Ерлі-зайыптылар жинағын біріктірсе, зейнеткерлікке ерте шығуы мүмкін
Ерлі-зайыптылар жинағын біріктірсе, зейнеткерлікке ерте шығуы мүмкін
2 ай бұрын 843 Жанат Ардақ

Үкімет үй бикелеріне зейнетке шығудың жақсы тәсілін ұсынбақ. Бұл жайында inbusiness.kz ақпарат көзі хабарлады. 

Бұл жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Президент тапсырмасын орындау аясында іске асырмақ. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкімет алдына зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру міндетін қойды. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық банкпен және БЖЗҚ-мен бірлесіп, азаматтардың зейнетақы жинақтарын баспана сатып алуға пайдалануы мәселесін пысықтауға кірісті. Ал М.Әбілқасымова ведомствосы бұл тапсырмаға басқа жағынан келіп отыр. Жобасы да дайын: «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұжырымдамасын ұсынды. Парламент қабылдаса, бұрын-соңды болмаған бірнеше маңызды жаңалық өмірге енбек. Біріншіден, зейнетақы аннуитеттерінің тетігі жеңілдейді. Қазіргі кезде ерлер – 11,3 млн теңге жинаса, 55 жаста, ал әйелдер – 15,5 млн теңге жинаса, 51,5 жаста зейнеткерлікке шыға алады. Осы меже – «жеткіліктілік сомасы» (ЖС) деп аталады. Бұл сома қайдан шыққан? Агенттіктің түсіндіруінше, заңнамаға сәйкес зейнетақы аннуитетті бойынша зейнеткерге ай сайын төленетін ең төменгі төлем көлемі 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 40 мың 441 теңгеден төмен болмауы тиіс. Себебі, бүгінде ең төменгі зейнетақы мөлшері осындай. Бұл ретте әлеуметтану және медицина ғылымдары ерлерге қарағанда әйелдер көп жасайды деп санайды. Осылайша, 11,3 млн теңге зейнетке шыққасын ер адамға шамамен 280 ай немесе 23 жылдай бойы төлем төлеуге жетеді. Ал әйел адамдардың 15,5 миллион теңгесі зейнетақылық төлемді 383 ай немесе шамамен 32 жыл бойы алуына жарайды. Яғни, зейнетке шыққаннан кейін ерлер – 78 жасқа, ал әйелдер – 83,5 жасқа дейін өзін-өзі зейнетақымен қамтамасыз еткен болып шығады.  

Сарапшылардың айтуынша, саланың проблемасы да осы: бұқараның кедей болуы, жинақтау жүйесіне деген сенімнің жоқтығы, көлеңкелі экономика үлесінің жоғарылығы, Ұлттық банк пен БЖЗҚ жұмысының нашарлығы кесірінен қазақстандықтардың басым бөлігі «жеткіліктілік сомасын» қартайғанша жинай алмайды.

«Менің байламымша, өмірінің бел ортасына қарай осынша көп жеткіліктілік сомасын азаматтардың шамамен 2 пайызы ғана жинай алады. Яғни, 51-ден аса бейнетінің зейнетін көре алатын нәзік болмыс иелері, 55 жаста ауыр жұмыстан бойын босата алатын ерлер өте-мөте аз. Оның өзінде бұл – не жоғары жалақы алған топ-менеджерлер, не кәсіпкерлер. Олар аннуитет аясында сақтандыру компаниясынан ай сайын аударылатын 40 мың теңгеге тіпті зәру емес. Сондықтан ЖС межесін төмендете түскен маңызды. Бұл соған шын зәру адамдарды қамтуға мүмкіндік береді. Уәкілетті орган осы бағытта жұмыс жүргізуде», – дейді қаржыгер, бұрын жеке жинақтаушы зейнетақы қорын басқарған маман Дмитрий Жеребятьев.

