Қазақтың қазиы болған Сәдуақас Ғылманидың қызы өмірден өтті
Қазақтың қазиы болған Сәдуақас Ғылманидың қызы өмірден өтті
7 жыл бұрын 3350

Ел руханиятында үлкен қолтаңба қалдырған көрнекті қоғам және дін қайраткері, хадисші, ақын Сәдуақас қажы Ғылманидің қызы Әмина Сәдуақасқызы 78 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Садуақас Ғылмани (1890-1972) – Ерейментаудағы бірнеше мешіттің алғашқы имамы болған. 1952-1972 жылдары Қазақстан қазиятының қазиы, сондай-ақ Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының мүшесі қызметін атқарған қайраткер. Ағартушы ғалым 70-жылдары «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап, 110 мыңға жуық сөзді қамтыған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Ел аузынан жиған-тергендер (би-шешендер мұрасы)» жинағын даярлады. Құран Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәпсірлерін, сондай-ақ мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен діни уағыздарды да әзірлеген.

Әмина Сәдуақасқызы осындай данагөй әкесінен жеткен мұраларды көздің қарашығындай сақтап, Ғылмани шығармашылығы мен ғылыми еңбектерін айғақтайтын тұңғыш музейдің ашылуына тікелей ұйытқы болды. Елорда руханиятының қайнар бұлағына айналған Ғылмани музейі байырғы мешіт орнынан ашылған. Әке еңбегінің ескерусіз қалмай, құнды жәдігерлер мен маңызды мұраларды жұртшылықтың терең тануына, тарихты терең ұғынуына, діни құндылықтармен халықтың қайта қауышуына үлес қосты, жан аянбай еңбек етті.  

Әмина Сәдуақасқызының қазасына байланысты жақындары мен туыстарына көңіл айтып, Алла Тағала артындағы ұрпақтарына иманды ғұмыр, ел-жұртына баянды болашақ нәсіп етуін сұраймыз. Алла алдынан жарылқап, жанын жәннаттан еткей!

0 пікір
Мұрағат