Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті
Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті
2 жыл бұрын 1695 akorda.kz

Жиын барысында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі мәселелері қаралды, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарлар белгіленді.

Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың толыққанды жұмысы үшін барлық қажетті шешімдер қабылданып, тиісті жағдай жасалғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикада қалыптасқан ахуал өңірлік те, жаһандық та тұрғыдан жіті көңіл бөлуді талап ететінін айтты.

– Үкіметтің бұдан арғы экономикалық саясаты қазіргі кездегі қатерлерді ескеруге бағытталуы керек. Бүгінде біз өзгерген ахуалды ескере отырып, жаңа іс-шаралар әзірлеуге тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрініс тапқан міндеттерді іске асырып жатқан Үкіметтің жұмысын жандандыруға назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі жағдайлар Үкіметтің алдына жаңа міндеттер қойып отырғанына тоқталып өтті.

Атап айтқанда, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап  Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енеді, сондай-ақ еліміз ДСҰ-ға кіру туралы келіссөздердің соңғы сатысында тұр, ал биылғы желтоқсанға дейін ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық бағдарламасы қабылданады.

– Жаңа  интеграциялық жағдайлардағы біздің экономикамыздың жұмысын жалғастырып, тереңдете түсу керек. Ресей мен Белорусьтің өңірлерімен белсене жұмыс жүргізіп, керек жерлерде сауда өкілдіктерін ашатын кез келді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы экспортты әртараптандыру үшін көлік бағдарларын дамытуды маңызды бағыт ретінде атады. Мәселен, «Қорғас Шығыс қақпасы» АЭА-дағы «құрғақ порт» құрылысын аяқтау, Ақтау мен Құрықта теңіз порттары инфрақұрылымдарын қалыптастыру туралы айтылды. Оған қоса, Парсы шығанағы мен Тынық мұхит жағалауындағы елдерде қоймалар салу мүмкіндігін қарастырған жөн.

Қазақстан Президенті экономика өсіміне серпін беру үшін 2014-2015 жылдары Ұлттық қордан бір триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданғанын еске салды.

– Өткен 3 айда шағын және орта бизнестің жалпы құны 78 миллиард теңгеге есептелген жобалары мақұлданды. Жобаларды нақты қаржыландыруға  47 миллиард теңге бөлінді. Бұл жақсы бастама, бірақ жеткіліксіз. Бөлінген қаражаттың әрбір күнгі бөгелісі – елдің экономикалық өсімі қарқынын бәсеңдету деген сөз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Үкіметке 1 қыркүйекке дейін Ұлттық қордан 2015 жылы 500 миллиард теңге мөлшеріндегі екінші транш бөлігін инвестициялау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді  тапсырды.

Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру Үкімет жұмысының басты басымдығы болып саналатынын атап өтті.

– 2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленіп, менің тарапымнан бекітілді. Онда өнеркәсіптің екінші бесжылдықтағы басымдығы бар салалары айқындалған. Биыл экономиканың іргелі салаларында – мұнай-газ және тау-кен металлургиясы салаларында оң өсім қарқынын қамтамасыз ету маңызды. Жаңа кен орындарын барлау мен қолданыстағы өндірістер қуатын жаңғырту жөнінде кең ауқымды жұмысты бастаған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта экономика өсімінің негізгі көзі ІЖӨ-дегі үлесі 53 пайызға жеткен қызмет көрсету саласы болып отырғанын айтты.   

– Қызмет көрсету саласының бәсекеге қабілеттілігін мақсатты түрде арттыру шаралары қолданылып жатқан елдерде еңбек өнімділігі өсуде. Ал біз әлі күнге дейін бұл саланы назардан тыс қалдырып келеміз. Мәселен, туризм саласында ашылған бір жұмыс орны өзімен бірге жеңіл өнеркәсіпте, азық-түлік өнеркәсібінде және көлік саласында қосымша жұмыс орындарының ашылуына себепші болады. Үкіметке жылдың соңына дейін Қызмет көрсету саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын әзірлеп, қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешені саласында өңдеу ісінің мәселелері шешімін табуды талап етіп отырғанын айтты. Қазіргі кезде отандық ауыл шаруашылығы өнімінің барлық өндірістері арасында әрі қарай өңдеумен айналысатындар олардың жартысына да жетпейді. Бұл ретте өндірістер қуаты орташа тек 3 пайызға ғана жұмыс істеуде.

