Тойда берілетін қымбат сыйлықтарға салық салына ма?
Тойда берілетін қымбат сыйлықтарға салық салына ма?
8 жыл бұрын 2385 Baq.kz Арман АСҚАРОВ

Келесі жылдан бастап мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың қызметкерлері табыстары туралы декларацияны тапсыратын болады. Ал 2020 жылда аталған міндет барлық қазақстандықтарға таралады. Соған дейін декларация арқылы салық салудың әділ жүйесін қалыптастыру мәселесі халық арасында кеңінен түсіндіріледі. Декларацияда адамның табысы көрсетілсе, қымбат сыйлық алған адам оны қалай көрсетеді? Тойда берілетін сыйлықтарға да салық салына ма? Халық алдында есеп берген қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осы сауалға жауап берді.

«Бізде жеке тұлғалардың бір-біріне беретін сыйлықтарға салық салу шарасы қарастырылмаған. Кілем берсе, мәшине сыйласа да...Оған салық салынбайды. Қазір жоқ. Декларацияны тапсыру шарасы енгізілгеннен кейін де болмайды», - деп атап көрсетті Б.Сұлтанов.

Алайда, министрдің сөзіне қарағанда, сол сыйлықты беретін адамның декларациясына қымбат сыйлықтардың ақшасы ескерілуі тиіс. Ол ақшаны банк есеп-шотында көрсетіп, бірден шоттан алып шығуға болады. Министрдің айтуынша, декларацияда көрсетілген ақшаны ешкім алып қоймайды. Декларацияны тапсыру шарасы ақша мен мүлікті заңдастырудың жалғасы іспетті. Ақшаны, я болмаса, мүлікті мүлдем заңдастырмауға да болады. Себебі, бұл - ерікті шара. Дегенмен, тексерістер кезінде ол ақша мен мүлік анықталса, тиісті мөлшерде айыппұл салынады.

0 пікір
Мұрағат