Қазпошта «сәлемдемелер супермаркетін» іске қоспақ (фото)
Қазпошта «сәлемдемелер супермаркетін» іске қоспақ (фото)
7 жыл бұрын 3046 Baq.kz

«Қазпошта» АҚ өз клиенттеріне көрсетілетін қызмет түрлеріне өзгертулер енгізіп, жаңарту бағдарламаларын іске асыруда. Солардың бірі – жақында іске қосылатын «сәлемдемелер супермаркеті». 

«Болашақта барлық аудан орталықтарында орталық операциялық учаскелердің барлығы модернизациялау жұмыстарынан өтеді. Соңғы кезде интернет-дүкен арқылы тапсырыс беру, сәлемдемелерді алу кең тараған. Сондықтан, біз негізгі клиенттерімізге, тұтынушыларымызға қолайлы жағдайды жасамақпыз. Бізде сәлемдемелер супермаркеті ашылады. Сәлемдемелер супермаркетінің негізгі міндеті – клиенттерімізге бізсіз ақ сәлемдемелер алуға мүмкіндік беру. Сәлемдемелер түскен жағдайда біз клиенттің ұялы телефонына СМС-хабарлама жібереміз. Одан кейін клиент өз пошта бөлімшесінде терминал арқылы заттары тұрған ұяшығының номерін алып, кез келген уақытта өз сәлемдесін ала алады. Ең бастысы, тұлғасын растайтын жеке куәлігі болуы шарт», - деді «ҚазПошта» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әнуарбек Әбдімомынов.

Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен іске асып жатқан бұл бағдарлама аясында тұрғындарға ыңғайлы болу үшін біраз жұмыс жасалды. Бұл компанияның шығындарын қысқартуға да едәуір септігін тигізбек.

«Сонымен қатар, бұрынғы кезде қызмет көрсету кезінде кассада тұрған клиенттерімізде ыңғайсыздау жағдай болатын. Қазіргі уақытта біз арнайы корпоративтік клиенттерімізге арнайы аймақ ашамыз. Сол корпоративтік клиенттерімізге жеңілдіктер болады. Жалпы бізде жасалып жатқан жұмыстарымыздаң барлығы клиенттеріміздің талабына сай жасалып жатыр. Алдағы уақытта өз-өзіне қызмет көрсету аймағын ашамыз. Ол жерде банкомат бар, терминалдар, постомат құрылғылары болады. Олар 24 сағат бойы қызмет көрсетеді», - деді Ә.Әбдімомынов.

Яғни, пошта бөлімшелері біршама заманауи құрылғылармен қамтылмақ. Бөлімдер бірнеше залға бөлінеді. Бұның алдында қажетті қызметтері әр түрлі адамдар бір кезекке тұрса, енді әрқайсысы үшін арнайы бөлім жұмыс жасайтын болады. Бұл да клиенттер мен қызметкерлердің уақытын үнемдеуге бірден бір жол. Жаңартылған пошталарда қаржылық аударымдар, пошта байланысы, ақша айырбастау сынды қызметтер үшін арнайы бөлімдер ашылмақ. Олардың барлығы да банкомат, постомат сияқты жаңа технологиялармен жабдықталады. Ал жеке тұлғалар мен корпоративтік клиенттер үшін арнайы операциялық зал іске қосылады. Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де арнайы, тез, әрі оңай көрсетілетін қызметтер қарастырылған. 

Бұдан бөлек, Атырау пошташаларына Ел егемендігінің 25 жылдығына орай қызметте пайдаланылатын 8 көліктің кілті салтанатты түрде табысталды. Алдағы уақытта елімізде әлі де 40 көлік пен қажетті құрал-жабдықтар бөлінбек. Ал жөндеу жұмыстарынан еліміз бойынша жүз пошта бөлімшесі өтуі тиіс.

«Қазір жөндеу жұмыстары қолға алынған бөлімшелердің бірі Абай көшесі, №6 үйінде орналасқан орталық қызмет көрсету бөлімшесінен бөлек №7, №5 және №3 пошта байланысы бөлімшелеріне де жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан басқа облыстағы төрт аудан (Құрманғазы, Қызылқоға, Жылыой, Исатай) орталығындағы бөлімшелер де кезегімен жаңартылатын болады», - деді Атырау облыстық филиалының директоры Бауыржан Өтепбаев.

 


 

0 пікір
Мұрағат