Еліміздің әрбір тұрғыны саусақ іздерін тапсыруға міндетті
Еліміздің әрбір тұрғыны саусақ іздерін тапсыруға міндетті
7 жыл бұрын 2300 egemen.kz

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Заң жобасында дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізудің құқықтық негіздері белгіленген. Сонымен қатар, осы жобада тіркеуден алынған ақпаратты адамның жеке басын растау және сәйкестендіру үшін пайдалану мәселелері де нақты көрсетіліп отыр», – деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Заң жобасының мақсаты – дактилоскопиялық және геномдық ақпарат негізінде адамның тұлғасын сәйкестендіруді нақтылаудың құқықтық негіздерін бекіту. Көрсетілген міндеттерге сәйкес, мемлекеттік дактилоскопиялық және геномдық тіркеудің құқықтық негіздерін, негізгі түсініктерді, ұстанымдарды, ақпаратты жинау мен өңдеуге тиісті талаптарды айқындау ескерілген. Дактилоскопиялық ақпарат тұрғысында адам қолы саусақтары папиллярлы өрнектерінің құрылысы туралы биометрикалық мәліметтер қамтылады. Бұл өз кезегінде адамды және оның жеке мәліметтерін анықтауға мүмкіндік береді.

Геномдық ақпарат дегеніміз, бұл адам ДНҚ-сының белгілі бір фрагменті туралы кодталған деректерді жинайды. Заң жобасында дактилоскопиялық және геномдық тіркеуге жататын тұлғалардың тобы, сондай-ақ, оны жинайтын және сақтауға жауапты мемлекеттік органдардың толық тізбесі анықталады. 1992 жылы Қазақстан құжаттардың биометрикалық параметрлері туралы халықаралық келісімді ратификациялады. Қазіргі кезде тұлғаны куәландыратын 11 құжаттың жетеуінде биометрикалық көрсеткіштерді енгізу қарастырылады. Біздің төлқұжаттар мен жеке куәліктерде электронды чиптер бекітілген, бұлар арқылы биометрикалық мәліметтерді енгізуге болады. Дактилоскопикалық тіркеу төлқұжат пен жеке куәлікті немесе теңізшінің жеке куәлігін рәсімдеу кезінде іске асырылады. Балалар 12-ден 16 жасқа дейін төлқұжат алған кезде олар өз еркімен немесе ата-анасының келісімімен дактилоскопикалық тіркеуге жатады. 12 жастан кіші балалар бұндай тіркеумен қамтылмайды. Сонымен қатар, шетелдіктер виза алған кезде саусақ іздерін тапсыратын болады. Бұдан бөлек, дактилоскопикалық тіркеу босқындарға, еңбек мигранттарына, Қазақстанда тұратын шетелдіктерге қатысты ескеріліп отыр.

0 пікір
Мұрағат