15-сәуір Қозы көрпеш-Баян сұлу ғашықтар күнін тойлауға бола ма?
15-сәуір Қозы көрпеш-Баян сұлу ғашықтар күнін тойлауға бола ма?
10 жыл бұрын 23754

Әссәләмуғалейкум, Абдусамат аға! Қазіргі таңда сәуірдің 15-күні «Қозы көрпеш Баян сұлу» атты ғашықтар мейрамы дейтін бейресми мереке бар. Бұл күнді тойлау қаншалықты дұрыс? Нұрбол Оспанов

Уағалейкум әссәләм, Нұрбол!  

Ғашықтық, махаббат және біреуді сүйіп қалу ‒ ол, көңіл мәселесі. Адам табиғатында бар құбылыс. Тіпті, Құран Кәрімде: «وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً – Алла сендердің араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік жаратып қойды»[1], ‒ дей келе ерлі-зайыптылардың арасындағы махаббат пен мейірімділікті анық білдірген. Және де мейірімсіз махаббаттың болмайтындығын да аталмыш аяттан түсінуге болады.

(Аяттың арапша мәтініндегі «жәъалә» етістігі – жарату, орнықтыру, салып қою деген мағыналарда қолданылады).

Ал, енді, «ғашықтар күні» дейтін нәрсе шариғатта жоқ және оны халық арасында насихаттап, айрықша күн ретінде атап өтудің де зәрулігі шамалы. Біріншіден, ғашықтықты насихаттауға адамдар мұқтаж емес. Екіншіден, «Қозы көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық жырында екі жастың арасындағы махаббаттың немен аяқталғаны бәріне белгілі. Сондықтан да, ондай нәрселерді көптеп насихаттау – жастар арасында  махаббат жолында құрбан болушылықты, дәлірек айтқанда «суицидті» арттыра ма деген қауіп бар. Үшіншіден, ғашықтар күнін желеулетіп көптеген жастар түрлі ауыр күнәларға баратыны да жасырын емес. Сондай-ақ, бұл соңғы жылдары еліміздегі жастар арасында атап өтілуі әдетке айналып бара жатқан "Валентин" күніне еліктеушілік болып табылады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Құран Кәрім: «Рум» сүресі, 21 аят.

 
Абдусамат Қасым