«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешіті саябағына тауыс құстары жіберілді (фото)
«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешіті саябағына тауыс құстары жіберілді (фото)
8 жыл бұрын 3955 muftyat.kz

«Жаратқан жаппар хақтың бұл да құсы,

Құстың да жай құсы емес, күнбағысы»

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешіті – Павлодар қаласындағы көрікті орындардың бірі. Ал құлшылық үйінің айналасына тиесілі аумақ 7000 ш.м құрайтын жасыл желекке оранған саябақ екенін жамағат жақсы біледі. Дінімізде ағаш отырғызу сауабы мол істердің қатарына жатады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде «Бір ағаштан адамдар, жануарлар немесе құстар пайдаланатын болса, ол ағашты отырғызған адам үшін бір садақа болады» (И.Шарани), деп артындағы үмбетіне мәні мен мазмұны терең өсиет қалдырған. Сондықтан да мешіт аумағын көріктендіру, ағаш егу, гүлдермен безендіру, келушілер үшін көз тартарлықтай дүниелерді орналастыру құптарлық іс.  Алла Тағалаға құлшылық жасау үшін құдай үйіне қарай қадам басқан адам мешіт аумағына енген сәттен бастап, самсаған сұлу сәмбі талдарға, жасыл желектерді тамашалап, әсем құстардың үнін естісе, көркем бейнесін көріп көзін қуантса, жүрегі рахатқа бөленері хақ. Бұдан кейінгі Жаратушыға жасайтын құлшылығы да  рухани ләззатқа толы болары анық.

Осы мақсатты көздеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исенов көптен бері ойында жүрген идеяны жүзеге асырды. Бірнеше ай бұрын мешіт басшылығы, қала әкімдігі және Павлодар орман қорғау мекемесі арасындағы уағдаластық бойынша павлодарлық орманшылар Мәшһүр Жүсіп мешітіне тауыс құстарын тапсырды. Павлодар орман қорғау және жануарлар әлемі Павлодар мемлекеттік мекемесінің  директоры Аждар Жүсіповтің айтуынша, 2,5 жастағы аталық және аналық құстар Түркістаннан жеткізіліп, жергілікті ауа райы жағдайына бой үйреткенін айтады.

Экзотикалық құстарға саябақ аумағынан кең қоршау орнатылып, еркін жүріп-тұруларына барлық жағдайлар жасалды. Оларды күтіп-бағу үшін арнайы мамандар жұмылдырылған.  

- Меценаттардың қолдауымен құстар мұнда жаз мезгілінде мекендейді. Оларды  күтіп-баптауға да өздері ниет білдірген. Күн суытысымен  басқа орынға ауыстырылатын болады. Мұның барлығы имандылық ордасына  адамдарды көбірек тарту мақсатында атқарылып жатқан шаралар. Алдағы уақытта қырғауылдарды  әкелу жоспарда бар, - дейді  орталық мешіттің наиб имамы Ербол Құдабаев.

0 пікір
Мұрағат