Қазақстандағы туризмнің болашағы қандай?
Қазақстандағы туризмнің болашағы қандай?
7 жыл бұрын 8396 bag.kz Бек Төлеуов

Әлемде дамыған елдердің көбісі туризмге ерекше мән береді. Өйткені, бұл сала мемлекет үшін табыс көзі. Өкінішке қарай, Қазақстанда көрікті жерлер мен тарихи нысандар көп болғанымен қызмет көрсету, жол мәселесі, маркетинг бір жолға қойылмаған. Оның үстіне бағалары да айтарлықтай қымбат екені жасырын емес. Аталған мәселелер өз шешімін тапса, отандастарымыз Анталья емес, Алакөлді бетке алар еді деп ойлаймыз.

 

Мысалы, 2016 жылы шағын ғана мемлекет Сингапурге 16,4 млн турист келген. Соның арқасында туризмнен түсетін табыс 13,9 пайызға өсіп, 24, 8 млрд долларға жеткен.

Елімізде орташа табыс табатын қарапайым адамдардың өзі 200-300 мың теңгесі болса, Таиландқа, Дубайға барып келуге құмар.

Биылдан бастап, 45 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алатын болды. Олардың қатарында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Еуропалық одақтың мүшелері, сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Сингапур сияқты елдер бар. Бірақ, сонда да келушілер тарапынан ынта-ықылас жоқ.Универсиада кезінде 30 мың турист келеді деп күттік. Бірақ, 2000 мыңға жетпейтін шетелдік болды.

Осы орайда әлеуметтік желіде сауал тастап көріп едік. Көпшілігі, халқымыздың жалқаулығын, инфрақұрылым, қызмет көрсету, бағаның қымбат болуын алға тартқан.

«Ең бірінші, туризм табыс әкелетінін өзіміз мойындап алу, екінші инфрақұрылым, жолдың түрі анау. Үшінші - насихат жұмыстары. Соңғы екеуі аса проблема емес, алдыңғысы өзекті болып отыр», – дейді Саясат Идеятұлы.

Тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы халық саны арта түссе, бұл сала өздігінен дамиды. Ал дәл қазір бізде бар табиғи әдемі жерлер өзге елдерде де бар. Сондықтан басқаларды қызықтыру қиын деп отыр.

«Қазақстанда туризм даму үшін айналасындағы елдерде де бұл сала дамуы керек. Еуропаға барған турист бір елмен шектелмейді. Өйткені бәрі бір-бірімен тығыз орналасқан. Аз күн ішінде бірнеше қаласын, тіпті бірнеше елді аралап қайтуға болады. Халық тығыз жерде сервис те жақсы болады. Бізде олай емес, аудан, қалалардың арасы алшақ. Екіншіден, бізде бар дүние басқа елдерде де бар. Суға шомылу үшін сандалып сервисі төмен Қазақстанға келу маңызды емес. Табиғат тамашалау үшін де Қазақстан таңдаудан тыс қалады. Өйткені, тұмса табиғаты таңдай қақтыратын елдер жетіп артылады. Универсиада өткізіп те, ЭКСПО жасап та шетелдіктерді тарту қиын.

Үшіншіден, Қазақстанда музей аралап та ләззат таппайсың. Себебі, бізде әлемге қызық болатындай тақырыптар аз. Өзіміз ғана білетін тұлғалар, өзіміз ғана білетін соғыстар, өзімізге ғана таныс тарихтың үзінділері ғана. Туризм жалпы бірден дамитын сала емес қой. Кешенді жұмыс жүру керек. Инфрақұрылым, жолдар салыну қажет. Қазақстанда жоқ дегенде «Атлетико Мадрид» деңгейіндегі клубтар болуы қажет. Қазақстаннан мықты ғалымдар шығуы қажет. Қазақстаннан мықты әншілер шығуы керек. Медицина мықты болу тиіс. Тур де франс секілді кемі бір айға созылатын дәстүрлі жарыстар өтуі керек. Арзан әрі оңтайлы ем-домды Қазақстаннан алу қажет. Осылай сабақтасып кете береді. Туризм – өмір бойы дамитын сала. Ертең халық саны арта түссе, бұл сала өздігінен дамиды», – дейді Жандос Байділда есімді әлеуметтік желі қолданушысы.

Елдегі туризмнің дамуына ауа райының қолайсыздығы да әсер етеді. Сондай-ақ, тамақтану жағы да кемшін екені айтпаса да түсінікті.

«Бізде туризм неге дамымайды? Біріншіден, жалқаумыз. Екіншіден, қалалардың арасы алшақ, аз уақытта бірнеше қаланы аралауға мүмкіндік жоқ. Үшіншіден, ыңғайлы көлік қатынасы жолға қойылмаған. Төртіншіден, сервис артта қалған. Бесіншіден, қымбатшылық. Алтыншыдан, қауіпті: нон-стопқа ұрыну, «менттерге» тоналу сияқты... Жетіншіден, туристерді қызықтыратын өзіндік стиль жоғалып барады: мәселен, ірі қалаларда ұлттық тағам түрлерін дайындайтын орындар, шығыс стиліндегі ғимараттар аз. Шыныдан салынған ғимараттар көп... Сегізіншіден, жемқорлық өршіп тұр: туризм саласын дамытуға ықпал ететін жобалардың артында бірнеше миллиард қолды болып, бірнеше адам сотталады. Тоғызыншыдан, көп өңірде қыс ұзақ, суық, қар қалың, қыдырмақ түгілі көшеге шыққың келмей қалады. Қорыта келгенде, Қазақстанда туризмді гүлдендіру деген таяу он-жиырма жылда бос утопия. Түркістан, Алматы, Бурабай, Алакөл, Қапшағай сияқты нақты орындарда ғана аздап бірдеңе істеуге болады», – дейді Арнұр Асқаров есімді қолданушы.

0 пікір
Мұрағат