Қазақстан блокчейнге өту арқылы қанша қаржы үнемдейді
Қазақстан блокчейнге өту арқылы қанша қаржы үнемдейді
6 жыл бұрын 2898

Қазақстан қаржы жүйесін блокчейн базасына көшіру арқылы 3-4 млрд долларға дейін үнемдей алады. Осылай деп мәлімдеді Қазақстандағы Zion.city жобасының архитекторы Роберт Орландо Бекария, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі LS сайтына сілтеме жасап. 

Ол, алдымен, мемлекеттегі қаржы айналымының бірнеше млрд долларды құрайтынын сөз қылды. Спикердің айтуынша, осы ақшаның 3-4 млрд доллары тек эмиссия мен карточка қызметіне кетеді.

«Тіпті, мемлекет билігі көрші Қытайдан миллиард көлемінде несие алса, ақша аударымы үшін 3-4 млн доллар комиссия төлейді. Қаржы жүйесін блокчейнге ауыстырсақ, транзакция жасаған кезде аудиторлар мен делдалдар қажеті болмайды. Нәтижесінде ешкімге артық ақша төлемейсіз. Яғни келесіде Қазақстан блокчейнге ауысқан соң несие алса, көрсетілген қызмет үшін тек 10 доллар төлеуі мүмкін», - дейді әңгімелесуші.

Сарапшы қазіргі таңда транзакция үшін негізінен Visa және MasterCard сияқты жүйелердің ақша алатынын айтып өтті.

«Олардың барлығы америкалық ФРСЖ мен New York банкіне тәуелді. Блокчейн арқылы қазақстандық банктер аталған жүйелердің қызметін өздері орындап, Visa міндетін өздеріне жүктей алады. Нәтижесінде қазақстандық банктер жеңіске жетеді. Ал америкалық банктер жаңа бірнәрсе ойлап табуға мәжбүр болады», - дейді Бекария.

Спикер, мұнымен қатар, қаржы жүйесін блокчейнге ауыстырған соң мемлекетте ақшаның құнсыздануы төмендеп, ақша аударымдарының арзандай түсетінін айтты. Осының нәтижесінде несие пайызы да төмендеуі мүмкін.

«Сингапур моделінің негізінде қаржы орталығын құру үшін Қазақстанға $16 млрд қажет болады. Блокчейнде АХҚО-ны небәрі $5-6 миллионға құруға болады. Яғни, бұл жүйе барлық жағынан ұтымды. Оның үстіне, әлемде цифрландырылған заттар өте аз. Қазақстан кез келген жобаны цифрландырып, оны шетелде сата алады. Шын мәнінде, блокчейн жүйесі енді ғана дамып келеді. Қазақстан мұны ұтымды түрде пайдаланып алғаны жөн», - дейді әңгімелесуші.

0 пікір
Мұрағат