Маман қазақстандықтарды Halykcoin криптовалютасын сатып алудан сақтандырды
Маман қазақстандықтарды Halykcoin криптовалютасын сатып алудан сақтандырды
6 жыл бұрын 2765 Назерке Абибулла

Қазақстан блокчейн және криптовалюта ассоциациясының төрағасы Есет Бутин ел нарығында пайда болған Halykcoin атты криптовалютаның алаяқтық сипаты бар жоба екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Қазақстан Республикасындағы блокчейн технологиясының келешегі» атты баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Біздің сарапшылар, заңгерлер және қаржыгерлер тобы осы жоба туралы арнайы зерттеу жүргізді. Бұл жобада алаяқтық белгілері кездеседі, себебі онда коммерциялық та, бизнес-процесстер де қамтылмаған. Жоба сайтында ұйымның заңды мекен-жайы, жобаны құрушылар туралы мәлімет көрсетілмеген. Заңды тұлға ма, әлде жеке тұлға ма, тіпті Қазақстан азаматы болмауы да мүмкін, олардың кімдер екенін білмейміз», - деді Есет Бутин.

Оның айтуынша, Halykcoin құрастырушылары өз сайттарында нақты көрсеткен жалғыз тұсы ол – ел азаматтарынан ақша жинау механизмі.

«Мен неге Halykcoin криптовалютасына назар аударып отырмын? Мен олардың құжаттарын да, сайттарын да көрдім, бұл өнімнің барлық тұсын қарап шықтым. Мұндай жағдай жөнінде тәжірибем болғандықтан алаяқтық дедім. Себебі жобаның тиімділігін түсіндіретін ештеңе жазылмаған. Сайтты ашып қарасаңыз, жоба мәні екі абзацқа сыйған, ал төлем жасау тәсілдері үш бетті алады. Яғни барлық мүмкін де, мүмкін емес те жолдармен төлем жасап коинды сатып алуға болады. Ешуақытта Halykcoin криптовалютасын алмаңыздар, біздің көзқарасымыз бойынша бұл шындап келгенде алаяқтық сипаты бар жоба. Ғұмыры қысқа бұл жобаның қандай мақсаты бар екенін біз білмейміз», - деді Есет Бутин.

Сондай-ақ, ол қазақстандықтардың алаяқтар жобаларына ұрынып қалмауы үшін ассоциация ел нарығын бақылайтынын атап өтті. Есет Бутин криптовалютаны елімізде енгізуге Halykcoin секілді жобалар кедергі келтіретінін айтады.

«Біз ассоциация шеңберінде сарапшылық кеңесін құруды жоспарлап отырмыз. Себебі бұл Қазақстан нарығына жол тартқан криптовалютаның алғашқы қарлығаштары. Мұндай жобаларға сараптама жүргізіп, оларды зерттеу арқылы инвестициялауға бола ма, жоқ па туралы адамдарға кеңес беретін боламыз. Биткоинды сатып алу әр адамның өз еркінде болса да, дегенмен сараптамалық тұжырым қажет», - деді Есет Бутин.

0 пікір
Мұрағат