Қазақстанда еңбек кітапшасы болмауы мүмкін
Қазақстанда еңбек кітапшасы болмауы мүмкін
6 жыл бұрын 3998 Дәурен Ерболат

Электронды шарттар қағаз түріндегі еңбек кітапшасын қолданыстан алып тастауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

«Бүгінгі таңда біздің саланың барлық бағытын қамтитын бірыңғай ақпараттық жүйе жұмыс істеуде. Жүйеде 14,5 млн азаматтың дерекқоры бар. Ол онлайн режимде жаңартылып отырады. Азаматтарға көрсетілетін қызметтің барлық түрі автоматтандырылған. Биыл 19 миллион қызмет көрсетілді. Оның ішінде 3,2 миллионы «электронды үкімет» арқылы атқарылды. Әлеуметтік қамсыздандыру саласына қажетті қаражат көлемі жыл сайын осы жүйе аясында есептелінеді. Бүгінде осы жүйе арқылы өтетін төлем көлемі 3,5 трлн теңгеден асып отыр. Ендігі кезекте жүйені цифрлық технологиялар аясында дамыту жолдарын қарастырудамыз», - деді министр.

Оның айтуынша, енді электронды еңбек биржасының базасында жаңа жүйе енгізілетін болады.

«Электронды форматқа ауыстырылған еңбек шарттары қағаз түріндегі еңбек кітапшасын қолданыстан алып тастауға мүмкіндік береді. Электронды форматтағы еңбек шарттары азаматтың жұмыспен қамтылғаны туралы ақпаратты білуге, жұмысшының онлайн түрде профилін жүргізуге және оның құзыреттілігін растауға жол ашады», - деді министр.

Осы орайда Тамара Дүйсенова аталған жоба пилоттық режим түрінде облыстардың бірінде жүзеге асырылатынын атап өтті.

«Аталған жобаны жүйеге қосу Еңбек кодексіне өзгерістер енгізуді талап етеді», - деді ведомство басшысы.

Сөз соңында ол алдағы уақытта мүгедектікті анықтау өтінішін онлайн түрде жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа жүйені қолданысқа енгізу жоспарда бар екенін атап өтті.

«Мүгедектікті анықтау бойынша өтініш eGov арқылы электронды форматта келеді. Өтініш берушінің келуі қажет емес. Өтініш келген соң оны сарапшылар қарайтын болады», - деді Тамара Дүйсенова.

0 пікір
Мұрағат