Ол 51,5–55 жаста аннуитет арқылы ерте зейнетке шыққан адам ары қарай жұмыс істеуін жалғастыра алатынын еске салды. Олай болса, ай сайынғы 40 мың теңгеге күні қарамайды, өмір сүруіне жалақысы да жетуге тиіс. Ал ең төменгі зейнетақы көлеміндегі әлгі төлемді тәуекелді құралдарға, мысалы, акцияларға батыл инвестициялап, табыс табуына мүмкіндік бар. Әйтпесе, аннуитетсіз, заң бойынша Қазақстанда ерлер 63 жаста ғана зейнетке шыға алады. Әйелдердің зейнеткерлік жасы жыл сайын 6 айға өсіп, 2027 жылы 63-ке теңелмек. Яғни, оларға да 63-ке дейін күткенше, 51 жаста зейнеткерлікке шығу мүмкіндігін пайдаланып, жинақты ерте ала бастау әлдеқайда тартымды болса керек. Осы мақсатта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеткіліктілік сомасын төмендетуге кірісті.

«ЖС бізде ең төменгі зейнетақы мөлшеріне қарай анықталады. Ал «ең төменгі зейнетақы» Қазақстанда Президенттің саяси шешімдеріне байланысты ұдайы өсіп отырады. Болашақ зейнеткерлер болса, солай жиі өсе беретін ЖС-ті қуып жете алмайды. Ендеше ЖС-ті минималды зейнетақыға телуді қою керек. Атап айтқанда, қазіргі уақытта мемлекеттің көптеген әлеуметтік төлемі «ең төменгі күнкөріс» (ЕТК) шегіне байланған. Жалғыз БЖЗҚ-дан аударылатын төлем ғана әлгінде айтылғандай, ЕТЗ мөлшеріне сүйенеді. Нәтижесінде, елде ЕТЗ өскен сайын халықтың зейнетақы аннуитетін пайдалану мүмкіндігі азая береді. Сол себепті осы төлемді де ЕТК-мен байланыстыруға көшсек, аннуитет үшін қажетті зейнетақы жинағының көлемі 24%-ға төмендейді», – деп хабарлады қаржылық реттеу агенттігі.

Демек, осы өзгерістен кейін ерлер 55 жасқа шейін 9,1 млн теңге, ал әйелдер 51,5 жасқа дейін – 12,5 млн теңге жинаса жеткілікті болады. Агенттіктің есептеуінше, ЕТЗ-дан ЕТК-ға көшу ерте зейнетке шыға алатын қазақстандықтар санын 2 еседен астамға ұлғайтуға мүмкіндік береді екен. Жаңа тұжырымдаманың тағы бір жаңалығы бар: ол Қазақстанда «бірлескен, ерлі-зайыптыларға арналған аннуитетті» енгізеді.

«Зейнетақы аннуитеті өнімдерінің түрін көбейту мақсатында бірлескен аннуитетті енгізу ұсынылады. Ол зейнетақы аннуитеті шартына қазіргідей тек бір адамның ғана емес, жұбайлардың қатысуын қарастырады. Бірлескен аннуитет ерлі-зайыптылардың әрқайсысы жеке-жеке жинаған зейнетақы ақшасын біріктіруге және аннуитет шарты бойынша кірістерді қайта бөлуге мүмкіндік ұсынады», – делінген құжатта.

Бұл нені білдіреді?

«Егер ері мен әйелінің бірінің зейнетақы жинағы өмірді сақтандыру компаниясының аннуитеттік өнімін сатып алуға жеткіліксіз болса, ал екіншісінің жинағы керісінше, асып тұрса, онда ол бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы зайыбына көмектесе алады. Осылайша, екеуі де өмір бойғы төлемдерге бірге қол жеткізеді», – дейді М.Әбілқасымованың агенттігі.

Бұл – Қазақстан ойлап тапқан жаңалық емес. Дания, Швеция, Норвегия секілді Скандинавия елдерінде бірлескен аннуитеттер ерікті түрде – жас жұбайлардың өзара келісімі бойынша қолданылады. Ал Чили, Мексика, Аргентина секілді қызуқанды Латын Америкасы елдерінде аннуитеттің бұл түрі – міндетті! 

0 пікір
Мұрағат