Қазақстандағы радикализмнің ерекшелігі
Қазақстандағы радикализмнің ерекшелігі
7 жыл бұрын 3548 Ерлан ҚАРИН, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры

Діни экстремизм мен терроризмді зерттеу барысында біз барлық радикалды топтарды шартты түрде үшке бөлдік – диверсиялық (сырттан арнайы мақсаттары мен жоспарлары бар дайындалған адамдар), жамағаттар (діни негізде біріккен жастар қауымы) және қылмыстық топтар (қарапайым қылмыстық топ, жетекшісінің немесе басқа факторлардың әсерінен діни радикалды топқа айналған). Көптеген осындай топтар қылмыстық топтар мен діни қауымдардың бірігуі негізінде пайда болуда. Олардың көбісінің әрекеттері тек қылмыстық мақсатта болған, ал діни-экстремистік идеология тек негізгі әрекеттерін жасыру үшін қолданылған. Мұны қазақстандық радикализмнің өз ерекшелігі деп те атауға болады.
Мазмұнында тек қызмет бабында пайдаланылатын ақпарат болуына байланысты зерттеу толығымен жарияланбады.
Зерттеуімізді бастағанда жұмыс гипотезаларымыздың бірі осы еді. Бірақ, ол расталмады. Біз де Ауғанстанға, Сирияға жұмыссыз, түңілген адамдар ғана барады деп ойлаған едік. Бірақ, сыртқа кеткен көпшілік адамдардың табысы жақсы, жұмыстары болғандығы анықталды. Жақында әкесі өзінің үлкен баласы сол жақта қайтыс болғанына қарамастан, екі баласымен Сирияға аттанбақ болған.
Зерттеуіміздің нәтижесінде, «терроризм» бабы бойынша сотталғандарға ортақ мәселе – ол жастық шақтарында болған отбасылық және жеке факторлар. Яғни, біздің терроризмде де жасөспірімдер суицидіне тән тамырлар орын алады – отбасында түсінбеушілік, рухани және жалғыздығы.

Ескі көзқарастан арылу керек

Экстремизм мәселесі – бұл білім деңгейінің төмендеу мәселесі. Біздің біліктілігіміздің жалпы деңгейі төмендеп кеткен. Мұны мойындауымыз қажет. Сондықтан, мен бізде террористік қауіптер болған жағдайда дінтану мамандығына гранттар бөлуді басқа әлеуметтік мамандықтардың – әлеуметтану, саясаттану, философия есебінен көбейтуге қарсымын. Бұл экстремизм мәселесін қиындатқаны болмаса, жеңілдетпейді: сауаттылығы аз топқа үстемдік жүргізу жеңіл болады. Өкінішке қарай, экономикалық және математикалық білімдер гуманитарлық саладағы сауатсыздықтан құтқармайды.
Ең алдымен, терроризмге қарсы күресу тек арнайы қызметтердің міндеті еместігін қоғам түсінуі керек. Бізде көбінесе бір жағдай болса, ҰҚК қарамады деп шығады. Алайда, неге оның әке-шешесі, көршілері, туыстары қарамады? Бізде көршілері көршілік жасап, кейін терактіде қолданылған қаруды тығып көмектескен жағдайлар да орын алған. Немесе аңшылыққа шығу үшін әскери қаруды сұрап алған. Бұл үлкен қантөгіске әкелуі мүмкін шалыс әрекеттер.
Біздің қоғам өмір туралы кешегі, өткен, ескі көзқарастарынан арылуы керек. Тіпті, кешегі жер дауы да қоғамда әлі күнге дейін реформалар мен өзгерістерден қорқыныш, мемлекетке үміт арту кемдігі тәрізді консервативтік көзқарастар үстем екендігін көрсетті.
Кезеңдік террористік шабуылдардың қауіптілігі орасан зор – заманауи коммуникация құралдары үздіксіз насихат жүргізуге мүмкіндік береді және олардың барлығын жабу түбегейлі мүмкін емес. Сондықтан, тоқтатуға бағытталған антитеррористік жұмыстарды жалғастырып, жетілдіру қажет.
Жалпы Қазақстанда терроризмнің фундаменталдық базасы бар деп айта алмаймын. Себебі, ол орын алған мәселелерді шешуге бағытталған, ал ол мәмілеге талпынатын біздің болмысымызға сәйкес келмейді.

Радикалдар өш алғысы келді 

Негізінде біз ұзақ уақыт бойы ең қауіпті массалық терактілерден, ел ішінде халықаралық терроризммен байланысы бар ұйымдар құру тәрізді жағдайлардан қорғана алдық. 1990 жылдары қауіпті жерлерге жақын болуымызға орай Қазақстанның тұрақтанбаған қауіпсіздік жүйесін пайдаланғысы келгендер болды. Бұл жағдайға орын бермеуімізге Антитеррористік орталық құру стратегиясын таңдап, арнайы қызметтердің тиімді жұмыстары септігін тигізді.
Қазақстанда әрекет жасағысы келген көптеген топтар дұрыс қамданбаған. Неге? Себебі арнайы қызметтер олардың қару алу көздерін жауып отырды, мұндай құрылымдарды тоқтатты. Сондықтан, радикалдар бірінші кезекте өш алу ретінде әскери қызметкерлерге қарсы әрекет жүргізді. Ақтөбеде бірден шабуыл жасаудың, себебі де осы еді. Себебі, арнайы қызмет жергілікті радикалдардың Сирияға шығу әрекеттеріне тосқауыл қойған болатын..
Негізінде, терроризм тек идеологиямен қамданса, мұның бәрі әлдеқайда жеңіл болар еді. Бірақ, бұл құбылысты ұзақ жылдар бойы зерттей келе, мен мұның тек діннен алшақ мақсаттарға жету үшін әр түрлі күштермен қолданылатын құрал екен деген қорытындыға келдім. Егер, Таяу Шығыста, мысалы, Сирияда әлемдік және аумақтық державалардың мүдделері соқтығыспағанда, ДАИШ бірнеше айдың көлемінде жойылатын еді.