Мемлекет басшысы мемлекеттік субсидияларды тек озық агротехнологияларды енгізіп, сұранысқа ие дақылдар өсіретін тауар өндірушілер алуы керектігіне көңіл аударды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің бытыраңқылығы мен өндіретін тауарлары  мөлшерінің шектеулігі проблемасын әсіресе ауыл шаруашылығы кооперациясын ынталандыратын заң жобаларын әзірлеу арқылы шешкен дұрыс.

Қазақстан Президенті бизнес жүргізу шарттарын жақсарту үшін жер учаскелерін рәсімдеуді жеңілдетуді, кәсіпорындарды тіркеуді, электрондық кедендік декларациялау, лицензиялар беруді автоматтандыруды қарастыратын бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылданғанын атап өтті.

- Мемлекет тарапынан соңғы жылдары көп нәрсе істелді. Енді біз соның нәтижесін және бизнестің оң өзгерістерін, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан мейлінше тиімді жұмыс жүргізілуін күтуге қақылымыз, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің Бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасын бекітуі қажеттігін атап айтты. Сонымен қатар, ол Үкіметке шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 2014 жылғы 1 қазанға дейін жинақталатын айыппұлдары мен өсімақылары бойынша салықтық рақымшылық жасауды тапсырды. Сондай-ақ мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқартуды жалғастыру талап етіледі.

- Жекешелендірудің екінші толқыны мен «Халықтық ІРО» бағдарламалары ілгері баса бастады. Мемлекет активтерінің орташа үштен бірі қысқарады деп болжануда. Жеке сектордың дамуына және жаңа меншік иелерінің пайда болуына мүмкіндіктер ашылуда. Үкіметке жекешелендірудің қарқынды, ең бастысы, ашық әрі мөлдір үдерісін жалғастыру керек. Бұл ретте жекешелендірілетін барлық нысандар өзінің тікелей мақсатында қолданылуы тиіс, - деді Қазақстан Президенті.  

Білім беру мәселелері жайында айтқан Мемлекет басшысы ЖОО-ларда оқу үшін берілетін білім гранттарына мемлекет айтарлықтай бюджет қаражатын бөлетінін, бірақ білім сапасының төмендігінен жекелеген ЖОО түлектері іс жүзінде жұмыс таба алмайтынын атап өтті.

- Кәсіптік білім беру жүйесіндегі мамандарды даярлаудың құрылымы мен сапасы еңбек нарығының талаптарына сай келмейді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соған орай Президент осы бағыттағы жұмысты күшейтуді, соның ішінде колледж оқушыларының міндетті түрде өндірістік тәжірибеден өтуін қарастыратын дуальдік оқыту туралы нормалардың заңнамалық тұрғыдан енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстан Президенті әлемдегі барынша дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру қажеттігін айтты.

Сонымен бірге, министрліктер және жергілікті атқарушы органдар өз міндеттерін шешу үшін қажетті дербестікке толық ие емес, өздеріне жауапкершілік алмайды. Бұл министрлердің бұйрығымен бекітуге болатын көптеген нормаларды қабылдауды Үкіметке жүктейтін қолданыстағы заңнаманың жетілмегендігімен де байланысты. 

