Қандай жолдар ақылы болады?
Қандай жолдар ақылы болады?
8 жыл бұрын 3307 7kun.kz

2017 жылы Қазақстанда екі шақырымнан астам жол жөндеуден өткізіледі деп жоспарланып отыр. «ҚазАвтоЖол» компаниясы нақты қандай жолдардың қайта құрылымданатынын айтып берді.

Жөндеу жұмыстары Талдықорған — Өскемен, Мерке — Бурылбайтал жолдарынан басталып, ары қарай сол бағытта «Орталық — Оңтүстік», «Орталық — Шығыс», «Орталық — Батыс», «Орталық — Солтүстік» дәліздерінде жалғасады.  Дегенмен, 2017 жылы мұны қаржыландыру жоспары әлі бекітілмеген. Ал 2016 жылы 158 млрд теңге бөлініп қойған.

«Бөлінген қаржы есебінен 10 облыстағы сегіз жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Ақмола облысында — 233 км, Алматы облысында — 120 км, Атырау облысы — 16 км, Ақтөбе облысында — 10 км, Қарағанды облысында — 93 км, Павлодар облысында — 349 км, Маңғыстау облысы — 100 км, Қостанай облысы — 3 км, Солтүстік Қазақстан — 87 км және Батыс Қазақстан облысында — 100 км жол жөнделіп жатыр. Жұмыс істеліп жатқан жолдың жалпы ұзындығы — 1,111 мың км, жыл соңына дейін оның 420 шақырымы пайдалануға беріледі.

Осы жылдың соңына дейін Алматы — Қапшағай, Астана — Теміртау, Астана — Петропавл мен Ақтау — Бейнеу бағыттарындағы жолдардың жөндеуін аяқтап, пайдалануға беріледі. Компания осылармен бірге, Тәуелсіздік күніне орай Павлодар облысындағы Ертіс пен Қостанай облысындағы Тобыл өзендерінде көпір де ашылатынын айтады.

Ақылы жол

«Қазір Тайвань, Түркия, Аустрия, Мажарстан, Франция мен Оңтүстік Корея, Испания, Қытай мен Ресей секілді жол мен қозғалыс саласының үздіктерімен кеңесу кезеңі жүріп жатыр. Кездесулердің басты мақсаты — аталған ел мамандарымен елдің географиялық орнын, трафик пен қозғалыс жиілігін зерттеп, Қазақстан жолдарына ақылы жол енгізудің ұтымды жүйесін таңдау. Әзірге ақылы жолдардан төлем алудың тиімді жүйесін анықтап, оны жетілдіретін жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының жасаған зерттеуіне қарай ең ұтымды жүйені қабылдаймыз. Ақылы жолдан түскен табыстың барлығы сол жолды жөндеу, реттеу секілді қызметтерге жұмсалады», — дейді компания.

Жалпы, 2020 жылға дейін республикалық я халықаралық маңызы бар 7 мың шақырым жолды ақылы ету жоспарланған. Ақылы болатын жолдардың ішінде  «Батыс Еуропа — Батыс Қытай», Астана – Қарағанды, Алматы – Талдықорған, Астана – Жақсы, Астана – Павлодар, Қарағанда – Алматы бағыттары бар. Сонымен қатар, Ресеймен шекарадағы Орал — Ақтөбе, Петропавл — Щучинск жолдарымен жүру үшін де ақы төлейтін боласыз.

0 пікір
Мұрағат