Қазақстанда сұранысқа ие көліктер анықталды
Қазақстанда сұранысқа ие көліктер анықталды
7 жыл бұрын 3192 Руслан Ғаббасов

2016 жылдың 10 айында Қазақстанда 665 млн. доллар сомасындағы 34,6 мың жаңа жеңіл көлік сатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«КазАвтоПром» автокөлік саласы кәсіпорындары одағы 2016 жылдың 10 айындағы жаңа жеңіл және коммерциялық жеңіл көліктер нарығына қатысушылар жұмысының қорытындысы туралы мәліметтерді даярлады. Қазан айында ресми дилерлерде сауда көлемі жағынан жоғары көрсеткіш болды. Айдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар еліміздің автоорталықтарында 3 826 жаңа жеңіл және коммерциялық жаңа автомобильдерді сатып алды, бұл өз кезегінде биылдың қыркүйегіне қарғанда 19,5 пайызға жоғары. Ағымдағы жылдың қаңтар-қазанында ресми дилерлер 34 581 автокөлік сатып, осы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58 пайызға төмен болды. Ол кезде 82 204 көлік өткен еді. Есепті кезеңде сатылған көліктердің жалпы сомасы 665 млн. АҚШ долларына бағаланып отыр»,-делінген автокөлік саласы кәсіпорындары одағының мәліметінде.

Белгілі болғандай, 10 айдың қорытындысы бойынша сатылған 26 382 көлік импортқа тиесілі болса, 8 199 сатып алушы өздерінің таңдауын қазақстандық автокөлік зауыттарының өніміне берді.

Елімізде сұранысқа ие брендтердің көшін «Lada» бастап тұр, яғни есепті кезеңде 6 578 машина өткізілді. «Toyota» дилерлері 6 547 көлік сатса, үштікке еніп отырған «Renault» компаниясының 3 180 автомобилі өз иелерін тапты.

Модельдер арасында бірінші орында «Toyota Camry» тұр. Жапондық седанды 2 553 мың сатып алушы қалаған. Сұранысқа ие модельдер бестігіне  «Lada Priora» (2269 көлік), «Lada 4x4» (1 685), «Renault Duster» (1502), сондай-ақ «Lada Granta» (1394) еніп тұр.

Сонымен қатар, қаңтар-қазанда жаңа көлікті сатып алу жағынан Алматы тұрғындары белсенділік (10484 автомобиль) танытқан. Осы ретте екінші орында Астана (6086 ) болса,  ал үшінші орыннан Атырау (2501) байқалды. 

0 пікір
Мұрағат