Елдегі маңызды жаңалықтар: Қазақстанда АИТВ-ны жұқтыру мерзімі тың әдіспен анықталатын болады
Елдегі маңызды жаңалықтар: Қазақстанда АИТВ-ны жұқтыру мерзімі тың әдіспен анықталатын болады
7 жыл бұрын 3222

ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың мамандары АИТВ-ны жұқтырудың ықтимал мерзімдерін анықтауға мүмкіндік беретін инновациялық әдістерді қолданысқа енгізуде, деп хабарлайды BNews.kz.

Республикалық ЖИТС орталығының  зертханасындағы мақұлдау әдістерінің алғашқы нәтижелері ойдағыдай болып шықты: жұқтыру жолы және АИТВ-инфекциясының берілу жолы анықталмаған тексерілуден өткен 61 емделушінің ішінен 90% АИТВ-ны бір жыл бұрын немесе одан да көп уақыт бұрын жұқтырған (1-ден 5 жылға дейін). Тек 10% ғана олардың соңғы 9 ай ішінде жұқтырғандығы анықталған.

Бұл ақпарат байланысқан адамдар ортасын анықтауға және жұқтырудың ықтимал қауіпінің кеңеюіне қатысты қосымша эпидемиологиялық тексеруді жүргізу үшін негіз болды. Бұрын жұқтырған мерзімдері бар адамдардың жоғарғы пайызы АИТВ-ны жұқтыру мүмкіндігіне тұрғындардың сақтығының төмендігін көрсетіп отыр.    

Аталған әдіс АИТВ эпидемиясына қарсы іс-әрекет етуге, аурудың шынайы бейнесін анықтауға бағытталған және профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін бағалуға мүмкіндік береді. Ол АҚШ пен Ресейді қоса алғанда әлемнің түрлі елдерінде қолданылады. Зертханалық технологиялар адамның АИТВ-ны жұқтырғандығын немесе жұқтырмағандығын анықтайды, бірақ жұқтыру қай уақытта орын алғандығын, ықтимал мерзімін айта алмайды.

«Жұқтыру мерзімдерін анықтауға тестілеу жүргізуді ЖИТС қызметінің практикасына кең ауқымда енгізу - жұқтыру жолдарын эпидемиологиялық тексеру кезінде және байланысқан адамдардың максималды санын уақытылы анықтауға айтарлықтай көмек береді. Бұл жағдай тұрғындарды белсенді түрде тестілеуден өткізудің қажет екендігін және алдын алу бағдарламаларының тиімділігін арттырудың қажеттігін тағы да растай түседі», - деп атап өтті ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың бас директоры Бауыржан Байсеркин.

Қазақстанда бала күтіміне байланысты мобильді қосымша пайда болады

Қазақстанда биыл қараша айында бала күтіміне жəне қамқор болуға арналған мобильді қосымша іске қосылады. Бұл туралы бүгін "Қазақстанда электрондық денсаулық сақтауды дамыту" тақырыбында өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы бас директорының міндетін атқарушы Олжас Əбішев хабарлады.

Оның айтуынша, осыған ұқсас қосымшалар Ұлыбритания, Австрия, Шығыс Еуропа елдерінде пайдаланылады. "2017 жылдың соңына дейін патронаж мейірбикелері мен жас ата-аналардың кішкентай балаларға күтім жасауына көмектесуге арналған арнайы мобильді қосымшалар іске қосылады. Олар Қазақстандағы Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мен Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы арасындағы келісім негізінде əзірленеді", деді Олжас Əбішев. Жиын барысында белгілі болғандай, "Патронаж мейірбикесі" мобильді қосымшасын пайдалану бала туралы деректерді толтыру жұмыстарын жеңілдетеді. Яғни, мейірбикелер үй жағдайында балаға көбірек көңіл бөлетін болады. 

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, "Егемен Қазақстан"

Қазақстан еңбек нарығы ең тиімді елдер тізімінде 15 орында

2016 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстан еңбек нарығының тиімділігі факторы бойынша әлемдік көшбасшылар отыздығына енді, деді Үкімет отырысында Еңбек және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, деп хабарлады primeminister.kz.

Еңбек кодексінің құқықтық қолданылу тәжірибесі мәселелері мен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары қаралды.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2016 жылдан бастап Қазақстанда минималды еңбек стандарттарын, жұмысшыларға кепілдіктер мен өтемақыларды бекітетін жаңа Еңбек кодексі қолданыста екенін айтты.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік бойынша жаһандық индексінде 20 орынды иеленген және «еңбек нарығының тиімділігі» факторы бойынша көшбасшы елдердің отыздығына кіреді», – деді Т.Дүйсенова.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қазақстандықтардың денсаулығын жаңсарту мақсатымен алдағы үш жылда қысқартылған жұмыс уақытын, ақысы төленетін қосымша жыл сайынғы еңбек демалысын беру және сүт жеткізу немесе сүтпен бағалас өзге емдік-профилактикалық тамақтандыру өнімдерін жеткізу бойынша салалық нормативтер қайта қаралатын болады. Бұдан өзге, министрлік әйелдердің еңбегін реттеуді жақсарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлайды.

Кәсіподақтармен өзара іс-қимыл мәселелерін қозғай отырып, министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп кәсіподақтардың қызметін жетілдіру мен еңбек дауларын шешу мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасын әзірлегенін атап өтті. Өз кезегінде, ҚР Жоғарғы соты еңбек дауларын шешу кезінде соттардың заңнаманы қолдану мәселелері бойынша жаңа нормативтік қаулы әзірлеген.

Қазақстанда шағын және орта бизнесмендер көбейіп келеді

2017 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, Қазақстанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,1 млн-ға жетті. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 4,7 пайызға артық. 

Статистика комитетінің мәліметінше, шағын және орта бизнестің 66,5 пайызын жеке кәсіпкерлер құраса, 17,2 пайызы шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары, 16,1 пайызы шаруа қожалықтары мен фермерлер, 0,2 пайызы орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары.

Шағын және орта бизнес субъектілері ең көп тіркелген өңір ОҚО (179,4 мың), одан кейін Алматы қаласы (173,9 мың), Алматы облысы (112,3 мың), Астана қаласы (99,6 мың), ШҚО (87 мың).

Ал ең аз өңірлер Қызылорда облысы (35,8 мың) және СҚО (28,2 мың).

naryk.kz

0 пікір
Мұрағат