- Елді дамытудың маңызды бағдарламалары қабылданды, бірақ бізде олардың орындалуы ақсап жатыр, жеделдік пен икемділік жоқ. Министрліктерде тапсырмалар мен міндеттерді орындаудың  көпбуынды күрделі жүйесі әлі де сақталып отыр. Тек соңғы жылдары ғана осындай көпбуындылықтан министрліктердегі ішкі құжат айналымы 3-4 есеге өсті, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің саны соңғы 10 жылда 8,5 мың адамға өсіп, 90 мыңнан асқанына назар аударды. Оларды ұстап тұру бюджеттің жыл сайынғы әкімшілік шығыстарының өсуіне әкелуде.

- Осындай икемсіз шенеуніктік аппарат қабылданған шараларды жүзеге асыруда тежегішке айналып, тиімділігін төмендетуде. Сондықтан әрбір басшы өз аппаратын жетілдіруді ойлауы керек, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік аппарат жұмысының жеделдігі мен тиімділігін көтеріп, қағазбастылық пен бюрократияны қысқарту үшін шешім қабылдау орталығын министрліктер мен өңірлер деңгейіне өткеретін ықшамды Үкімет құру қажеттігін айтты. 

Осы мақсатта Үкіметтің 12 министрлік пен 30-ға жуық комитеттен тұратын жаңа құрылымы туралы шешім қабылданды. Бұл ретте жаңадан 5 министрлік құрылады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау, өңірлік даму министрліктерінің, статистика, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау, тұтынушылар құқығын қорғау агенттіктерінің функциялары мен өкілеттіктері берілетін Ұлттық экономика министрлігін Ерболат Досаев басқарады.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің функциялары мен өкілеттіктері берілетін болады. Басшылығына Тамара Дүйсенова тағайындалды.

Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет министрлігінің, дін істері, спорт және дене шынықтыру агенттіктерінің функциялары мен өкілеттіктерін біріктіреді. Министрі  Арыстанбек Мұхамедиұлы болады.

Инвестициялар және даму жөніндегі министрліктің қарауына индустрия және жаңа технологиялар, көлік және коммуникациялар министрліктерінің, байланыс және ақпарат агенттігінің, Ұлттық ғарыш агенттігінің міндеттері, сондай-ақ энергия тиімділігі және геология мәселелері кіреді.   Оны Әсет Исекешев басқарады.

Сонымен бірге энергетика министрлігін құру туралы шешім қабылданып, оған мұнай және газ, индустрия және жаңа технологиялар (энергетика бөлігінде), қоршаған орта және су ресурстары (қоршаған ортаны қорғау бөлігінде) министрліктерінің функциялары мен өкілеттіктері, сондай-ақ «жасыл экономиканы» дамыту мәселелері беріледі. Жаңа мемлекеттік органның басшылығына  Владимир Школьник тағайындалды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің функциялары мен өкілеттіктері Ішкі істер министрлігіне беріледі, оның басшылығында Қалмұханбет Қасымов қалады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлім еткеніндей, қалған министрліктер өкілеттіктеріндегі кейбір өзгерістерімен сақталады. Атап айтқанда, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінен бюджеттік жоспарлау саласындағы функциялар Қаржы министрлігіне беріледі. Балық шаруашылығы, жануарлар әлемі, орман, су ресурстарын басқару саласындағы функциялар қоршаған орта және су ресурстары министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына өтеді.

Премьер-Министрдің екі орынбасары ғана болады – Бақытжан Сағынтаев және Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар қаржы полициясын таратып, оның сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін жаңадан құрылатын Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне беру туралы шешім қабылданды. Жаңа ведомствоны Қайрат Қожамжаров басқарады. Бұл ретте экономикалық және қаржылық құқық бұзушылық мәселелері қаржы министрлігіне беріледі.

Қазақстан Президенті барлық мемлекеттік органдардың басшылары өз аппараттарын оңтайландыруы қажеттігін, функциялардың қайталануын болдырмауы тиістігін айтты.

