Қазақстанда шетел тәжірибесіне негізделген алимент төлеу қоры құрылады
Қазақстанда шетел тәжірибесіне негізделген алимент төлеу қоры құрылады
5 жыл бұрын 2576 bag.kz

Елімізде шетел тәжірибесі негізінде алимент төлеу қоры құрылуы мүмкін. Бұл мәселе алдағы уақытта Парламентте қаралады. Бүгінде алиментті сот арқылы өндіріп алудың жолдары қандай? Бұл туралы Алматы аудандық сотының судьясы кеңес береді, деп жазды «Аstana-akshamy» басылымы.

Алимент алудың ең тез жолы – алиментті өндіріп алу туралы сот актісі

Ол үшін сот үкімін шығару туралы өтінішпен сотқа жүгіну керек. 

1.  Сотқа жүгінген күннен бастап үш күн ішінде (борышкер мен талап қоюшыны шақырусыз) үкім шығады.

2. Сот оны сот орындаушыларының жергілікті палатасына тез арада орындауға жібереді.

3. Алимент сот үкімін шығару туралы өтініш берген күннен бастап өндіріліп алынады.

Мына жағдайларда алимент өндіріп алу туралы сот үкімі шығарылмайды:

Әкелікті анықтауға қажеттілік бар жағдайда;

- Талап қоюшы тұлға сот үкімін шығару туралы өтінішпен жүгінгенге дейінгі уақыт бойынша алимент талап етсе;

- Талап қоюшы тұлға алиментті тұрақты ақшалай сомада өндіріп алуды талап етсе.

Өтінішті талап қоюшының немесе борышкердің тұрғылықты мекенжайы бойынша сотқа беру керек, мұны өтініш иесі өзі шешеді. Өтініште талап қоюшының туған күні, ЖСН-і, борышкердің туған күні мен ЖСН-і болуы керек.

Өтінішке қоса:

- жеке куәлік (түпнұсқасы және көшірмесі);

- баланың туу туралы куәлігі;

- неке туралы куәлік;

- некені бұзу туралы куәлік немесе әкелікті анықтау туралы куәлік (жағдайға байланысты);

- талап қоюшы тұлға мен баланың мекенжай анықтамасын тіркеу қажет.

Алиментті өндіріп алу туралы талап бойынша мемлекеттік баж салығы салынбайды.

Борышкерге талап арыз бойынша қарсылық үшін он күн беріледі. Егер ол сотқа өз қарсылығын жолдап, сот үкімнің күшін жойса, сотқа талап арыз беру керек. Сот өтінішті сот отырысында қарайды. Егер талапты қанағаттандырса, алимент сот үкімі негізінде көрсетілген уақыттан бастап өндіріліп алынады.

Талап арызды Жоғарғы соттың ресми сайтындағы сот кабинеті арқылы онлайн беруге болады. 

0 пікір
Мұрағат