ХҰСАМ ӘД-ДИН АС-СЫҒАНАҚИ МҰРАСЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
ХҰСАМ ӘД-ДИН АС-СЫҒАНАҚИ МҰРАСЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
7 жыл бұрын 6536

Ел руханияты тағы бір тарихи еңбекпен толысты. «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім мен докторант, исламтанушы Серік Тәжібаев Хұсам ад-Дин Хүсейн ибн Әли ибн Хажжаж ас-Сығанақи бабамыздың «Ат-Тасдид фи шарх ат-Тамһид» атты қолжазба еңбегін әзірледі.

Туынды бүгінгі қоғамда дін саласындағы көптеген талас-тартысқа нақты жауап беруімен құнды болып саналады. XIII-XIV ғасырлардағы қазақ даласының перзенті, ислам әлемінде өз қолтаңбасын қалдырған ғұлама Хұсам ад-Дин ас-Сығанақидың бұл еңбегі кәләм мектебінің бірі – мәтуриди ақидасы бойынша Ан-Насафидің (1047-1115ж.ж.) «ат-Тамһид» атты кітабына жасалған түсіндірме қайнар көз ретінде танылған. Мәтуридилік ақида мектебі жайында жазған ғалымдар көп болғанымен, қазақ даласынан бұл тақырыпта еңбек жазған алғашқы ғалым – Хұсам ад-Дин ас-Сығанақи. Әлемдік кітапханаларда сақталған көне қолжазба нұсқалары күні бүгінде дейін зерттелмеді. Бұған ғұлама жайында қолжазба деректер араб тілінде болуы және олардың әлемнің әр жерінде сақталуы қолбайлау болған. Ас-Сығанақиге қатысты құнды мәліметтер орта ғасырлық араб кітаптарында кездеседі. Отандық ғалымдарымыздың жаңа туындысы ислам ілімдерін, оның ішінде, кәләм ілімін зерттеуші ғалымдарға, ізденушілерге, студенттерге, сондай-ақ, дінге қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған.

Кітап «Нұр-Мүбарак» баспасында арабша, қазақша тілде 434 бетпен жарық көрді. Қазақша бөлімі ас-Сығанақидың өмірі мен еңбектеріне арналған. Ал арабша бөлімінде «Китаб ат-Тасдид фи шарх ат-Тамһид» деген атаумен ғұламаның қолжазбасы берілген. Араб тілін білетін оқырман орта ғасырлық құнды еңбекті түпнұсқа күйінде оқи алады.

0 пікір
Мұрағат