- Үкімет те министрліктердегі комитеттер санын оңтайландыруы қажет. Министрлік құрылымында аумақтық бөлімшелері бар комитеттер болуы тиіс. Аумақтық бөлімшелері жоқ комитеттер мен агенттіктер министрліктің департаменті ретінде қайта ұйымдастырылуы тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мықты қаржы-экономикалық дербестігінің негізін жасау мәселесін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстан Президенті алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуымыз әлемдегі және ТМД кеңістігіндегі ахуалды есепке ала отырып жүзеге асырылу керектігіне назар аударды. Осыған орай ол Қазақстанның маңызды серіктесі болып саналатын Украинадағы шиеленіс оның экономикасын құлдыратуға апаратынын атап өтті.

- Бұл ел Үкіметінің ресми болжамы бойынша ІЖӨ-нің құлдырауы жыл аяғына дейін кемінде 6 пайызды құрайды. Инфляция 20 пайызға дейін өседі. Ұлттық валюта едәуір құнсыздануы мүмкін. Бұл бізді алаңдатпай қоймайды,  өз экономикалық саясатымызда мұны ескеруге тиіспіз. Украина ТМД-ның еркін сауда аймағының қатысушысы екені белгілі. Бізді бұл елмен ауқымды шаруашылық желілері, сауда келісім-шарттары, адам тағдырлары байланыстырады. Осының бәрі біздің едәуір алаңдаушылығымызды туғызады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бір кезде ең қуатты кеңестік республикалардың бірі болған Украинаның қақтығыс салдарынан ондаған жылдарға кері кеткенін айтты. Құлдырауға ұшыраған экономиканы және әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін көптеген жылдар қажет болады. 

Мемлекет басшысы Қазақстан Украинадағы қарапайым жұрттың қасірет-қайғысына жаны ашитынын айтты.

- Біз қақтығысушы жақтардың бәрін келіссөзге келіп, сенім мен ашық диалог негізінде, әсіресе әйелдер мен балаларға зардабы тиіп жатқан қантөгісті тоқтату үшін өзара қолайлы шешімнің жолын іздеуге шақырамыз. Бұдан басқа ақылға қонымды баламалы жол жоқ деп санаймын. Мен өз тарапымнан мүмкіндігіне қарай атсалысамын және қолдан келгеннің бәрін жасаймын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті атап өткендей, Украинаның мысалы бірлік пен тұрақтылықтың маңыздылығын көрсетеді. Қоғам еңбектенуді қойған кезде, адамдар митингіге жұмысқа барғандай шыққанда жауды елдің ішінен іздей бастайды, орны толмас салдарға ұрындыратын тәртіпсіздіктер туады.

Тек бейбіт өмір мен адал еңбек қана бақ-берекені қамтамасыз етеді. Халықтың бірлігі – ең үлкен құндылық, оны көздің қарашығындай сақтау – бүкіл халықтың парызы, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті біздің еліміздің мемлекеттік органдары мен қоғамдық институттарының мұндай жағдайдағы басты міндеті бейбітшілікті, келісімді, тыныштықты және елдегі қауіпсіздікті сақтау екендігіне тоқталды.

- Бүгінде саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың бірлігін нығайтуды жалғастыру және барлық бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын мемлекет пен халықтың жалпы игілігі үшін бағыттау маңызды болып отыр. «Нұр Отан» партиясы әсіресе жергілікті жерлерде орын алып отырған проблемаларды шешу үшін ел тұрғындарымен жүргізілетін жұмысты күшейтуі керек. Біз әрқашан жастарды толеранттылық, өзі еліне деген сенімділік рухында тәрбиеледік. Елдің бәрін, ең алдымен жастарды, «Қазақстан - 2050» Стратегиясында белгіленген мақсаттарға жетуге арналған жұмыстарға тарту керек. ХХІ ғасырдың ортасына дейін біз алға қойған тарихи мақсат төңірегінде топтасқан біртұтас халық қана өз миссиясын орындай алады, - деді Мемлекет басшысы.

Отырыс барысында Б.Сағынтаев, Ә.Исекешев, Г.Әбдіқалықова, Е.Досаев, Ө.Шөкеев және Қ.Бишімбаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

1 пікір