ЖЕР-ЖЕРДЕН (ЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ)
ЖЕР-ЖЕРДЕН (ЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ)
2 жыл бұрын 939

Діни бірлестіктер өкілдерінің клубы құрылады

«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарына қарағанда, елімізде Дінтану конгресі жанынан діни бірлестіктер өкілдерінің клубы құрылатын болды. Бұл жайында Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткенде брифингте айтылды. Қазақстанның дінтанушылар конгресінде толеранттылық мәдениетін алға жылжыту әрі діндер диалогы мақсатында құрылған бұл клубтың алғашқы жиыны қаңтар айының 29-ы күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың мамыр айында елордада әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің Ү құрылтайы өтеді.

 

Медицина мекемелері жіберген кемшіліктері үшін жазаға тартылмақ

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, Денсаулық сақтау басқармасының есебін сарапқа салған ОҚО өңір басшысы Асқар Мырзахметов сала көрсеткіштерін бағамдайтын индикаторлардағы кейбір ауру түрлері бойынша науқастар санының дұрыс болжамдалуы керектігіне тоқталып өтті. Сондай-ақ, медицина мекемелерінің бас дәрігерлерімен олар атқаруы тиіс міндеттер және оны атқаруда жіберген кемшіліктері үшін жазаға тартылатыны жөнінде міндеттемелер түзуді тапсырды.

Медицина мекемелеріне жүктелген басты міндеттердің бірі – бұл ана мен бала денсаулығын сақтау екеніне көңіл бөлген Асқар Исабекұлы, соңғы жылдары ана және нәресте өлімі көрсеткіштері біршама төмендегенін айтты. Дегенмен, салаға қарасты мекемелердің жабдықталуы жөнінен республикадағы орта көрсеткіштердің біріне қол жеткізген кезде мұндай фактілердің әлі де орын алып отырғандығы алаңдарлық жағдай деп бағалады. 
Қазіргі кезде ОҚО бойынша Онкологиялық өлім-жітім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 46,0 дейін, туберкулез ауруынан болатын өлім-жітім 3,5-ке дейін, қанайналым жүйесінің өлім-жітім көрсеткіші 94,8 адамға дейін төмендеді. Есепті кезеңде ана өлімінің көрсеткіші 15,2 құрады, ал нәресте өлімінің көрсеткіші 11,3 болып отыр. Медициналық көмекті облыс халқына 117 мемлекеттік медициналық ұйымдар іске асырады, оның ішінде 57 ауруханалық, 44 амбулаториялық емханалық қызмет көрсететін ұйымдар бар. Өңірдегі бастапқы медициналық санитарлық қөмек қөрсететін медициналық ұйымдар желісі мемлекеттік нормативке сәйкестендірілген.

 

Павлодар облысында жануар құтырмасының 21 жағдайы анықталды

Павлодар облысында 2014 жылы үй және жабайы жануарлар арасында зертханалық тұрғыдаан расталған құтырманың 21 жағдайы анықталды, деп Павлодар облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің баспасөз қызметі хабар таратты. 

 2015 жылдың басынан Качир, Баянауыл, Ертіс және Лебяжі аудандарында жануарлар арасында құтырмаға 8 күдік тіркелді. Қабаған иттердің шабуылынан қорқатын павлодарлықтардың қатары артуда.
- Қаңғыбас иттердің саны көбейгені үрей тудырады. Мәселен, жуық арада суворов зиратына бара жатқан кезде тістері ақсиған бірнеше ит шыққан кезде қандай күйде болғанымызды айтып жеткізу мүмкін емес. Абырой болғанда, кенеттен көлік шығып қалып, әлгі иттерді қорқытып жіберді, - дейді қала тұрғындарының бірі Лариса Григорьева.
Мамандардың айтуынша, үй немесе жабайы жануарлар тістеген, тырнаған жағдайда адамдарға дереу тістеген орынды сабын сумен жуып, жараны йодпен немесе спиртпен өңдеп, жақын арадағы медициналық пунктіге медициналық көмекке жүгіну қажет. Тістеген жануарға ветеринарлық бақылау белгіленетіндіктен оларды өлтіруге жол берілмейді. Тістеген жануарға ветеринармен 10-күндік бақылау белгіленеді. Егер осы уақыт ішінде құтырманың белгілері байқалмаса, ол сау жануар болып саналады және вакциналау курсын дәрігер-травмотолог тоқтатады. Қаңғырған ит тістеген кезде алты екпеден тұратын толық вакциналау курсы тағайындалады.