Сәлафизмге қатысты қос көзқарас

Сәлафизм мәселесіне қатысты пікірталас бірнеше ай бойы жүріп келеді. Бұл тақырыпта әр түрлі тараптар – мемлекеттік органдардың өкілдері, теологтар, сарапшылар және заңгерлер өз пікірлерін білдіруде. Бұл тұрғыда, екі түрлі көзқарас орын алды. Біріншілері – бұл ағымға заңнамалық деңгейде тыйым салу қажет десе, екіншілері – сәлафизмге тыйым салу үшін құқықтық жағынан бірнеше мәселелер болуына байланысты мүмкін еместігін алға тартуда. Өкінішке қарай, бұл пікірталас бірнеше айға тым ұзақ созылып отыр. Менің ойымша, нақты бір шешімге келуге өз ықпалын тигізе алмайды. Бұған қоса, ұзаққа созылған пікірталастар қоғам көңілін негізгі мәселеден алшақтатады. Сондықтан, мен бұл жағдайға қоғамдық ой-пікір тұрғысынан қарауды ұсынамын. Мен аудандарға жиі шығамын, көптеген қарапайым адамдармен, ақсақалдармен, діндарлармен, жастармен көп кездесемін. Олардың бәрінде мемлекет нақты әрі шешімді әрекеттерге көшу қажет деген үміттері бар. Жергілікті халық көңілінде мемлекет мұның бәріне тосқауыл қойып, өзінің қауқарын көрсете алады ма? – деген сауалдар жеткілікті. Басқаша айтқанда, бұл мәселедегі заңнамалық және басқа да аспектілер туралы сөз қозғағанда қоғам ішінде туындайтын мәселелерді де қаперге алған жөн.
Біз кейде қажеті жоқ жерде шетелдік тәжірибеге қарап, өзімізге көп күмәнданамыз. Шешім қабылдай отырып, біз бірінші кезекте белгілі ішкі жағдайларды, өз мүдделерімізді ескеруіміз қажет. Әлбетте, шетелдік тәжірибені зерттеп, ескерген жөн, бірақ, бұл ең басты дәлел болмауы керек. Өзіміздің ішкі мүддемізге сай шешімдер болуы керек.

…Бұл сөзден гөрі, нақты әрекет болар еді…

Көптеген сарапшылар сәлафизмнің ұйым емес, тек заңнан тыс жариялауға келмейтін идеялық ағым болуына байланысты тыйым салуға болмайды. Дегенмен, менің пікірімше, мемлекеттік органдар қалай да болғанда шешім шығаруға септігін тигізетін нақты аспектілер бар тәрізді. Бұл әдебиеттер мен материалдардың тиісті тізімі, өкінішке қарай, бүгінгі күнде әдебиеттер мен түрлі уағыздар көптеп таратылуда. Менің көзқарасым бойынша, Уәкілетті орган, мысалы, Дін істері комитеті (ДІК) әдебиет пен белгілі бір уағызшылардың материалына тыйым салу бойынша нақты шешім қабылдауына болар еді. Не болмаса дінтану сараптамасын жүргізіп, анықталған діни әдебиеттердің тізімін Бас прокуратураға жолдаса болады. Онда олар сотқа беріліп, тыйым салу бойынша шешім қабылданады. Бұлардың барлығы заңгерлер мен басқа мамандар арасындағы заңдық негізге тірелетін мәселелерді шешудегі мәмілеге әкелетін нұсқалардың бірі болып табылады. Мұндай шешім қабылдауға негіз ретінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының мәлімдемесін ұсынуға болады. Өз кезегінде оларда осы және басқа да ағымдар уағыздап жүрген көзқарастардың біздің қоғамдағы негізгі құндылықтарға және ислам дәстүрлеріне қайшы келетіндігін анықтайтын қандай да бір құжат қабылдауы тиіс. Негізінде, бұл үрдісте жалпы негізгі рөл ҚМДБ-ға берілуі қажет.
Өкінішке қарай, теріс діни материалдарды ғаламтордан да, даладан да тауып алуға болады. Мұндай ақпараттарға тыйым салып, жауып тастауымыз керек. Өйткені, осы қадам «бұл қауіпті ағымдар, олардан адамдарды қорғау керек» деген тәрізді сөздерден гөрі нақты әрекет болатын еді. Бұл пікірталастарға нүкте қойып, адамдарға нақтылы нұсқаулар беретін кез келді.

0 пікір
Мұрағат