Сүннет намазын оқитын кезде "қаза намазға да" ниет ету керек дейді, сол рас па?
Сүннет намазын оқитын кезде "қаза намазға да" ниет ету керек дейді, сол рас па?
2 жыл бұрын 6820

Әссәләмуғалейкум, Абдусамат аға! Қаза намазы бар адам сүннетті оқитын кезде ниетін «қаза намаз үшін де» деп жасауы керек дейді, осы дұрыс па? Себебі, парыз намаздары бар адамның, қазасын өтемейінше сүннет немесе нәпіл намаздары қабыл болмайды екен. Нәпілді немесе сүннетті оқымаса, оған азап жоқ, ал, парыз болып саналатын қазаны өтемесе, азапталады дейді. Осы жерде сұрағым келгені: Қазасы көп адам кез-келген сүннет намазды оқитын кезде «қазаға» деп ниет етсе, ол намазы сүннет намазына да, қаза намазына да жүре ме?  Бір намаз екеуінің орнын жаба ма? Ержігіт Дайрабек

Уағалейкум әссәләм! Құрметті Ержігіт, Ханафи ғұламасы Ибн Хумамның (қ.ж.х. 861ж.) «Фатхул Қадир» атты «Хидаяға»[1] жазған түсіндірмесінде былай деп кеткен:

«Парыз және нәпіл намазды біріктірген жағдайда (яғни, екеуіне бір ниет жасаған болса),  Имам Әбу Юсуфтың  (р.а.) тұжырымы бойынша, парызға бастаған болып есептеледі (нәпілі саналмайды). Ал, Имам Мұхаммед (р.а.) ондай жағдайда намазы жарамсыз деген (яғни, екеуіне де ниеті жарамайды деген)»[1].

Тағы бір Ханафи ғұламасы Қазы әс-Суғдидің (қ.ж.х. 461, м.1068 ж.) мынадай пәтуасы бар:

«Бір кісі парызға ниет етіп (бастап), артынан онысын сүннетке немесе нәпілге айналдыруға ниеттенсе, діттеген намазына (яғни, сүннетіне немесе нәпіліне) кірген болмайды. Тек, қайта «ифтитах» айтып бастап жатса, ол басқа. Сондай-ақ, кімде-кім, сүннет намазына ниет етіп бастап, кейіннен парыз намазына ниет етіп жатса, бастаған намазынан шыққан болып саналмайды әрі (екінші рет) ниет еткен намазы есепке алынбайды. Әрине, егер, қайта «ифтитах» айтып бастап жатса, ол басқа»[2].

Ендеше, қаза намазын өтеу парыз. Қаза намаздарына бөлек ниет етіледі, сүннет намаздарына бөлек ниет етіледі. Әлдекім, қаза намазын өтеп жатып «сүннет намазының орнына да жүрсін»  деген ниеті болса да (немесе керісінше), ол тек қазасын өтеген болып есептеледі, сүннеттің орнына жүрмейді.

Ержігіт, намаз үкімдері «тағаббуди», басқаша айтқанда «тауфиқи» болып келеді. Бұл дегеніміз, намаз үкімдері көбіне Құран аяттары мен хадис шәріптерге сүйенеді. "Қаза намазы бола тұра сүннет намаздарын оқуға болмайды, онысы мүлдем қабыл етілмейді" деген тұжырым дәлелсіз. Оның үстіне,  Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин былай деген:

«Нәпіл намаздарынан бұрын қаза намаздарын өтеп алған абзал әрі маңыздырақ. Дегенмен, қазасы бола тұра парыз намаздарында оқылатын сүннеттер, духа, тәспих, екінтінің алдындағы төрт ракағат нәпіл, ақшамнан кейін оқылатын алты ракағат нәпіл сияқты хадистерде айтылған намаздарды оқуына да болады»[3].

Қорытынды:

  1. Қаза намазына бөлек ниет, сүннет намазына бөлек ниет жасалады. Яғни, екеуі екі бөлек оқылады.
  2. Кімде-кім, қазаға да, сүннетке де ниет етіп жатса, онысы тек қазаның орнын жабады. Сүннет намазын оқығанға есептелмейді.
  3. Қаза намаздары бар адам, өзге де сүннет немесе хадистерде айтылған нәпіл намаздарды оқи алады.
  4. Сүннет намаздарының орнына қаза намазын өтеген кісі күнәға батпайды (мысалы, бесін намазының сүннетінде). Тек, сүннет намазы үшін берілетін сауаптан құр алақан қалады.

[1] "Әл-Хидаяту Шарху Бидаятиль Бүбтәди" атты ханафи мәзхаби бойынша жазылған фиқһ кітабы. Авторы - Бурхануддин Әли ибн Әби Бәкір әл-Мәрғинәни (қ.ж.х. 593ж.).
[2]Ибнул Һумам, Фатхул Қадир – 1/274 бет.
[2] Шайхул Исләм Әбу хасан Әли ибн Хусайн әс-Сағди, ән-Нутфу фил Фәтәуә. 1/57 бет.
[3] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар – 2/536 бет.

Абдусамат Қасым