 

ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы атауын өзгерттi

Сейсенбiде ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасының съезi барысында палата атауы өзгертiлдi. Делегация мүшелерiнiң дауыс беруiмен палата атауы бiрауыздан "Атамекен" ұлттық кәсiпкерлер палатасы деп аталатын болды.

 "ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы "Атамекен" ұлттық экономикалық палатасының заңды мұрагерi екенiн бiлесiздер. Өз кезiнде "Атамекен" Ұлттық экономикалық палатасы Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған және бүгiнгi палатаның iргетасы сол болды. 2014 жылы кәсiпкерлердiң ықпалдасуы, олардың заңды құқықтарын қорғау саласында атқарған қыруар жұмысы "Атамекен" ҰЭП салып кеткен жолдың негiзiнде ғана мүмкiн болып отыр. Сондықтан ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасының атауын "Атамекен" ұлттық кәсiпкерлер палатасы деп өзгерту жөнiнде ұсыныс айтылды. Мұндай өзгерiстер палатаның тиiстi жарғыларына енгiзудi талап етедi", - дедi Ұлттық кәсiпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы - бизнес пен биліктің тиімді әріптестігі негізінде кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру мақсатында Үкімет және «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП бірлескен шешімімен 2013 жылдың 9 қыркүйегінде құрылған, өзін-өзі басқаратын коммерциялық емес ұйым.

ҰКП негізгі қызметтері - кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және мүдделеріне өкілдік ету; кәсіпкерлік белсенділігінің, өңірлердегі кәсіпкерлік қызмет жағдайының қоғамдық мониторингін жүргізу; кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мемлекеттік бағдарламаларына қатысу; отандық өндірісті қолдау және ұйымдардың сатып алуларында жергілікті мазмұндағы үлесті арттыру; техникалық және кәсіби білім беруді дамыту және кадрларды дайындау, қайта дайындау, біліктілікті арттыру, сертификаттау және аттестаттау; кәсіпкерлік субъектілерінің сыртқы экономикалық қызметін ынталандыру, инвестицияларды тарту және экономиканы әртараптандыру.

Сонымен бірге, әзірленіп жатқан ҚР индустриялық-инновациялық дамуының 2015- 2019 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ҰКП-ға тиісті стратегиялық құжаттар мен даму жоспарларын талқылау мен әзірлеуде маңызды рөл берілген.

 

Еліміздегі атом станциясын жапондық компания салатын болды

Еліміздегі алғашқы атом электр станциясын Жапонияның әйгілі «Toshiba» компаниясы салады. Бұл жайында ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник мәлімдеді.Әзірге еш құжатқа қол қойылмаған. Бірақ, шетелдік компания наурыздың соңына дейін құны 4 миллиард доллар тұратын реактор мен стансаға қажетті жабдықтарды жеткізуге кірісіп те кетіпті. Жапондар Балқаш маңына жоспарланған құрылысты қолға алмақ.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

- Станцияның бірін Росатом салады. Ал, Балқашқа келсек – біз әлемде жасалып жатқан барлық жобаларды талқыға салып, арасынан үздігін таңдап жатырмыз. Нақты шешiм әлі қабылданбады. Дегенмен, «Toshiba» -мен арада келісім бар.

Бұған дейін елімізде 2025-ші жылға дейін екі ірі атом электр станциясы салынады деп хабарланған болатын. Алайда, Энергетика министрі Владимир Школьник әлемдік дағдарысқа байланысты атом станцияларын салу уақыты кейінге қалуы да мүмкін деп отыр. Оның бірі Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласынан тұрғызылса, екіншісі Алматы облысы Балқаш көлінің маңайынан салынбақ. Нақ осы Балқаш өңірінен тұрғызылатын жобаға Үкімет «Toshiba» компаниясын таңдап отыр. Алайда, құны 4 млрд. доллар тұратын жобаның тиімділігіне көпшілік күмәнмен қарайды. 

