тағала ауырған адамға ораза тұтпауына рұқсат берген. Бұл жайында өзінің қасиетті сөзінде: «Рамазан айы туғанын көрсеңдер ауыздарыңды бекітіңдер. Ал кімде-кім, сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуына рұқсат), басқа күндері қазасын өтесін. Алла сендерге ауырлық емес, жеңілдік тілейді..!»[1], – деген. Тағы бір аятта: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер!», – дейді.

Осы және басқа аяттарды негізге ала отырып ғалымдар: «науқас кісінің ораза тұтпауы кейде уәжіп, кейде мубах/рұқсат болады. Егер науқас кісінің ораза ұстауы өлімге алып келер болса, бұл адамның ораза ұстамауы – уәжіп (міндет). Егер ауыз бекітуі сырқатын арттырар болса немесе жазылуын баяулатар болса бұл жағдайда ораза ұстамауына рұқсат»[2] – деген үкімге келген.

Сондықтан, «науқасы артады немесе жазылуын тежейді десе, я болмаса, сау бола тұра сырқаттанып қалу қауіпі болса, бұның бәріне анық көзі жететін болса, ораза айында ораза ұстамауына рұқсат»[3]делінген. Ендеше, сіздің жағдайыңызда ораза ұстамауыңызға болады. Тек түбегейлі жазылғаннан кейін және мұсылман әрі сенімді дәрігермен кеңесе отырып осы жылғы ұстамаған оразаның қазасын өтейсіз. Қаза ораза болғандықтан «арасын үзбей ұстау керек» деген талап жоқ. Бұл 30 күн оразаның қазасын өтеу кезінде арасына күн салып ұстасаңыз да болады деген сөз.

[1] Бақара – 185 аят.
[2] Әл-Кәсәни, Бадаиғ – 2/609 бет.
[3] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар – 3/404 бет.

Абдусамат Қасым