Шетелге кеткен қазақстандықтар медициналық жарна төлей ме?
Шетелге кеткен қазақстандықтар медициналық жарна төлей ме?
7 жыл бұрын 2745 Қымбат Елтайқызы

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ департамент директоры Серік Тәңірбергенов Baq.kz тілшісіне берген сұқбатында шетелге кеткен қазақстандықтардың медициналық жарна төлеу-төлемеу мәселесіне тоқталды. 

Маманның сөзінше, сақтандыру мәселесінде жұртшылықты мазалайтын сұрақтардың бірі – шетелге кеткен қазақстандықтарға қатысты. Егер олар азаматтықтан бас тартпаған жағдайда Қазақстан азаматы болып есептеледі. Ал, салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеу әр азаматтың мемлекет алдындағы борышы.

«Міндетті медициналық сақтандыру да сондай, ел азаматы болған соң жарнаны төлеу қажет. Бірақ, жарна төлемесе оған өсімақы немесе айыппұл салынбайды. Дей тұрсақ та, елге оралған уақытта медициналық көмекті пайдалану үшін жарна төлеп тұрғаны абзал. Ал, шетелде көп уақыттан бері тұрақты тұратын азаматтар жарна төлеуге міндетті емес», - дейді Тәңірбергенов.

Атап өтсек, біз бұған дейін елімізде тұратын шетелдік азаматтар қазақстандықтармен бірге жарна төлеуге міндетті екенін айтқан болатынбыз.

«Міндетті медициналық сақтандыру туралы» (МӘМС) заңның 2-бабы 2-тармағына сәйкес, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға, сондай-ақ, оралмандарға да ҚР азаматтарымен бірдей құқықтар мен міндеттемелер жүктеледі. Мысалы, олар да қазақстандықтар сияқты салық, соның ішінде, МӘМС жарнасын төлеуге міндетті. Аталған заңның 26-бабы 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы аумағында тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін мемлекет жарна төлемейді», - деген болатын «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жоспарлау және медициналық қызметтерді сатып алу жөніндегі басқарушы директор Ерік Байжүнісов.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың шілдесінде елімізде сақтандыру жүйесі кезең-кезеңмен енгізіле бастайды.

0 пікір
Мұрағат