Тараздық студент арамшөптермен күресудің тиімді тәсілін тапты
Тараздық студент арамшөптермен күресудің тиімді тәсілін тапты
7 жыл бұрын 2587

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенті арамшөптермен күресудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты. Шолпан Елшібекова зиянкес өсімдіктерді химиялық және биологиялық шаралар арқылы жойып, астық түсімін арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Baq.kz. 

«Арамшөптермен биологиялық әдіс арқылы күресу жаңа дамып келе жатыр. Бұл тәсілдің болашағы зор. Өйткені, химиялық әдіс арқылы күресу өнімді және тиімді деп кеңінен қолданылғанмен, экологиялық тұрғыдан, яғни қоршаған ортаны қорғау жағынан алып қарағанда оның бірқатар зиянды жақтары бар. Бұл орайда агротехникалық және фитосанитарлық шараларды ұштастырып жүргізу қажет», – дейді жоба авторының жетекшісі, Химия-биология факультетінің оқытушысы Мақсат Бейсембаев.

Оқу орнының ақпараттық-имидждік қызметі мәлім еткендей, жас ғалымдар зиянкес өсімдіктерді жоюда агротехникалық, биологиялық, химиялық және оттық тәсілдерді қолданбақ. Бұл шара жылыжай мен егістік жерлерді арамшөптерден түбегейлі арылтып қана қоймай, дәнді дақылдардың сабағы мен тамырын тазалауға септеседі.

«Ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары және тұрақты өнім алуға бағытталған жұмыстар барысында алқаптағы арамшөптерді жоюдың маңызы зор. Олар егістік даласын бүлдіріп, өнімдерге орасан зор зиян келтіреді. Арамшөптің Қазақстанда 300-ден астам түрі бар. Көптеген зиянкес өсімдіктердің тамырлары топыраққа терең бойлап өседі. Сондықтан олар терең қабатта жатқан ылғал мен қоректік заттарды жақсы пайдаланады. Мәселен, 1 грамм тары 250 грамм ылғал жұмсаса, осы астық тұқымдасына жататын қарасұлы сияқты арамшөп 600 грамм ылғалды қажет етеді. Яғни, екі жарым есе көп. Міне, сондықтан да зиянкес өсімдіктермен күресті өрістете беруіміз керек», – деп атап өтті Ш.Елшібекова.

Оның айтуынша, жылдық жауын-шашын қорының бестен бір бөлігі арам шөптердің өсіп-өнуіне жұмсалады. Олар қоректік заттарды көп мөлшерде пайдаланғандықтан топырақтың құнарлылығын да төмендетеді.

Айта кетейік, бұл ғылыми жаңалық оқу орнының зертханалық кешенінде тәжірибеден өтіп жатыр. Алдағы уақытта өндіріске енгізу жағы да қарастырылмақ. 

0 пікір
Мұрағат