Енді кез келген ақпаратты 1414 call-орталығынан білуге болады
Енді кез келген ақпаратты 1414 call-орталығынан білуге болады
7 жыл бұрын 4575

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов журналситерге берген сұхбатында 1414 call-орталық жұмысының артықшылықтарына тоқталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. 

«Қазақстандықтар 1414 нөміріне хабарласып, кез келген мемлекеттік қызмет туралы ақпарат ала алады. Бұл call-орталықтың ерекшелігі, орталыққа хабарласқан адамды операторлар қажетті мекемелер мен органдарға қосады. Тек 1414 нөміріне хабарласу арқылы болашақта барлық мекемелермен байланысу мүмкін болады», - деді ол.

Ал Бірыңғай байланыс орталық директоры Анар Ұлманова сall-орталықтың жұмысына тоқталып өтті.

«Сall-орталық аптасына 24 сағат бойы 8 ауысыммен жұмыс істейді. Штатта қазір 150 адам бар. Біздің байланыс орталығымыздан 680 мемлекеттік қызмет туралы ақпарат алуға болады. Оның ішінде электронды үкімет порталының 240 қызметі бар. Қазақтандықтар тәулік бойы 1414 нөміріне тегін хабарласуына жағдай жасалған. Түнде 500-ге дейін қоңыраулар келіп түседі. Бірыңғай байланыс орталығы 6 жылдың ішінде бірнеше халықаралық сертификатқа ие болды. Әр ай сайын, жарты жыл сайын үздік операторларды анықтап, жыл соңында оларды марапаттаймыз», - деп атап өтті ол.

Анар Ұлманова Бірыңғай байланыс орталығының жұмысына көңілі толмайтын азаматтар да бар екенін айтады. Оған себеп те жоқ емес.

«Бізді «өте нашар жұмыс істейсіңдер» деп сынап жатады. Былтыр статистика бойынша тәулігіне 10-12 мың қоңырау қабылдаған болсақ, қазір 14-16 мыңға жетіп отыр. Штатта қызметкерлер саны артпайды, бірақ біз олардың біліктілігін арттыруды көздейміз», - деп түсіндірді ол.

Сall-орталықта көбінесе жастар жұмыс істейді. Алайда қызметкерлердің жас мөлшеріне шектеу қойылмаған. Сонымен бірге, орталық 11 мүгедекті жұмыспен қамтып отыр. Осындай қызметкерлердің бірі – жоғары білімді бағдарламашы Евгений Коловоротный.

«Адамдар кейде дөрекілік танытып жатады. Мұндай кезде сабырлы болуға, мәселенің шешімін табуға тура келеді. Орталықта үш жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмысқа арнайы көлікпен келіп, кетеміз. Жалақыға келер болсақ, өзіме жетеді», - дейді ол күліп.

0 пікір
Мұрағат