Кіші қажылықты бақылауға алуды ұсынып отыр
Кіші қажылықты бақылауға алуды ұсынып отыр
8 жыл бұрын 2776 Арман АСҚАРОВ

«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораздың айтуынша, бүгінде кіші қажылық – ұмыра аясында кез келген адам елшіліктен виза алып, Сауд Арабиясына бара береді. Осы жұмысты бақылап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан үлкен қажылықпен бірге ұмыра мәселесін де қадағалауға алу қажет, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Жалпы, діни туризм деген таным-түсінік жоқ. Діни құлшылық үшін жасалынатын туризм бар. Біздің тілмен айтқанда, бұл – қажылық. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы қажылық миссиясы осы қажылық мәселелерімен айналысады. Алайда біз толыққанды қажылық жұмыстарын реттей алмай отырмыз. Себебі заңдық-құқық негіз әлсіз болып тұр. Бұл жерде үлкен қажылық, одан басқа жыл он екі ай орындалатын кіші қажылық бар. Адамдар елшілікке барып, виза алып алады да, сол жақта бір айға дейін жүреді. Демек, басқа біреулерден дәріс алады, сабақ алады. Қазір біз қажылықты игере аламыз. Бірақ ұмыра мәселесін реттейтін заңнамалық актілер жоқтың қасы», - деді Серікбай қажы Ораз сұхбатында.

Бас имамның айтуынша, діни басқарма қажылық мәселесін жеке меншік фирмалардың еркіне беріп қойды. Негізі, діни ғибадатқа қатысты діни туризмнің баршасы діни бірлестіктердің құзырында ашық әрі мемлекеттік бақылауында болуы қажет. Экстремизм мен тероризмге арналған жаңа заңның аясында осы мәселені реттеу көзделіп отыр.

«Бүгінде бізде ғана бұл жүйе либералды болып тұр. Басқа мемлекеттерде ешқандай жоқ. Көрші қырғыз елін алатын болсақ, ол жерде бір-ақ миссиясы жұмыс жасайды. Әркім мен қажылыққа барамын деп, кете бермейді. Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан бұл мәселені реттеп қойды. Неге біз бөлектенуіміз керек? Қазақстанда ортақ бір миссия, бір орган жұмыс жасап, бақылап отыруы қажет. Осыны дұрыс түсіну керек, қажылықты бақылау оңай. Өйткені, ол 20 күннің ішінде өтіп кетеді. Ал ұмыра бойынша бір айға визаны алып алғаннан кейін біздің азаматтарымыз ол жаққа барады да, қалып қояды. Ал сол жердің заңнамасына сәйкес, екі-үш ай қалып қойғандар белгілі бір айыппұлдарды төлеп, елден шығарылып отырады. Демек, адам үш ай бойы басқа идеологияның ықпалында болып, келгеннен кейін сол ағымның белсендісі болып жүреді», - дейді Серікбай қажы Ораз.

Айта кетейік, күні кеше Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен өткен "Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары" тақырыбындағы "дөңгелек үстел" отырысында жаңа заңға қатысты сан алуан мәселелер талқыға салынды. Сол жерде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Белісбеков Сирияға кеткен жиһадшылар елге оралып, террористік актілер жасауы әбден мүмкін деп мәлімдеді. Журналистерге сұхбат берген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мешіттердегі уағызды орысша оқуды ойдан шығармағаны жайында айтып, дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев бараxолкада заңсыз діни әдебиеттердің сатылатынын, ал дүкенде Құранды сатуға тыйым салып отырғанын жеткізсе, Н.Ерімбетов террористік аxуалдың ушығып кетуіне журналистер кінәлі деп санайды. Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин болса, терроризмге қарсы заң жобасын дайындауға бүкіл қоғам белсене атсалысу қажеттігін жеткізді

0 пікір
Мұрағат