Әмеңгерлікке дін не дейді? Жеңгесін әмеңгерлікке алуы харам ба?
Әмеңгерлікке дін не дейді? Жеңгесін әмеңгерлікке алуы харам ба?
2 жыл бұрын 11352 Фото: shymkenttv.kz

Сұрақ №1: Ассалам алейкум ұстаз! Дінде әмеңгерліктің негізі бар ма? Кеңірек жауап берсеңіз? Алла Разы болсын! Қадіржан.
--------------

Сұрақ №2: Ассаламуалейкум! Бiр сурағым бар едi. Қайтыс болған тұған ағасының әйелін яғни, жеңгесін (жеңгесі өзінің әйелінің жақын туысы екен) әмеңгерлікке алу харам дейді. Осының дұрыс-бұрысын жауап берсен. Аман бол!   Гүлнар. (Сұрақ қысқартылып алынды).

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Дін Ислам бойынша, әлдекімнің ағасы не інісі қайтыс болған жағдайда оның артта қалған жесірін бауырларының бірі некесіне алуына рұқсат. Мұны қазақта «әмеңгерлік» дейді. Бастысы әйел кісі ең аз 4 ай, 10 күн иддәт мерзімін күткен болуы керек және әмеңгерлік некесі өзара ризашылықпен жүзеге асуы тиіс. (Әдеттегідей неке қиылады).

Бұнымен қатар, егер әменгерлікке алар мұсылман оны екінші әйел ретінде алар болса, өзінің некесіндегі әйелінің жақын туысы болмаған болуы шарт. Мұсылманшылық неке шартында ешкім әйелінің үстіне оның (әйелінің) туған не нағашы яки немере әпке-сіңлісін некесіне ала алмайды, яғни апалы-сіңлілі екі әйелді бір некеде ұстауға рұқсат жоқ. Құранда: «Екі қыз туысты бір некеде ұстауларың харам қылынды», - делінген.

Осы тұрғыда айта кету керек, Ислам шариғатында әлдекім өз ұлының және немересі мен шөбере-шөпшегінің жесірін, не ажырасқанын, яғни келінін әйелдікке ешқашан ала алмайды. Құран Кәрімде былай делінген: «Бел балаларыңның әйелдері сендерге (некелесуге) харам қылынды...»[1].

Сондай-ақ, әлдекім өзінің әкесінің немесе атасының (өз атасының, нағашы атасының) жесірін немесе талақ берген әйелін (яғни, өгей ана, өгей апа) некелей алмайды. Бұған қатысты Құран Кәрімде былай деп бұйрады: «Әкелерің некелеген әйелдерді өз некелеріңе алмаңдар. Өткен өтті. Бұл бір арсыздық және жиренішті жаман жол еді»[2]. 


[1] Ниса сүресі, 22 аят.
[2] Ниса сүресі, 21 аят.

Абдусамат Қасым