Діни қызмет туралы заң түсіндірілді
Діни қызмет туралы заң түсіндірілді
7 жыл бұрын 2588

Қазан айының 7 күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универсиеті, Философия және саясаттану факультетінде философия ғылымдарының кандидаты, «Перспектива» ақпараттың кеңес беру» атты қоғамдық қордың басшысы Е.Е.Бурова университеттің әр факультетінен жиналған студенттермен арнайы кездесу өткізді. Университетке қарасты «Нұр» клубы да ұйытқы болған шарада негізінен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, дін туралы заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Кездесу қазіргі күнгі аса өзекті тақырыпты қозғауымен және дінтану мамандығының студенттерінің қатысып баяндама жасауымен де ерекшеленді. Е. Бурова өз сөзінде қазіргі кездегі Қазақстандағы діни жағдай туралы және діни мәселелерді мемлекеттік тұрғыда реттеуде заңға тиісті өзгерістер енгізудің қажеттігіне кең тоқталды. Экстремизм мен терроризмнің ерекшеліктерін, осы індетпен жаппай күресуде жеке адамның қандай міндеттері барын түсіндірді. Баршаға белгілі болғандай, бүгінде елімізде діни жағдайларды кең түсіндіруде ақпараттық түсіндіру топтары көптеп жұмыс істеуде. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолға алуымен    халықты ақпараттандыру мен діни сауаттылығын арттыру мақсатында республика бойынша 306 арнайы теологиялық және ақпараттық топ жұмыс істейді. Бұл ақпараттық топтардың қатысуымен 13 мыңнан астам әр түрлі форматтағы  іс-шаралар өткізіліп, аталған іс-шараларға 1 млн. адам жұмылдырылған. Бүгінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес табанды жүргізілуде. Қазақстандықтардың 85 % деструктивті идеялардың таралуына қарсы ұстанымда. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы Министрлік баспа өнімдерін шығаратын  2925 нысандарға  талдама жұмыстарын жүргізіп, оның ішінде 136  нысанның заңға қайшы әрекетін анықтаған. Ғаламтор кеңістігі бойынша екі жылдың ішінде 14 628 сайт зерттеліп, оның ішінде 3371 ғаламтор ресурсы құқыққа қарсы келетін теріс бағыттағы  материалдар жариялаумен айналысқанын анықтаған. Осындай көлемді жұмыстарды жүргізу негізінен заңға сүйенетіндіктен қазіргі уақытта 2011 жылғы Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңның баптары қатайтылу үстінде. Семинарға қатысушылар Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңның жекелеген баптарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулармен кеңінен танысты. Құқықтық тұрғыда әрі діни сауатты болу діни экстремизммен күресте негізгі ұстын болуы тиіс деген ой тұжырымдалды. Шара барысында студенттер өздерін толғандырған сауалдарға тұщымды жауаптар алып, аталған семинарды ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

 

Бағашаров Құдайберді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы 

0 пікір
Мұрағат