Елімізде зиянды тағамдардың жарнамасы шектелмек
Елімізде зиянды тағамдардың жарнамасы шектелмек
6 жыл бұрын 3968 Қымбат Елтайқызы

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой елімізде құрамында қант, тұз бен трансмайлар көп өнімдердің жарнамасын шектеу жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

«2018 жылы Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі кодекс жобасына толықтырулар енгізу жоспарланып отыр. Бұл толықтырулар құрамында қант, тұз бен трансмайлар көп тағамдардың жарнамасын шектеуге қатысты болмақ», - деді Алексей Цой Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында.

Сондай-ақ, вице-министр Кеден одағының техникалық регламентіне де өзгерістер енгізу ұсынылғанын айтты. Оның мәліметінше, бұл ретте адам денсаулығына зиянды қант, тұз бен майлар таңбасы және трансмайлар көрсеткіштеріне талаптар күшейтіледі. Алексей Цой бұндай шектеулер қойылған бірнеше елді мысалға да келтірді.

«Финляндияда 2010 жылдан бастап тәттілер мен алкогольге салық енгізіліп, құрамында тұзы көп мемлекеттік өнімдерге тыйым салынған. Нәтижесінде, жеті жыл қорытындысы бойынша жұқпалы аурулар деңгейі 80 пайызға төмендеген, 1980-ші жылмен салыстырғанда өмір сүру ұзақтығы он жылға артқан», - деді Цой.

Денсаулық сақтау вице-министрі Венгрияны да мысалға келтірді. Оның дерегінше, аталған елде 2011 жылдан бастап тағамдарға денсаулық сақтау салығы енгізілген. Бұл халықтың 73 пайызында зиянды өнімдер тұтыну деңгейін азайтқан. Еуропада 2016 жылдан бастап тағамдарды майлар, қант, тұз, трансмайлар, көмірсулар мен ақуыздар сияқты алты қоспа бойынша міндетті таңбалау енгізілген.

0 пікір
Мұрағат