Павлодар қаласында жаңа мешіт ашылды (фото)
Павлодар қаласында жаңа мешіт ашылды (фото)
7 жыл бұрын 5972 muftyat.kz

Павлодар қаласында «Омар әл-Фарух» деп аталатын  күмбезі көкпен таласқан тағы бір зәулім мешіт есігін айқара ашты. Бұл жаңа мешіт Павлодар қаласындағы 7-ші, облысымызда 99-шы мешіті болып ашылып отыр.

Мерекелі шара қасиетті Құран Кәрімнің аяттарымен басталды.

Келесі кезектеайтыскер ақын Абзал Қабдраш жаңа мешіт құрметіне домбыраға қосылып арнайы жырдан шашу шашты.

Құттықтау сөз ҚМДБ-ның өкілі  Сағитжан қажы  және ҚМДБ-ның өкіл имамы Исенов Нариманға беріліп, олар халықты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап  Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с): «Кімде-кім Алланың дидарын қалап, мешіт тұрғызған болса, Алла Тағала жәннатта оған сондай үй тұрғызады», - деген хадисін орындап, сауапты іс жасаған азаматтарға облыс халқының атынан шексіз алғыстарын білдірді. Сонымен қатар мешіт кітапханасына ең үлкен сыйлық - қасиетті Құран Кәрімді тарту етті.

Сондай-ақ ғибадат үйін салуға мұрындық болған Павлодар өңірінде ислам дінінің өркендеуіне және «Умар әл-Фаруқ» мешітінің бой көтеруіне үлкен үлес бір топ азаматтарға ҚМДБ-ның атынан Павлодар облысы өкілдігі мақтау грамоталарын табыс етті.

Жаңа зәулім мешітті Алла ризалығы үшін салып, сауабын марқұм бауырлары Серікжанның рухына арнап, халық игілігіне тарту етіп , осынау игі істі атқарған Берік Умархан өз сөз кезегінде: «Құрметті қауым! Мұсылман ағайындар! Жаңа мешіттің ашылуы үлкен қуаныш. Бұл құлшылық үйін салуға көмектескен барлық азаматтарға алғысымды жеткіземін. 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы аясында әрбір азамат өзінің туған мекеніне, елі мен жеріне, тұрып жатқан қаласының дәулеті мен сәулетіне үлес қосуы тиіс деген болатын.  Біздің бүгінгі атқарған ісіміз осы бағытқа қосқан аз ғана үлесіміз. «Умар әл-Фаруқ» атындағы мешіт халықтың игілігіне қызмет етсін»,- деді.

Мешіттің ашылу салтанатына жиналған халық осында жұма намазын оқыды. Жұма намзы алдында өкіл имам аталмыш мешітке  ҚМДБ-ның төрағасының бұйрығымен жаңадан имам болып тағайындалған Аманқұлов Хасан Ташайұлын таныстырып, жаңа имам жұма намазын жүргізді. Намаздан  соң жаңа мешіт құрметіне  «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің үлкен залында ас берілді.

Шаһардың шығыс тұсында орналасқан бұл мешіттің архитектуралық кескіні де тамаша.  Ішкі сәулеті де ұлттық нақышпен өрілген. Барлық заманауи талаптарға сай. Жаңа құлшылық үйінің атауы – әйгілі төрт халифаның бірі,  Омар хазреттің құрметіне «Умар әл-Фаруқ» делінген.  

Мешіт аумағы 49 соттық, 500 шаршы метр жерді құрайды. Жалпы, құлшылық үйінде көлемі 250 шаршы метр намаз оқитын залы. Тоғыз жолдың торабында орналасқан мешіттің  бір  мұнарасы бар.  Мешіттің үлкен намазхана залы, неке және имамдар бөлмесі бар.  Сонымен қатар автокөліктерге арналған 100 орындық  автотұрақ бөлінген. Жаңа мешіт өз сәулетімен  кереку шаһарының көркін арттыра түсуде.

 

 

 
0 пікір
Мұрағат