 

Жеке куәлік пен паспорт Шымкентте де шығарылмақ

Ішкі істер министрлігінің «Ақпарат-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Астана мен Алматыдан соң филиалын Оңтүстік Қазақстан облысында ашты.Оған бюджеттен 756 миллион теңге бөлініп, заманауи технологиямен жасалған жабдықтар сатып алынды. Ал ғимаратты «Ақпарат өндірістік орталық» өзінің тапқан пайдасы есебінен алған. Енді Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда мен Жамбыл облыстарының тұрғындарына құжат даярлаудағы көрсетілетін қызмет сапасы артып, мерзімі қысқарады. Филиал күніне 800 төлқұжат пен 1500 Қазақстан Республикасының жеке куәлігін жасап шығарады. Сондай-ақ шетел азаматтарының ыхтиярхаты мен азаматтығы жоқ адамдардың куәлігін де даярлайды. Өткен жылы бір Оңтүстік Қазақстан облысында ғана 234 мың 101 азаматқа жеке куәлік пен төлқұжат дайындалған екен. Ал 3 облыста 4 миллионнан аса тұрғын бар.

Борис Омаров, ІІМ «Ақпарат-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры - Бұрын біздің бұйрықтарымыз, Ішкі істер министрлігінің бұйрығы бойынша құжат жасау 30 күн-тұғын. Енді қазір біз оны 15-20 күнге дейін қысқартайын деп отырмыз.

 

Таңбалы петроглифтерінің қазақ тарихында алатын орны ерекше

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі брифингі барысында ҚР «Қазқайтажаңғырту» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қанат Тұяқбаев биыл Таңбалы петроглифтерінің тарихы маңызы жайында ақпараттандыратын визит орталықтың салынатындығын айтты.

 - Біздің кәсіпорынның негізі жұмысы – қазақ жеріндегі тарихи, мәдени ескерткіштерді сақтап қалу, қалпына келтіру, оларды ашық аспан астындағы музейге айналдыру, жерімізге келетін шетелдік қонақтарға қазақ тарихын, Қазақстанның ескерткіштерін паш ету арқылы Қазақстанның сол заманнан бастап осы кезге дейінгі тарихының алатын орнын көрсету. Осы мақсатта биыл Біз Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып үлкен визит орталығының құрылысын бастауды жоспарлаудамыз. Ондағы мақсат келген жұртқа Таңбалы петроглифтерінің тарихымен таныстыру,тарихтағы орны жайлы толық мәлімет беретін үлкен ғылыми орталық ету, - деді.
Сонымен қатар Қанат Қымызұлы Таңбалы петроглифтері 2005 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени тізіміне енген екінші үлкен тарихи-археологиялық мұраның жиынтығы екендігін айтып "Ондағы суреттер біздің дәуірімізге дейінгі XVIII-IX ғасырлардан бастап сол заманның табиғат көріністерін, аңшылық, мәдениет, салт-дәстүрлерге қатысты көптеген оқиғаларды тасқа түсіріп осы уақытқа дейін жеткен Таңбалы петроглифтерінің қазақ тарихында алатын орны өте маңызды" деп Таңбалы петроглифтерінің маңызын түсіндіріп өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова:

Қазіргі уақытта Таңбалы пертоглифтерінің қайта жаңғыртылуына үлкен мән берілуде. Таңбалы қорығында визит орталықтың салынуы туралы сметалық құжаттар мен мемлекеттік сараптама биыл дайындалып, оны биылғы жылы салуды жоспарлаудамыз, - деп Таңбалы визит орталығының салыну жұмыстары басталғалы жатқандығын айтып өтті.

 

Депутаттар зергерлік кәсіпкерлікті дамыту жайын талқылады

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің ұйымдастыруымен «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалы металдар мен асыл тастар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымы болды.

Аталған комитет хатшысы Татьяна Яковлева басқосуды жүргізіп, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бойынша министрінің орынбасары Альберт Рау депутаттарды құжатпен таныстырды.

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты – бағалы металдармен және тастармен операциялар жасау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің бірыңғай заңнамалық негізін қалыптастыру, ұлттық заңнамалардың Еуразиялық экономикалық одақтың нормаларымен үйлестіру және Қазақстан Республикасында зергерлік кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау болып табылады.

Заң жобалары қосымша қаржы шығындарына, мемлекеттік бюджетке түсімдердің төмендеуіне әкеп соқпайды және әлеуметтік-экономикалық салдары болмайды.

Айта кетейік, енді заң жобалары депутат Николай Кузьмин жетекшілік ететін жұмыс тобында талқыланып, ұсыныстар мен пікірлерді қабылдайтын болады. 

0 пікір
Мұрағат