Көкшетауда бала асырап алуға көмектесетін орталық ашылды
Көкшетауда бала асырап алуға көмектесетін орталық ашылды
8 жыл бұрын 3001

Көкшетауда «Бала асырап алуға қолдау көрсету» орталығы ашылды. Жаңа жобаның мақсаты – бала асырап алуға тілек білдірген ата-аналарға заң жүзінде, сондай-ақ, психологиялық кеңес береді. 

Орталық бала асырап алғысы келетін әр ата-анамен жеке әңгімелесіп, оларды жауапты қадамға дайындамақ. Тиісті құжаттарды рәсімдеуге де көмек көрсетеді. Аптасына 6 күн жұмыс істейді. Ақпаратты 44-21-73, 8(708)4442173, 8(747) 3119746 телефондарына  немесе 1422 Call орталығына хабарласып алуға болады.

Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша 391 бүлдіршін отбасы жылуына зәру. Өңірде 5 мемлекеттік, 1 жекеменшік балалар үйі тіркелген. Мамандардың айтуынша, бала асырап алушылар дерті жоқ балғындарды іздейді. Жоба аясында науқас балаларды  емдетуге де жағдай жасалады. Бұл үшін кәсіпкерлер қалалық білім бөлімімен бірлесе жұмыс істемек. Облыс бойынша әзірге бала асырап алуға 10 отбасы ғана ниет білдірген.

 «Жетім өскен баланың басқа отбасыға бейімделуі де қиын. Тәжірибеде асырап алған балаларды қайтып берген жағдайлар да кездеседі. Жобаның басты мақсаты – осындай жағдайларды болдырмау, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу»,–дейді «Ана үйі» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлмира Ізімбергенова.

Көкшетауда жұмыс істеп жатқан 19 орындық «Аналар үйі» қолдауға және түсіністікке зәру жас аналарды қабылдауға әзір. Қазіргі уақытта мұнда 6 әйел балаларын өсіруде.

«Аналар үйінде олар сәби бір жарым жасқа толғанша тұра алады. Оларға тегін тұру, тамақтану, қажет болған жағдайда емделу ұсынылады. Ал әрі қарай оларды жұмысқа орналастыруға, сәбиді бөбекжайға орналастыруға тырысамыз»,–дейді «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Көгершін  Хасенова.

0 пікір
Мұрағат