Мұсылман елінде монах әйелді мемлекеттік деңгейде ақтық сапарға шығарып салмақ
Мұсылман елінде монах әйелді мемлекеттік деңгейде ақтық сапарға шығарып салмақ
7 жыл бұрын 3275 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Пәкістанда талай жыл алапеспен ауырғандарды күтіп, науқастардың бабын тапқан христиан монахинясы, дәлірегі, Рут Пфау есімді Германияның 87 жастағы тумасы бейсенбіде дүние салған болатын. Осынау қазаға байланысты аталмыш елдің премьер-министрі Шаһид Хакан Аббаси аса жұқпалы әрі емі жоқ қатерлі дертке шалдыққандарды қабақ шытпай күткен христиан монахинясын ақтық сапарға шығарып салуды мемлекет өз мойнына алатынын әрі оның сүйегіне тиісті құрмет көрсетілетінін жария етті. Бұл жайында Al Jazeera ақпарат көзі хабар таратты. "Ол сансыз адамға үміт сыйлап, адамзатқа қызмет етудің шегі болмайтынын өз ерен еңбегімен дәлелдеп кетті. Біз оның ерен еңбегін мақтан тұтамыз, ол біздің жүрегімізде алдағы жылдардың нұрлы белгісі ретінде қалады",- деп мәлімдеді мемлекет басшысы. Рут Пфау жас кезінде медициналық білім алып, артынан католик монахинясы болған. Неміс әйелі Пәкстанға 1960 жылы келіп, қалған ғұмырын осы елде ауруларға сарп етті. Ол қоғам теріс айналатын, теріс айналмаса да қырын қарайтын бұл дертке шалдыққандардың  көзі жұмылғанша оқшауланып ғұмыр кешетіндердің мұңына ортақ болды. Оның ерлігі осында еді.

0 пікір
Мұрағат