Күйеуі бірінші әйелінің талабы бойынша, екінші әйеліне талақ бере ала ма? Талақты қалай айтқан жөн?
Күйеуі бірінші әйелінің талабы бойынша, екінші әйеліне талақ бере ала ма? Талақты қалай айтқан жөн?
1 жыл бұрын 2970

Ассаляму'алейкум уа рахматулла! Ер адам əйеліне талақ берсе (екінші əйеліне) міндетті түрде күəгерлер болуы керек пе? - деп сұрайды. Бірінші əйелінің талап етуімен, екінші əйеліне талақ бере ала ма? Рахмет!.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Алдымен мынаны айта кету керек, бірінші әйелінің ондай талапта болуы дұрыс емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол нәрседен тыйған. Сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Алла елшісі былай дейді: 

«Әйел өзінің (дін) бауырының (яғни бір некедегі әйелдің) ыдысындағыны өзіне аударып алайын деген мақсатта, оның талағын сұрамасын. Сөзсіз мұсылман әйел өзге мұсылман әйелдің бауыры саналады»[1],

- дей келе Алла елшісі күйеуінен одан өзге әйелінің талағын сұраудың дұрыс еместігін айтып, ол нәрсенің күнә екендігін білдіруде. Ақ некелерін қиып, жұптасқаннан кейін, оның да ерінде ақысы бары хақ. Сондықтан, бірінші әйелі ерінің таңдауына құрметпен қарап, екіншісін өзінің бауырындай көргені сауапты болмақ.  

Енді сауалыңызға келер болсақ, әйелінің талабы бойынша, ері өзге әйелдеріне талақ айтуға міндетті емес. Айтқан жағдайда айтқан талағы жүзеге асады. Ол үшін күәгерлердің қатысуы шарт емес. Бірақ талақтың да дұрыс орындалу жолы барын ескерген жөн. Бірден үш талақты жаудыра салмастан шариғат үйреткен жолмен талағын бергені дұрыс.

Мәселен, шариғатта талақ айтудың ең абзал жолы - әйелінің хайыздан тазарғанын күтіп, тазарғаннан кейін онымен қатынасқа түспей бір ғана талақ айтады да үш хайыз уақыт бойы жақындамай күтеді. Осы уақыт аралығында мүмкін кедергілер жойылып, өзгерістер туындап жатса (мысалы, сіздің жағдайда бірінші әйелі көндігіп, ризалық танытып жатса т.б.), немесе ері райынан қайтқандай болса, екінші әйелімен неке қимай татуласуына, осылайша әрі қарай бірге өмір сүріп кете берулеріне мүмкіндіктері бар. Алайда бір талақ айтып, арадан үш хайыз уақыты өтіп кетсе, мұнысы «кіші байн талақ» үкімін алып, қайта қосылулары үшін неке жаңартулары керек болады.  

Және шариғатта талақ айтудың екінші жолы бар. Оны «сүнни талақ» немесе "хасан талақ" деп атайды. Мұнда талақ айтқысы келген күйеуі әйелінің хайыздан тазарғанын күтіп, хайызы тоқтағаннан кейін онымен қатынасқа түспестен бір талақ айтады да келесі хайыздан тазарған мезгілді күтеді. Арада еш жақындаспайды. Келесі хайызы келіп, одан тазарғаннан кейін күйеуі райынан қайтқысы келмесе, еш жақындаспастан екінші талағын айтады. Осы арада жақындаспастан келесі үшінші хайыздың келуін күтеді. 

Үшінші хайызы келіп, одан тазарғаннан соң талағында шешімді болса, қатынасқа түспей үшінші соңғы талағын айтады. Осылайша, үш талақты үш хайыз мезгіліне бөліп айтады. Талақ айтудың бұл түрінде алдыңғы екі талақта әйелімен татуласуына мүмкіндігі бар. Үшінші талақ айтылғаннан кейін ол мүмкіндігі мүлдем жойылады. Бұлай үшке бөліп айтуының мәні, ері райынан қайтып, әлі де татуласар деген үміт. Әйтсе де, аталмыш талақ ету жолдарының ең абзалы – бірінші айтылған түрі.


[1] Ибн Хаббан; әл-Мүбәрокфури: Тухфа. №1190 хадис түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым