Мектеп формасы әр оқу мекемесі үшін дербес болып қалады – ҚР БҒМ
Мектеп формасы әр оқу мекемесі үшін дербес болып қалады – ҚР БҒМ
8 жыл бұрын 4618

Әр оқу мекемесі өзінің дербес мектеп формасын таңдай алады, және республика бойынша бірыңғай мектеп формасын енгізу көзделмеген. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлады.

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығымен орта білім беру ұйымдарына арналған міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілді. Құжатқа сәйкес мектеп формасының қандай болу керектігін анықтау құқығы мектеп педагогтары мен ата-аналар (қоғамдық немесе қамқоршылық кеңестер, ата-аналар комитеті) еншісіне беріліп отыр.

Мектеп формасын енгізу мерзімін білім беру ұйымдары дербес белгілеуге құқылы. Мектеп формасын жаңа оқу жылынан енгізуді жоспарлайтын болса, онда бұл шешім ағымдағы оқу жылының 25 мамырына дейін жалпы мектеп жиналысында бекітілуі тиіс. Өз кезегінде ата-аналар мектеп формасын тігетін кәсіпорынды немесе оқушы киімдерін сататын сауда желісін таңдай алады.

Алайда, ол оқу орнында бекітілген мектеп формасының үлгісі мен түсіне сәйкес болуы тиіс.

Мектеп кеңесі (ата-аналар комитеті) аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларын мектеп формасымен «Мектепке жол» акциясы аясында және жаппай оқу қоры есебінен тегін қамтамасыз етеді.  

0 пікір
Мұрағат