Қазақстан ғарыш саласын игеруде қандай мемлекеттермен әріптестік орнатқан
Қазақстан ғарыш саласын игеруде қандай мемлекеттермен әріптестік орнатқан
7 жыл бұрын 2935 inform.kz Жасұлан Жолдыбаев

Қазақстан бүгінде ғарыш техникасы мен технологияларын шығаруда әлемдік көшбасшы болып табылатын елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуда. Бұл туралы ҚР Қорғаныс және әуеғарыш министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.

«Қазақстан бүгінде ғарыш техникасы мен технологияларын шығаруда әлемдік көшбасшы болып табылатын елдермен халықаралық әріптестікті сәтті жүзеге асыруда. Олар: Ресей Федерациясы, Франция, Германия, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль, Тайланд, Сауд Арабия, БАӘ, Швеция, Нидерланды және ТМД мемлекеттері. Жерсеріктер мен байланыс жүйелері ресейліктермен бірге жасалса, жерді орта және жоғары деңгейде қашықтықтан зондтау технологиялары Еуропаның ең үздік компанияларының  бірі - «Airbus Defence and Space» компаниясымен бірге құрылды», - деді Атамқұлов «Қазақстандағы ғарыш күндері-2016» атты халықаралық семинарда.

Сонымен қатар, ол елімізде ғарыш аппараттарын сынау және құрастыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатқандығын еске салды. Ғарыш саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстары да қарқынды қолға алынып отыр. 

«Қазақстанға мұраға қалған бірегей жобалардың бірі - «Байқоңыр» екені даусыз. Ол - жүз мыңдаған құрылысшы, инженер, әскери маман мен құрастырушының еңбегі. Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша, келер ұрпақ үшін бейбіт ғарыш саласының дамуы жолында аталмыш кешенді сақтап және ары қарай дамыту қажет. Стратегиялық әріптесіміз - Ресей Федерациясымен бірге Қазақстан ұлттық «Бәйтерек» зымыран кешенін құру жұмыстарын бастады», - деп атап өтті министр.

«Қазіргі уақытта азиялық мемлекеттер ғарыш технологияларын белсенді игеруде. Еуразиялық құрлықтың қақ ортасында орналасқан Қазақстан ғарыш құрылымдарымен етене байланыс орнату арқылы ортақ іс-қимылдың коммуникациялық алаңына айнала алады. Қазақстан ғарыш өнімдері мен қызметтерін сенімді жеткізуші ел ретінде танылуға біздің министрлік барлық күшті салады», - деді Атамқұлов.

Астанадағы халықаралық семинарға 20 мемлекеттен 50-ге тарта ғарыш компаниясы - «Airbus Defence and Space» (Франция), «Surrey Satellite Technology Limited» (Ұлыбритания), «IABG» (Германия), «МКК «Космотрас» (Ресей), «Hexagon Geospatial» (АҚШ), «UrtheCas»  (Канада); «SESTEMA/SUNACS» (Судан), «ГеоСкан» (Ресей), «Компания Совзонд» (Ресей), «Ракурс» (Ресей), «СКАНЭКС» (Ресей), Digital Globe (АҚШ) келіп отыр. 

0 пікір
Мұрағат