Құрандағы «ақ жіп пен қара жіп ажыратылғанға дейін» деген аятты қалай түсінеміз?
Құрандағы «ақ жіп пен қара жіп ажыратылғанға дейін» деген аятты қалай түсінеміз?
2 жыл бұрын 5061

Әссәләмуалейкум! Ауызды таң намазы уақыты кіргенге дейін бекіту керек пе, әлде, дала жарық болғанға дейін бе? Аятта «ақ жіп пен қара жіптің ажыратылғанына дейін», - делінген. Осының ара жігін ажыратып бере аласыздар ма? Рахмет. Сіздерден Алла разы болсын! Жақсылық.

Уағалейкум әссәләм, Жақсылық! Оразаға ниет еткен кісі дала жарық болғанға дейін емес, таң намазының уақыты кірісімен ішіп-жеуін тоқтатады. 

Ал, Құрандағы: «Ақ жіп пен қара жіп ажыратылып, танылғанынша жеңдер, ішіңдер»[1], - деген аяттың мәні – Ораза ұстаймын деп ниет еткен кісіге қараңғылық кетіп, таң қылаң бере бастаған уақытқа шейін ішіп-жеуіне рұқсат, одан кейін ішіп-жеу тоқтатылады деген сөз.  

Арабтарда жалпы алғанда «жіп» немесе «арқан» сөздері екі мағынада қолданылады ( الخيط والحبل): Біріншісі тура мағынада (мағынасы бәрімізге белгілі), екіншісі ауыспалы мағынада.  

Араб тілінде «жіп» сөзінің бірнеше астарлы, ауыспалы мағынасы болуы мүмкін. Соның бірі – нұр, шұғыла, жарық деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде : «Құран кітап – Алланың берік жібі» - деген[2]. Осы хадистегі «берік жіптің» мағынасы – тура жолға бастар жарық нұр дегенді білдіреді.

Демек, жоғарыда келтірілген аяттағы «ақ жіп» - жарықты, ал  «қара жіп» - әлі де қараңғылығы басым, енді қылаң бере бастаған таң жарығын білдіреді[3]. Аллаһу аъләм.


[1] Бақара сүресі, 187-аят.
[2] Тирмизі - №2906 хадис.
[3] Лисанул Ъараб: «әл-Хабл». Кейде жіп сөзі – берік уәде, келісім деген мағынаны да білдіреді.