Жұмыссыздардың саны ресми статистикадан үш есе көп
Жұмыссыздардың саны ресми статистикадан үш есе көп
7 жыл бұрын 3137

“Жұмыссыздардың саны ресми статистикадан үш есе көп және бұл көрсеткіш алдағы уақытта одан сайын арта түседі”. Мамандар осындай пікірде.Бұл жайында halyknews.kz ақпарат көзі хабар таратты.

2016 жылдың соңғы ресми мәлімет бойынша 4,9 пайыз  деп келсек, енді бұл көрсеткіш үш есеге ұлғайып, 1 млн 400 мың тұрғын немесе экономикалық белсенді топтың 15 пайызы жұмыссыз отыр.

Бұл көрсеткіш Денсаулық сақтау және экономика министрлігінің жаңа методикасы арқасында белгілі болды. Естеріңізге сала кетсек, министрлік зейнетақы қорына қаржы аудармайтын «өзін-өзі нәтижесіз қамтамасыз етушілер» тобынан «әрекетсіздер» тобына ауыстырған болатын. «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының болжамынша, 2020 жылы 15 жастағы жасөспірімдердің саны 350 мыңға жетеді. Ол кезде әрекетсіз топтың қатары көбейе түседі. Студенттер, зейнеткерлер, мүгедектер саны 240 мыңға жетіп, мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік бөлігіне үлкен салмақ салады. Бұл кезде құпияланған жұмыссыздар, яғни, өзін-өзі қамтамасыз етушілер саны 110 мың адамға көбейіп, жалпы саны 3,4 млн адамға жетеді. Экономикалық Ынтымақтастық және Даму ұйымына мүше мемлекеттердегі еңбек нарығына жету үшін 2030 жылы жалдамалы еңбек күші қазіргі 6,4 млн адамнан 8 млн адамға жетуі керек. Яғни, әр бес жылда 500 мың адамға көбеюі тиіс. Ол үшін 2030 жылға қарай қосымша 1,5 млн жұмыс орны ашылуы керек.

Жұмыспен қамту мәселесі орта және шағын бизнесті жан-жақтан тақымдау кесірінен шешілмей отыр.   2016 жылы қызмет атқарған шағын кәсіпорынның 104 мыңнан астамы немесе 8 пайызы жабылды. 2016 жылдың қаңтар-қыркүйек айындағы көрсеткішке жүгінсек, шағын бизнес өкілдері өндіретін өнім 6,9 пайызға кеміді. Жұмыс істеушілер 3 пайызға азайды.

Іскерлік белсенділіктің құлдырағанмен, салық түсімдері 1,1 трлн теңгеге немесе 23 пайызға артты. Бұл салық жұмысының қатаңдана түскенін көрсетеді.

2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап жұмыс берушілер үшін 5 пайыздық зейнетақы салығын төлеу міндеттеліп отыр. Жұмыс берушілер үшін 2017 жылдың 1-қаңтарынан міндетті медициналық сақтандыру 1 пайыз болса, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап 1,5, 2020 жылдан бастап 2, ал 2022 жылдан бастап 3 пайызға жетеді деп жоспарланған. 2017 жылдың 1-шілдесінен бастап жеке кәсіпкерлер де міндетті медициналық қорға ең төменгі екі айлық жалақысының 5 пайызын, яғни, айына 2500 теңгеден аударуға міндеттелді.

2018 жылдан бастап қосымша құн салығының табалдырығы  25 мың АЕК, 2019 жылы  20 мың АЕК, 2020 жылдан бастап 15 мың АЕК болып белгіленді. Салық жүктемесінің осыншама көбеюі бизнестің иығына ауыр салмақ болып артылып, соңында көлеңкелі әрекетке көшуге мәжбүр етуі ықтимал.

0 пікір
Мұрағат